ЖЕТІСУ АҚЫНДЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ДАМУ, ӨРКЕНДЕУ  СИПАТЫ туралы қазақша реферат

Қазақ халқының ақындық өнерінің қалыптасу тарихында Жамбыл Жабаевтың алатын орны айырықша зор. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы немесе Жамбылдың асқан ақындық өнері, оның тамыр тартқан тереңі мен даму, жалғасу жолдары – қазіргі әдебиеттану ғылымының үлкен де күрделі, маңызды да мәнді мәселелерінің бірі [6,5 б.].

Жамбыл Жабайұлы 1846 жылы ақпан айының соңғы күндерінде дүниеге келген. Туған жері – Жамбыл тауының бөктері. Шу өзенінің құяр сағасына жалғаса тізбектелген Жамбыл, Хан, Байғара, Шағырлы тау сілемдері бүгінде Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарына қарайды.

Жамбыл дүниеге келгенде Жетісу Қоқан хандығының қол астында еді. Қоқан ханы Құдиярдың Жетісу еліне салған лаңы аз емес-ті. Оның датқалары елді жаялыққа айналдырып, аузына қақпақ, басына тоқпақ болған. Опасыз шапқыншылықтан әбден ерқашты болып титықтаған қалың жұрт сынаптай сырғып, жөңкіліп көше берген. Ығысып, үдере көшкен сондай бір боранды қыста Ұлдан ана көш жөнекей түйе үстінде толғатып, болашақ ақын ықтырма күркеде дүниеге келеді [6,9 б.].

Жамбыл бала күнінен бетті болып еркін өседі. 8 – 9 жасқа келген соң-ақ қойшылармен, жылқышылармен бірге жүріп, солардан неше алуан аңыз әңгіме, өлең-жыр естиді. Өзі де жыр айта бастайды. Асау тай үйретіп, бас білдіруді де өзінің ең сүйікті, қызықты әдетіне айналдырады. Сөйтіп, жарқын жүзді, көпшіл өр мінезді қайсар Жамбыл ел ішіне тез танылады. Оның көргенділігі де елге қатты ұнайды.

Жамбылдың ата-тегі кедей, момын шаруа болған. Әкесі Жабай орта бойлы, жұмыр денелі, ат үстінде әбжіл, найзагер кісі екен. Досына мейірбан, дұшпанына қатал болса керек. Оның ел, жер, барымта дауларына араласып, бітімгершілік айтқан кезі де болыпты. Осындай ерекше мінезін, жауынгерлігі мен бітімгерлігін ұнатқан Әшекей оны қасына алып, өзінің малшы жігіттеріне басшы етіп ұстайды.

Жабайдың жұбайы Ұлдан Орымбетқызы Жаныс елінен. Олардың ата-бабалары ертеде Қаскелең, Шу, Талас және Ұзынағаш бойында көшіп-қонып жүрген. Әшекей – сол Жаныс елінің ауқатты, белді адамы.

Ұлдан көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын, турашыл тік мінезді, әрі абысын-ажын арасында бетті, беделді ана болыпты. От көзді, тәмпіш мұрынды, бүйрек бет, нұрлы жүзді, қызыл шырайлы кісі екен. Жамбыл сол анасынан айнымаған деседі. Ұлдан той-жиындарда қиыстырып өлең айта беретін, әсем дауысты әнші екен. Бірақ онысын өнер тұтпаған [6,12 б.].

Ел өміріндегі саяси-экономикалық өзгерістер Жамбылдың сана-сезіміне әсер етпей қоймаған. Ол бала кезінен-ақ еңбекші бұқараны қолдап өседі. Жастайынан еңбекші таптың жырын жырлайтын демократиялық, прогрестік бағыттағы ақын болып қалыптасады. Жамбыл өзінің ақындығының 75 жылдығы тұсында айтқан «Менің бақытым» атты өмірбаяндық әңгімесінде: «Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім», – деген. Ақын табиғатындағы бұл қайсар да асыл мінездің түп негізінде ол туған, өскен ортаның ілгерідегідей қайшылықты шындықтары да бар еді. Ақын дүниеге келген кезеңдегі тарихи шындық-ахуалды, ел ішінің тартыс-таласын егжей-тегжейлі әңгімелеп жатқандағы мақсатымыздың өзі де Жамбыл жырларындағы әлеуметтік сарынның бастау көзін ашу, талантын ұштай түскен қоғамдық құбылыстардың табиғатын тану.

Жамбылдың өнер жолында кедергі-тосқауыл аз болмаған. Соның бірі – әкеден. Өлеңмен шағым айтқан жас Жамбыл әкесі Жапа:

«Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Ақынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын, жын жиып, бақсы болып ел кезгенше мал бақ!» – деп қатал үкім айтады. Әкеден осылай көңілі қалып, тауы шағылғанмен, жас талант өзінің тұла бойын кернеген өлең жолынан қайтпаған. Қаршадай баланы

 

Өлең кірген түсіне

         Жөргегінде мен болам, –

 

деуі де содан.

Жамбылдың әкесі Жабай (Жапа) өзгенің өзіне жасаған зорлығына қарымта ретінде жалғыз жүріп жортормандық жасайтын болса керек. Әкесінің сондай қылықтарын байқап қалған Жамбыл оған наразылық білдіреді. Әкесі ісін қаламайтынын, қолдамайтынын айта келіп, кісіні қапа қылатын қылықтан өзі аулақ болатынын, өлең мен жырды өміріне мұрат ететінін білдіреді.

 

Батаңды маған бер әке,

Тіліме менің ер, әке…–

 

деп отырғанда, ақын бала әкесінің қолдауын, ақ жол тілеп бата беруін сұраумен  бірге, жазықсыз біреуге зорлық жасап, малын олжалаумен түбі қорлық екендігін ескертеді, әкесінің осы айтқан сөге тоқтауын талап етеді. Сонда Жамбылдың жасы 14 – 15 шамасында. Е.Исмайылов бұл өлеңді ақын он үш-он төрт жас шамасында десе, Ғали Орманов Жамбыл бұл тұста он тоғыз шамасында еді дейді. Мұның шындығын дәлелдеу үшін біз ақынның өз шығармаларына жүгінеміз [6,18 б.].

Жамбыл ұстазы Сүйінбайдан бата алғанда, он бес жаста. Сүйінбайды пір тұтып, Жаныс ақынды жеңетінде ол жиырма жаста, «Сарыбайға» өлеңін айтқанда – он тоғызда.

Жамбыл Сарыбайды өмір бойы қадірлеп өткен. Албырттықпен қыз алып қашса да, молданың оқуынан безсе де үнемі би ағасына келіп жүгінетіні сондықтан. Оны біз ақынның мына өлеңінен білеміз:

 

Сар-еке, салдым бір сөз сыныңызға,

Сіздің сын таразы ғой сырымызға.

Қолыма домбыра алып талап қылдым,

Бересіз қандай бата ұлыңызға?

Жаманның көңілі көкте, жерде басы,

Алыс қой аңғарғанға екі арасы.

Жақсының өзі кішік, бойы биік,

Бірдей ме екеуінің мәртәбасы? [7,8 б.]

Жамбыл ақындық айтысқа 17 – 18 жасында араласып, көптеген өлең-жырларын, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. Оның алғашқы ақындық жолы теп-тегіс тақтайдай болмаған. Талай қиындықтарға, жоқшылық-тапшылықа, кедергіге ұшырап күншілдіктің мергеніне кезігеді.

 

Жиырмаға жасым келгенде,

Ор текедей желгенде,

Алдымнан шыққан кес-кестеп,

Жолықтым талай мергенге [7,30 б.].

 

Бұған Жамбыл жасымайды, қайта өршелене күресе түседі, ақындық өнері бұрынғыдан да тасқындай береді:

 

Асылдан соққан ақ семсер,

Келемін мен де қайыспай!

Тот баспадым, сынбадым,

Өзімді-өзім шыңдадым.

Қырғыз-қазақ жиылса

Топты жарып жырладым [7,31 б.].

 

Бұл – ақынның өмір өткелдері жайындағы алғашқы туындыларының бірі. Өз ғұмырнамасын Жамбыл 1938 жылы да жырлаған. Ол, әрине бұдан толығырақ.

Жамбыл өз төңірегіндегі ақындарды он алты жасында-ақ тегіс танып болады, олармен жиын-тойларда бірге болып, көптеген өлең-жыр, күй үйренеді, өзі де өнерін көрсетеді. Өзі қатарлы ақындармен айтысып та жүреді. Ақынның жас кезіндегі өлеңдерінің де, айтыстарының да көпшілігі, өкінішке орай, бізге жетпеді. Ел арасында сақталған, ақынның өзі де есінде ұстаған осындай айтыстарының бірі – Жамбыл мен Сайқал қыздың айтысы [6,23 б.].

Жиырма жасқа келген шағында Жамбыл Жаныс ақынмен кездесіп жеңіп шығады.

Жиырма жастан асқан соң, Жамбыл ауыл айналасынан ұзап шығып, ақындық өнерінің көкжиегін кеңейте береді. Жыр айтып, саятшылық та құрады. Ақынның «Жылқышы», «Пұшықтың ұрығы айтқаны» секілді өлеңдерді осы кезде айтылады. Айкүміспен, Бөлектің қызымен айтыстары да осы тұста өтеді. Жамбыл бұл кезде жиырманың төртеу-бесеуінде еді.

Жамбылдың жастық дәуренінің бір сырлы оқиғасы оның Сара қызбен танысып, ән-жырымен табысуы еді. Ақын Сарамен 1875 жылдың күзіне қарай Қарқара жайлауында кездеседі. Айлы түнде алтыбақан басында Сара қыз салт жолымен ауылдың алты ауызын айтады. Айлы түнде ай нұрына малынып тұрып Жетісудың байырғы әуенімен сызылтып, тамылжытып ән салған Сара Жамбылдың жас жүрегіне шоқ салып, неше алуан күйге түсіреді. Ән салған кезде шырайлы қыздың әдемі өңі де балбырап, оттай көзі де керемет бір нұрға малынып, танадай көздері жанып, өзіне еріксіз тартқандай болады. Ынтыққан Жамбыл көкірегінде жалын боп шарпыған арман барын, сол арманның асыл еркесін осы жайлаудан, осы жайлауда ай нұрына нұр қосып, айналасын да нұрға бөлеп, сырмен тербеген сұлу әннен тапқанын жырға қосады. Сара да алтыбақанда тербетіліп, адамның буынын алып, жүрегін жандыратын неше түрлі ән айтады. Жамбылдың тілегіне тұспалдап жауап қайтарады. Бұдан кейін де Жамбыл мен Сара осындай сауық кештерде, жиын-тойларда бірнеше рет кездеседі. Сараның халық әнінің әуенімен «Угай-угай, ай-угай!» деп салатын әні Жәкеңнің жүрегінің өз жырына, өмірлік сырына айналып кетсе керек [6,26 б.].

1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске Жамбыл Жабаевтың белсене араласқаны тарихтан белгілі. Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмады. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің отты үндеу жырларын толғады.

Қарғалы шұға фабрикасының жұмысшылары мен Үшқоңыр жайлауындағы шаруалар бірлесіп, патшаның жарлығына қарсы көтерілгенін де көзімен көреді. Мұнда, әсіресе, Самсы, Шиен, Ұзынағашта болған қантөгісте көтерілісшілердің жеңіліс тауып, тау-тауды паналауы, олардың басшылары Бекболат, Сатай, Байбосын сияқты ер-азаматтардың жау қолынан опат болуы қарт ақынды қатты, шерлі толғанысқа түсіреді.

 

Аттандық ұлығының қонысына,

Елді сорған борсықтай болысыңа.

Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,

Көксеген азаттықтың соғысында, –

 

деп өзі де ереуілші қалың көптің ортасында болады.

Бүкіл Жетісу халқын дүрліктірген сол көтеріліске Жамбылдың белсене қатысқан үгітшілік күрескерлігін сезген жандарал, пристав, болыстар ақынның соңына тыңшы қойып ұстатпақ болады. Бірақ халық өзінің сүйікті жыршысын ұстап бермеген, үнемі жасырып, оны қорғаштап отырған [6,41 б.].

Елімізде Октябрь революциясы жеңіп, Совет өкіметі орнағанда Жамбыл Жабаевтың жасы 72-ге таянып қалған-ды. Ескі заман тақсіретін көп тартқан, бай-феодалдардың зорлық-зомбылығы арқасына батқан, жоқшылық зардабын басынан өткерген кәрі тарлан шөгудің аз-ақ алдында еді [6,42 б.].

1918 жылдың көктемінде Үшқоңыр жайлауында кедей шаруалардың жиыны өтеді. Бұл жиын – мерекені Жетісу өлкелік Советінің атқару комитеті басқарады. Онда жаңа міндеттер айтылады. Осы наурыз мерекесін өлеңмен Жамбыл ашады.

1919 жылы мамыр-маусым айларында Жетісу халық слетін өткізу туралы облыстық атқару комитетінің ұлттық істер жөніндегі бөлімінің шешімі қабылданады. Шешімде екі түрлі жайға ерекше назар аударылады: 1) Халық ақындарының суырып салма шығармашылық өнері арқылы өкіметтің мұраттарын, әлеуметтік өмір шындықтарын насихаттау; 2) Халық ақындарының айтуынан халық әдебиетінің асыл үлгілерін мүмкіндігінше толық жазып алу.

Жетісу ақындарының слеті Алматы қаласында өтеді. Слетке 19 ақын қатысады. Солардың ішіндегі бас ақыны Жамбыл Жабаев еді. Халық ақындарының айтуынан халық әдебиетінің неше бір асыл үлгілері жазылып алынды. Олардың ішінде өлең сөз үлгісінде де, қара сөз үлгісінде де толып жатқан тамаша туындылар бар еді. Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы көтеріліс туралы да қыруар материал жиналады. Олар қазір Қазақ ССР-інің Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр [6,44 б.].

Отызыншы жылдары Жамбыл Жабаевтың ақындық даңқы бұрынғыдан да шарықтап, кемелдене түсті. Әсіресе, 1936 жылғы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвадағы алғашқы онкүндігі және Грузия сапары кезіндегі ақындық, импровизаторлық таланты бүкіл әлемді таңырқатты. Бұл құбылыс қазақ әдебиетінің, оның ішінде халық поэзиясының даңқын аспанға шығарды.

Ақынның осы тұстағы Отан, халықтар достығы, патриотизм туралы өлең, толғаулары дәуіріміздің сол кездегі шындығын бейнелеген еді.

Жамбыл шығармашылығының сол жылдарғы бүкіл халықтық сипат алып кетуінің тағы бір кілті ол айтқан өлең-жырлардың замана, халық талабына сай үндесуі олардың тыныс тамырын дәл басып, көкейіндегісін таба сөйлеуі еді.

Екіншіден, мақсат-мұратты көркем  де айшықты поэзия тілімен шебер бейнелей білуінде, халқымыздың шешендік, импровизаторлық өнер құдіретін шырқау биікке жырлауында. Қазақ халық поэзиясының шежіресінде бұрынды-соңды мұндай зор көрініс болған емес-ті.

Республика өкімет басшылары мен сол жылдарғы жазушылардың алдыңғы қатардағы өкілдері отызыншы жылдары Қазақстанның әр түкпірінен халық таланттарын іздестіріп, олардың шығармаларын жазып алып, жариялауға кірісті.

Жамбылдың бүкіл әдебиетімізге қозғау салып, халық жырының бөгенін ағытып жібергендей әсер етуі арқасында қаншама тума таланттың томағасы сыпырылып, бағы жанды десеңізші сол жылдарда!

Ақынның шығармашылығы енді әдебиет зерттеушілерінің де назарына ілініп, фольклордың қайта туғанының айқын айғағына айналды. 30-жылдардың бас кезінде С.Сейфуллин Жамбылмен кездесіп, бір топ өлең-толғау, айтыстарын жазып алып, 1932 жылғы құрастырған оқулығына Жамбылдың Құлмамбетпен айтысын, «Жабай батыр» дастанынан үзінді енгізеді.

Жамбыл 1934 жылғы жазында өткен республикалық көркемөнерпаздар слетіне қатысты. Ол алғаш рет байтақ республиканың түкпір-түкпірінен келген ақын-жыраулармен жүзбе-жүз танысты [6,49 б.].

1936 жылы 28-ші сәуірде халық өнерпаздарының республикалық екінші слеті ашылды. Бұл жиынынның басты мақсаты Москва онкүндігіне баратын өнерпаз талант иелерін анықтап, іріктеу еді. Осы слетте Жамбыл бұрынғыдан да жарқылдап көзге түсті. Ол көпшілік алдында өзінің әйгілі «Туған елім» атты толғауын жырлап шықты. «Тоқсанға келген жасым бар. Көпті көрген басым бар» деп басталатын осы толғау баспасөз беттерінде жарияланып, оның Москваға баруына жол ашты.

Сол жылдың май айында ол Москвада өтетін онкүндікке Қазақстан ақын-жазушылары, өнер қайраткерлерімен бірге аттанады. Көңілі тасып, ақын жасарғандай болады [6,50 б.].

Ол Москваны аралап, тамашалады. Әдебиет, өнер қайраткерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Үкімет басшыларының қабылдауында, Ленин мавзолейінде болды. Сол күні ол «Ленин мавзолейінде» деген ұзақ жырын толғап шықты.

 

Күнсіздерге күн болған,

Жер жүзіне нұр болған.

Ақылдың кені данышпан,

Езілгенге қол берген,

Заманның ері арыстан,

Адасқан халық зарыққан,

Азаттық алып бақытқа,

Төбең биік ғарыштан,

Қартайғанда бір көрініп

Зират етіп қайтуға

Жамбыл келді алыстан…

 

Онкүндіктен Жамбыл көңілді оралды. Үлкен сый-құрметке бөленді. Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Осы құрмет оның көңілін шаттандырып, ақындық шабытына шабыт қосты. Астанада болған күндері ол «Халықтың жарық сәулесі», «Калинин ақсақалға», «Дастарқан жыры», «Орден алғанда», «Москва туралы жыр», тағы мондай көптеген өлең, толғауларын шығарды. Лениннің үлкен тұлғасын, халықтар жостығын жырлады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда, ақын Алматыда ауруханада жатқан еді. Соғыстың басталуы туралы хабарды естіген соң, төсек тартып жатқан ақын орнынан тұрып, ауылына қайтады. Майданға құлағын тігіп, жауынгерлерге, қалын елге жырымен дем береді. Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау тақырыбына арнап шығарған жырларының жалпы көлемі 3000 жолдан асады.

Жамбылдың жүз жыл бойы адамдықтан, адалдықтан таймай соққан абзал жүрегінен туған өлең-жыр майдандағы совет жауынгерлерін жеңіске, ерлікке жігерлендірді. Қарт ақынның әкелік, аталық махаббатына толы жырларын әр жауынгер өз ата-анасының сөзіндей, Отан үніндей қабылдады. Майдангер ақын-жазушылар Жамбыл жырларының мұндай құдірет-күшін тебірене отырып еске алады. Мысалы, жауынгер жазушы В.Вишневский «Правда» газетінің 1944  жылғы 4 желтоқсанындағы номерінде совет жауынгерлері Жамбыл жырын тұтастай қазақ халқының үніндей қабыл алғанын: «Қазақ халқы бізге туысқандық сәлемін, махаббаты мен достығын білдірді, біз күшімізге күш қосып, буырқанып жаумен шайқасқа шықтық», деп жазады [6,54 б.].

Айтылған жайлар Жамбылдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмірі мен қызметінің мазмұнды мағыналы қырларын терең танып білуге  септігін тигізеді.

Жау оғы Жамбылдың жырын жыға алмады, бірақ Жамбылдың кіндігінен шыққан сүйікті ұлы Алғадайды жарық дүниеден алып кетті. Жүз жыл бойы уақыттың, заманның неше алуан ауыртпалықтарына төзген ақын жүрек өзінің қаны мен отынан жаралған Алғадайының қазасынан қатты торығады. Бұл жайында С.Бегалин, Ә.Тәжібаев, М.Ритман-Фетисов үшеуі бірлесіп жазған өмірбаяндық очеркте «Жүз жасаған Жамбыл бір түннің ішінде тағы да бір жүз жылды басынан өткізгендей болған» деп дәл айтылған. Кенен Әзірбаев та Алғадайдың қазасына Жамбылдың қатты қайғырғанын, тіпті жарық дүниеден безгендей болғанын айтып отырушы еді.

Алғадайдың қазасы ақынды қатты қажытты. Бірақ ол сүйікті ұлы жанын қиған ұлы мұратты, жауды жеңуді ойынан еш шығармады. Алғадайдың қалған тұяқ Қуанышын алдына алып еміреніп, еркелетіп жыр толғағанда да жеңіс туралы ойы мен тілегінен бір көз жазған емес. Ұлы ақын ол тілегіне жетті. Жеңіс туралы хабарды алғаш айтып келген келініне ақын: «Бәсе, солай болмақ еді. Арманым жоқ енді өлсем де. Әлгі Сәтіш, Тезекбай қайда, жиындарына алып жүрсін!» – деп балаларының жеңіс тойына өзін де алып баруын қалайды. Жәкең жеңіс тойына қатысады. Жамбыл Жеңіс тойында ауылдастарына арнап құттықтау айтты. Бұл ұлы ақынның ең соңғы жыры еді. 1945 жылы маусымның 22 жұлдызында таңертең жаңа шыққан күннің алтын шапағын ақырғы рет сезінді де, ақын жүрек тоқтады… [6,55 б.].

 Өнер біткеннің қайнар көзі – халық шығармашылығында жататыны мәлім. Әрбір өнер иелерін тәрбиелеп қанаттандыратын да, оның талантына шабыт құйып, жан бітіретін де сол халықтық қазына қайнары. Әр талапкер өзінің туған топырағындағы дәстүрлі өнерді игеріп, оны ілгері дамыта отырып, өркен жаяды. Шығармаларын өзі өскен орта, басынан кешкен өмір фактілері, тағдыры тап қылған қоғам-заман шындықтары негізінде жазады. Жеке бастың күйініш-сүйеніші мен тәлімдік өрнектерін кестелеуден бастап, қоғамдық-әлеуметтік көркем түйіндеулерге көтеріледі. Осындай шығармашылық өсу-жетілу заңдылықтарын басынан кешкен өнер иесі – Сара ақын [8,717 б.].

Халқымыздың ғасыр бойы аузынан тастамай, атының өзін бойтұмардай қастерлеп келген өлең өнерінің ділмәрі – Сара Тастанбек қызы 1853 жылы, қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Матай-Қаптағай елінде туып өскен. Әкесі Тастанбек ерте өліп, оның інісі Жайсаңбектің қамқорлығында қалады, Сара жетімдік зардабын шегіп, жоқ-жітік көріп, тұрмыс тауқыметін тартып өскен. Шешесі Уазипа, інісі Сахари сол ауыртпалықтың салмағына шыдамай ерте тізе бүгіп, қаза тапқан. Ал, Жайсаңбек болса, бойына біткен қайратын жұмсап, өнімді еңбек ете алмай, бұзықтар құрған тұзаққа өзін де, жас өспірім Сараны да іліндіріп алып, азап шеккен. Кейінде жарияланған Өтепберген Ақыпбекұлының мәліметі Қалилахановты толықтырып, нақтылай түскен. Ол Сараның 1853 жылы туып, 1907 жылы өлгенін, 1871 жылы Біржанмен айтысқанын, Қарашоқыдағы зиратқа жерленгеннің (Қапал ауданы), Біржанның көмегімен азат болып, Бекболға қосылып, бес бала сүйіп өмір кешкенін, әкесі Тастанбек пен шешесі Уәзипаның шағын шаруасының болғанын анықтады [8,719 б.].

Сара заманына салқын жүзбен қарап, бойына қуат жиып, қайсарлық көрсете өсті. Кезі келіп, күні туар жарқын күнін армандаудан танған жоқ. Жас жүрегі кеудесіне сыймай тынымсыз соғып, көңіл қошын таба алмай алас ұрды. Ойына оралған армандарын сауық кештерде, бас қосқан жиындарда өлеңмен толғады, зар-шерін, тыңдаған жанның сай-сүйегін сырқыратып, көпшілік назарын аудара берді.

 

Аңырап ақ домбыра боз інгендей,

Наз мұңым қос ішектен шығады еңірей.

Той-жиын, шілдехана қайда болса.

Сайрайтын болдым енді жағым сенбей.

 

Жан сезімі ояу тыңдаушыны селт еткізбей қоймайтын жүректен шырқап шыққан мұндының ащы зары өзіне еріксіз елітіп, зарықтырады. Қайғысыз пенде кездің мұндастары бірге қайғырып, әнін қостап, ауыр күрсінеді. Ауылдас ағайын, жекжат жеңгелері Сараны өз қамқорлықтарына алып, бойын түзеп, киімін бүтіндеп, өнерін бағалап, жұбатуға тырысады.

Көтерген көп көмегі бір баланы,

Көрікті киімдерге жырғаланды…

Көркейіп сырт пішінім өзгергенмен,

Ызғарлы із жүректегі мызғымады.

 

Балғын көңілді шарқ ұрғызатын шынайы сезімдердің әсері Сараның өнерге деген құштарлығын арттырады. Көңілі көтеріліп, көкірегіне өлең, ән ұялайды. Талапты жастың сәті түседі. Өнерге әуестік оны танымал саңылақтарға тап қылады. Сара – елінің атақты қобызшысы Молықбай ақынмен кезігеді. Қазақтың басқа да ақпа ақындары сияқты Сара да халық өнерпаздары алдын көріп, өнерін үйреніп, мектебінен өтеді. Зейінді жас аға ақылын мүлт жібермейді, өнеріне бас иіп, өзінше өрнек төгеді. Жастығына қарамастан, санасы да, қабілеті де тез қалыптасып, алқалы топ алдында ақындық сыннан өтіп, көркем сөз сиқырына жетіліп алады. Домбыраға да Сара он жасынан-ақ әуес болып, жыл өткен сайын ән мен музыканы ақындық талантына дем берер сенімді сүйемелге айналдырады.

Жүрегінің жалыны бар талапты жастың жаны, ерте ме, кеш пе жарқ етіп, ұшқын шашпай қоймайды. Жетімдік, жоқтық азабын тарта жүріп, 15 жаста-ақ ол ел аузына ілініп, ақын Сара атанады. Еліне танымал Ниязбек, Мәулімбай, Қыдыралы, Арслан, т.б. ақындармен кездесіп, айтыс өнеріне де жаттығады. Тасыбек, Ермек, Құдайбергендермен айтысады. Түбек, Бақтыбай сияқты аға ақындардан да хабарлы болады. Ақылы мен өнеріне көркі де сай, сындарлы сұлу Сара болып бой жетеді [8,720 б.].

Сараның осы тұстағы бейнесі оны көзі көрген адамдар естелігінде де, айтыс жолдары, әлқисса-түсініктерінде де айқын. Оларды Тәңірберген Қалилаханов пен Сайлаубай Қайнарбаевтар да өздерінің еңбектерінде келісті келтірген. Сөйтсе де, мына бір жолдардағы Сараның әдемі келбет-кескінін келтіре кетелік:

 

Майысып нәзік белі бұраң қаққан,

Ақыл кең алпыс түрлі өнер тапқан.

Сөйлесе бұлбұл тілі бал тамызып,

Құлақтың құрышы боп, жүрек қапқан.

Әжімсіз он саусағы – бәрі де аппақ,

Аузы – алтын сағат, ерні – қақпан.

Кірі жоқ отыз тісі меруеттей,

Ерінбей тіздірткендей адамзатқа-ақ.

Тал бойы сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізі шырынындай шәрбат судың.

Көмкере қара көзді біткен кірпік

Төгілген шапағындай жібек тудың.

Қаламқас, биік біткен маңдайы кең,

Құйылған қолаң шашы қос бұрыммен.

Көп адам көрмегенін айтып отыр –

Сындарлы сұлуларды Сараға тең…

 

Келтірілген жолдардағы Сара портреті сомдалып соққан мәрмәр мүсін, бояуы келісті сұлу, сымбатты сурет емес пе? Сараны кейінірек көріп еске алған қайын сіңлісі – Биғайша, қайын ағасы – Мырзағұл, көргеннен – көне көз Дәмелі, Әділбек естеліктері, Қалилаханов тапқан деректердің мәліметтері бір жерден шығады. Бәрінде де Сара сегіз қырлы, бір сырлы, сұлу сымбатты, дана қыз болып көрінеді. Олар әбден бой жеткен мұңды шағында айтысқан Біржанның суреттеуіне де сай келеді. Барлық жерде де Сара ерекше сымбатты сұлу қыз [8,721 б.].

Міне, Сара – өмір бойы мұқтаждық, панасыздық қасіретімен арпалыса жүріп, өнерін, ақылын жетілдіре білген ізденімпаз, ізгі ниетті аяулы жас түлек. Оны халқы аялап өсірді, түлетіп бақты.

 

Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын

Алтынмен жібек бауым көмкерілген, –

 

деп ақынның өзі де бұл шындықты ескерткен-ді. Амал не бой жеткен қазақ қыздарының тағдыры ескі салт торына ілікпей, оларды зар жылатпай өткен емес. Қазақ әдебиеті жасаған сан сұлулар мүсіндерінің мұңды тағдыры – бұл шындықтың қайғылы сырын танытар мәңгі ескерткіш. Қазақтың аяулы сұлуларының қайғылы тағдырларын Сара да өз басынан кешті. Бой жетпей жатып-ақ оған құда түсті. Он үш жасар балғын Сараны тумысынан кеміс, кексе Жиенқұлға қоспақшы болады. Маман ұрпағының дені дұрыс адамы аз болғандай ең бейшара қорына қосақтауды ойлады. Оның үстіне жоғалған өгіз дауының бітімі рәсімді таралғы тартуындай жолсыз жоралғы құдалыққа душар болып, мүлде құнсыз күндік кимешегін қию қаупі төнеді.

Сараның ендігі мақсаты тек тұрмыс кемтарлығын жоюды, халық қатарлы өмір сүруді ойлау емес, ең алдымен басына бостандық алу ниетінде болған еді. Он бес жастан он жеті жасқа дейін ол Жиенқұл қармағынан құтылу әрекетін іздестірді.

Сара өзінің басына түскен ауыртпалықтың үлкен сыры теңсіздікте, қорғансыз жетімдікте екенін айта алды. Егер әкесі тірі болып, ол дәулетті байлардың бірі болса, мұндай қорлыққа душар болуы екіталай екенін:

 

Бүйтер ме ем, болсам егер баласы бай,

Ауқатты, әкем тірі, төрт жағым сай, – [8,724 б.]

 

деп термелейді.

Сара Жиенқұлдан азат болғанмен, махаббат бостандығын алған жоқ, өзі сүйген Үсенбайға қосылған жоқ. Бәрібір сол елдің адамына – Бекбай дегенге некеленеді. Сөйтсе де, Сара мұңы мақұл көрді. Әйтеуір дені сау, қатарлы адамға қосылғанына шүкіршілік қылды. Бекбайды көргендер, оны теріс адам демейді. Сарамен санасқыш, ниеті түзу жар болды. Жастары да тым алшақ емес екен. Сарадан он алты жыл кейін өлген. Екеуінен бес бала (үшеуі қыз) ұрпақ қалған деседі.

Сараның бойына тым жас кезіде жабысқан дерт емін таппай, үлкейген сайын ұлғайып, айықпаған. Көп жылдар бойы көрген қорлық-зорлық салдары оны өршітпесе, бәсеңдете алмаған. Шер мен мұңға толы ойлы-сырлы дана кеудені дерт біртіндеп жайлап, діңкелей берген. Ақыры аяулы ақын Сара 1907 жылы дүние салған.

Ақынның аз ғана өмірі осынша оқиғаларға толы, қилы кезеңдерден өткен. Жас шағының бәрі қасірет пен қайғыда, жоқ-жітік, ауыр тұрмыс азабында өтіп, дүние қызығын, талант рақатын көрмеген. Кеудесін арман мен мұң дерті кеулеп, өмірінің гүлін аштырмай, жұпарын шаштырмай, балауса кезінде солған. Сара да қазақтың құқықсыз сан ару қыздары қатарлы заман азабын кешкен… [8,729 б.]

Сара – дарынды ақын, саналы суреткер, көркем сөздің шебері. Бізге жеткен шығармаларының көлемі шағын. Оның үстіне зерттелу жағы кенже. Сондықтан жинау, іздену жағы кеміс. Сараны көп уақыт бір ғана белгілі айтыс маңында түсініп, кездейсоқ кездесіп, Біржанмен тілдесіп, жеңіліс тапқан бейшара қыздың бірі ме деген ойда жүрдік. Кейбір әдебиетшілер Сараның                ақын болған-болмағаны туралы мәселе көтеріп, аталмыш айтысты тұңғыш хатқа түсірушілердің меншігіне де меңзеп жүрді. Олар Біржан мен Сара ақын кездеспеген де, айтыспаған. Айтысты Әріп ақын өз жанынан шығарса керек. Сара ондай шаршы топқа түскендей ақын болмаған. Тіпті Сара Тастанбектің қызы емес, болса Сұлтанбек дегеннің Сарасы. Ал, ол ақын емес деген сияқты кереғар пікірлер де тарады.

Аталмыш пікірлердің жалғандығын – зерттеу жұмыстары біржола дәлелдеп шықты. Республикамыздың әдебиет қауымы Сара туралы жоғарыда айтылған бірлі-жарым кереғар пікірлерді қолдаған да емес-ті. Сараның атына кір келтірмей, таза ұстап, оның мұраларын қастерлеуге бар мүмкіндік жасалды. Ресми ұйғарым да қабылданды, мысалы, Сараның туған жеріне ескерткіш орнату, оның атын мәңгілік ету, шығармаларын жинай түсу жолындағы ұйғарымдар болғанды. Шығармашылық адамдары, ғалымдар Сараның тарихи рөлін таныту, көркем бейнесін жасау жолында көп еңбектенді. Олар «Біржан мен Сара айтысы» туралы пікірлерді тиянақтап, Сараның әдебиетке қосқан үлестерін анықтады. Естеліктер, мақала, очерктер, зерттеулер жарияланды. Ізденіс үстінде қолға түскен Сара шығармаларын топ-тобымен баспа бетінде жарияланып тұрды. Осы бір ізгі жұмысқа құлшына кіріскеннің бірі – Қалилаханов Тәңірберген. Ол 1950 жылдардың екінші жартысынан бастап, күні бүгінге дейін Сара шығармашылығын зерттеп, нәтижелі еңбек етіп жүр. Нәтижесінде ақын шығармаларының тұңғыш жинағын құрап, 1980 жылы «Жазушы» баспасынан бөлек кітап етіп шығарды. «Тордағы тоты» деп аталған Сара шығармаларының бұл жинағы ақын шығармашылығының жете тану үшін маңызы зор еңбек.

Сараның ақындық өнерінің шыңы – Біржанмен айтысы. Бұл – ақындар айтысы өнерінің үздік үлгісі дерлік тұтас туындысы. Өзінің әлеуметтік мәнімен де, көркемдік суреттілігімен де, поэтикалық тапқыр тілімен де, шынайы шығарма [8,735 б.].

Сара да қазақтың басқа ақындары сияқты жанрында шындалған саңлақ. Оның 1980 жылы шыққан «Тордағы тоты» жинағында тағы төрт тілқағыс-айтыстары басылған-ды. Бұлар – Сара Біржанмен айтыспас бұрын болған, оның шындалу жолын танытарлық туындылар. Ермек, Тәсібек, Құдайберген, Төребай сияқты қатардағы ел ақындарымен кездескен тұста, шекісіп, дидарласып, той бастау жоларғылары үшін қағысқан шағын диалогтары. Сараның әрбір сөздері меруерттей тізіліп, ақындықтың ең жақсы үлгілерімен суарылған. Халықтық поэтикалық тілдің шұрайлыларын қолданады [8,736 б.]. Мысал үшін Біржанға өзін таныстыру үстінде қолданған теңеу, эпитет, метафораларын меңзесе де жеткілікті.

 

Қамысты терең көлдің сұқсұрымын,

Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға…

Елу күн ғайып білген тоты құспын…

Жалын ем жанып тұрған нөсерге өшпес,

Болат ем екі жүзді алмас кеспес… [9,171 б.]

 

Ақын өзіне берген мінездемесі, кескін-келбет, түр-тұрпаты бейнелеуі ең жақсы суретші салған әсем портреттерден кем түспейді. Дана да әдемі қыздың бейнесі сомдап соғылады.

 

Майысып нәзік белім бұраң қаққан,

Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.

Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,

Сықылды гауһар сағат нақыс шапқан.

Әжімсіз он саусағым бәрі де аппақ,

Болғанда аузым – сағат, ернім – қақпақ.

Міні жоқ отыз тісім меруерттен

Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ…[9,175 б.]

Келтірілген жолдардағы ақындық айқындауыш сөздер қандай? Сара қолданған тұста еш ақын өлеңінде кезікпейтін жаңа өрнек. Аузын сағатқа, ернін сол сағаттың қақпағына балайды. Халықтық тілдердің де ең шұрайлылары таңдалынған.

Немесе:

 

Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең…

Тамағым жас баланың білегіндей,

Иығым тік сандалдың тірегіндей.

Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,

Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей…

Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын –

Даусыма аспандағы құс айналар,

Құбылып тоты құстай төңкерілген…

Даусым алтын таудай таң керінген…

Шәрбаттай ағып жатқан сөзім тұнық…[9,175-181 бб.]

 

Маңдайын қызыл жібекке, тамағын жас баланың білегіне, иығын тік сандалдың тірегіне, бет алдын қоңыр қаздың кеудесіне, тал бойын жолбарыстың жүрегіне, дауысын паң керілген алтын тауға теңеулері – тек қана Сараға тән образдар. Сараның осы өлеңін оқыған адамның көз алдына оның керемет сұлу келбеті күн сәулесіндей жарқ етері сөзсіз. Кез-келген суретші ақынның портретін осы жолдары оқып алып-ақ айнытпай жасауы ғажап емес.

Сөйтіп, Сара Тастанбекқызы – XIX ғасыр қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан көркем сөздің белгілі шешені. Халық поэзиясы үлгісінде өмір бойы жыр төккен ақпа ақын. Қазақ поэзиясының суретшілік сапасын көтеріп, көркемдігін зорайтқан, өзіндік өнерпаз. Еш шалдырмас топтан озған жүйрік. Асыл сөздің сарқылмас кені. Поэзиямыздың қыздан шыққан кемеңгері [8,717-737 бб.].

 «Екейде елу бақсы, сексен ақын» дегендей, Жетісуда Сүйінбайдан, Жамбылдан келе жатқан ақындық дәстүр дүниеге көптеген таланттар берді. Олардың бәрі бірдей тек сөз қуып қана кеткен жоқ, ішінде жыршылары, әншілері болды. Ақындық, айтыс дәстүрі әлі күнге дейін бұл өреде сол қалпымен келеді. Тіпті жаттап алған өлеңдері болса да еркек демей, әйел демей, той-топырда айтысып жүре береді. Ол дәстүр тек егде тартқан адамдарда емес, жастарға да ауысқан. Сондықтан да, Жетісу өресінде сөз қуу, айтысу дегендер кең жайылған дәстүр [10,288 бб.].

Міне осы топтың ішінен ала-бөле көзге түсетіні – Кенен. Ол бір жағынан суырыпсалма ақын да, екіншіден жақсы әнші, ал үшінші жағынан өзі көптеген ән шығарған халық композиторы. Кененнің өмірінде кейінгі жас ұрпаққа үлгі боларлықтай кезеңдер көп. Ол шығармашылығында адам бақыты үшін күрестің жырын жырлады, бері келе, кеңес таңы атқанда жеңістің, туысқандықтың, шын мәнісіндегі бақыттың жырын жырлады.

Кенен Жамбыл облысы, Қордай ауданы, осы күнгі Кенен атындағы колхоз тұрған жерде 1884 жылы туды. (Бұдан ширек ғасыр бұрынғы деректе туған жылы 1888 болатын да, жерінің аттары Қоңыр адыр, Мәтібұлақ еді). Жыл жағынан болмаса, жер шамасының бәрі біріне-бірі жақын сияқты. Әкесі Әзірбай айтарлықтай өнері болмаса да о да ауыл арасында ән салып, домбыра тартып жүген. Бірақ аты шығып не ақын, не әнші болып жайылған емес. Ал, шешесі Ұлдар үлкен әнші, ақын адам болады. Ұлдардың ол өреде атағы кең жайылады. Кішкене күнінде Кенен шешесінің өлеңін, әнін есітеді. Бірақ мейірбанды ана, өліп-талып көрген (Ұлдар ұл көрмей көп зарығып жүреді) Кененді баулып, тәрбиелеп, мәпелеп өсіруге тағдыр құрығы оған ерте түсіп, Кененнің жасы жетіге келе бергенде Ұлдар қайтыс болады.

Ұлдардың өлімі Кененге де, ол кезде жетпісті алқындырып қалған Әзірбайға оңай тимейді. Үй ішінде үлкен қайғы-қасірет жас бала мен кәрі әкенің басына төнеді. Оның үстіне Әзірбайдың мал дегенде екі-үш ешкіден басқа малы болмайды. Кенен қабырғасы қатпай жатып байдың қойын бағады. Аз ғана да болса аужал болсын дейді. Күндіз қой бағып, кешкілік ауыл шетінде кішкене итарқаның астында әкелі-балалы екеуі жоқшылықтың мұң-зарын тартып, айран-шалабын ішіп отыра береді. Айлар, жылдар тізбектеліп, көңілсіз өте береді. Күндіз далада жүріп шаршап-талған Кенен, көбіне ауыл жастарының түнгі ойындарына да қатыса алмай, ұйықтап қалады. Кейде оның күнұзаққа күнге күйіп талып келгеніне қарамай бай оны түні бойы қой күзеттіріп қояды. Бірақ жас, қажырлы дене оның бәріне де төтеп беріп, тіпті оннан асқасын сол бір ауыр бейнеттің ортасында жүріп, Кенен соның арасында домбыра тартуға, ән салуға да уақыт табады. Баяғы бала кезінде шешесі Ұлдардан алып қалған аздаған ән жобалары, жыр нұсқалары енді жас талапкердің көңілінде қайта қозғалып, біртіндеп оларды еске түсіреді. Кешкітұрым ауыл жастары қыр басына шығып, Ақсүйек ойнап, Алтыбақан тепкенде, Кененнің әндеткен әсем дауысы көп жастардың буынын босатады. Байдың топас, ерке-шөлжіңдері болмаса, ауылдың құбатөбел дәулеті бар адамдарының балалары Кененнің осындай ауыр жайда жүргенін сезеді, аяйды, бірақ оған қол ұшын беретін жағдай өздерінде де бола қоймады [10,289 б.].

Жоғарыда айтылғандай, Жетісу дәстүріндегі ақындықтың жайылуы Кененге жақсы әсер етеді. Бай аулына келген, қона-түстене жатып жыр жырлаған, өлең айтқан әнші, ақындар Кененнің санасында үлкен із қалдырады. Қабілетті бала есік алдында, кейде үй сыртында жүріп-ақ олардың маржандай сөздері мен аңыраған әндерін көкірегіне түйіп алады. Көбіне Кененнің оларды тыңдайтын жәйі да болмайды. Өйткені, Кенен күндіз далада қойда болады. Тек қона жатқан, түні бойы өлең айтқан, айтысқан ақын, әншілерді тыңдауға ғана мүмкіншілігі болады. Оның өзінде де түнгі ұйқыны соларға беріп, ертеңінде күнұзаққа қалғып-шұлғып жүреді. Әрине, ұйықтап қалса, қойына қасқыр шапса, Кененнің басына байдың әңгір таяғы ойнайды.

Кенен осылай жүріп өзінің әндерін көбейтеді. Қойшылармен кездесіп олардан ертегі, нақыл сөздер есітеді, кейде сыбызғының үніне қосылып бала даусымен Қордабайдың даласын жаңғырықтырып ән салады. Кейде белбеуіне қыстырып жүрген домбырасын алып, оған өзінің сазды, қоңыр даусын қосып, ән шығару талабында болады. Ал өлеңді Кенен ерте шығара бастайды. Ол сол бір далада жүген кезінде-ақ жаратылыстың не бір әсем көріністерін өлеңіне қосады. Өзімен қатар жүрген қойшыларға айтып береді. Олар Кененнің мұндай қабілеті барлығын сезіп, осындай таланттың қой соңында, ен далада күні өтіп бара жатқанына қынжылады. Бұлардың да одан басқа қолдарынан келері жоқ, тек мына бір теңсіздік заманға қосылып лығнет айтумен бітеді [10,290 б.].

Кенен болса ол тағдырдың жазғанынан басқа амал жоқ, соған бас иіп жүре беру керек деген ойдан аулақ болады. Ол күші болмаса да, табиғат берген мына бір сыйлықты қалай да даланың шаңына бастырмай, желіне ұшырмай, жаңбырына шайдырмай таза қалпында сақтап, реті келген жер болса іштегі шерді өлеңмен, әнмен сыртқа шығарысы келеді. Өлең-әннің күресте өткір құрал екенін анық біліп болмаса да, оның сезімді жүрегі бір нәрсені аңдайды. Кенен далада жүргенде естіген дыбысы: судың сылдыры, торғайдың шырылы, желдің гуілі тағы сол сияқтылар болады. Ол сол бір даланың дыбыс симфониясын құлағына іле жүре, солардың ішінен де өзіне рухани серік, мұңдасатын дос тауып алады. Ол аспанда шырылдап жүрген бозторғайдың емін-еркін парлап жүргенін көріп, жаратылыстың оған берген сыйына қызығады. Боз торғайдың қайда барам десе де жететінін аспан әлемінде кезіп жүруге мүмкіндігі бар екендігін, басқа күш-қуаты шамалы болғанымен қанаты болғансын күн көруге оның да жәрдемін ойлап, біраз кідіреді. Өзінің қойшылық өмірі, мына бір бай қойына байланып, ешқайда қозғала алмайтын еріксіздігін, аспанға ұшпақ түгіл, жер бетінің өзінде барамын деген жеріне бара алмайтынын ойлап, налиды. Бірақ торғайда бар қанаттың өзінде де барын, оны да жаратылыс сый етіп бергенін есіне алады. Ол қанаты – өлең, ән шығару, өнер қанаты, ол құстанда алыс ұшпай ма, ол Қордай түгіл анау Алатаудан асып та кетпей ме, сөзді, әнді кім тоқтатады, кім оның «етегінен» тарта алады. Міне өнердің осындай қасиетін толы жетіп білмесе де, жас Кенен өзінің қабілет қылын қозғап, дүниеге бірінші рет жаңа ән шығарады. Әнді аспандағы бозторғайға қарап айтады, әннің атын да «Бозторғай» қояды.

 

Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,

Мен жүрмін кешке шейін тамақ ішпей.

Ат қылып ақ таяқты қолға ұстап,

Сандалып қой артында азар кешпей.

Келемін қойды жайып Қоғалыға,

Шығады бүркіт салған обалыға.

Қой соңында жүрсең де кешке дейін,

Қарамайды бай, манаптар обалыңа.

Қойшылар қой жайғанда кеш батпайды,

Отырсаң мал күзетіп таң атпайды.

Қартайып обалыңа иесі жоқ,

Төсекке белін шешіп бір жатпайды.

 

О,  Бозторғай!

Шырылдайсың шіркін-ай.

Құтылар күн болар ма,

Қой бағудан бір күні-ай?! –

дей келеді әннің сөзі. Бұл да радио толқынындай, басқа қойшылар, малшылар арасында, кейін халық арасында тез тарап кетті. Әннің әсем сөзі де, қорлық көргеннің, зорлық көргеннің, бейнет тартқанның бәрінің де жүрегінен орын алады. Әрине, байларға, оның сойылын соғарларға бұл ән ұнай қоймайды. Бірақ халық дуылдап көтеріп алып кеткенсін топыраққа от қоя ма, ән қанатын самғап сол өрені шарлап кетеді. Енді Кенен қойшы Кенен ғана емес, «Ақын Кенен» деген атақтар алады. Ол атақты да өнерді баулып, қамқорлық етіп отыратын үкіметі жоққа тағы да сол халқынан алады. Кененнің өлеңдері аузынан шықса болды, ілезде елге тарап кетеді. Оның мұқтаждық өмірді суреттеген бірнеше шумақ өлеңі ауыздан ауызға көшіп, ауыл жастары айтып кетеді [10,291-292 бб.].

 

Қозы жайған жерім бар Мәтібұлақ,

Шешемді ойлап зарланам күнде жылап.

Күн шықпастан дірдектеп мен жүргенде,

Шешесі бар балалар жатыр сұлап.

Шешемді ойлап далада айқай салам,

Талқан шекер татиды шайнай қалсам.

«Қу жетім» — деп қуады қозы иесі,

Тілін алмай кей күні бармай қалсам.

Қарт боп қалған әкем бар жетпіс жаста ,

Байғұстың баласы жоқ менен басқа.

Жалғыз ұлын баға алмай жасы жетіп,

Жыласа көзі толған қанды жасқа.

Бірге отырсақ сыймадық туысқанға,

«Қу жетім» — деп қуады ұрысқанда.

Үш ешкі мен бір қойдың басын ұстап,

Әкеме сауғызамын мыс құманға.

Алты уық бас-пана етіп тігіп алдық,

Баяғы үш ешкі мен жалғыз саулық,

Бір жағына қамалып кіріп алдық.

Әкем байғұс артымнан кеп тұрады,

«Шаршадың ба, шырағым», — деп тұрады.

Қой, серкешке жүргізіп, жылдығына,

Аяқ-лау алсам деп еп қылады, – [10,293 б.].

деген өлеңі Кененнің басындағы ауыр қалін жеткізе суреттейді. Басқа кірме сөздер, таза тілмен айтылған өлең Кененнің ақындық жағынан да жоғары екенін көрсетеді. Кененнің өлеңдері түсінікті, жұмбақты жері жоқ болады. Екіншіден бұл өлеңі кешегі заманның тек Кенен емес, жарлы-жақыбайлардың бәрінің де басына салған қайғы-қасіреті суреттелген.

Әзірбай шынында да ептеп, тырнақтап жинап жүріп, бір-екі жылдан кейін бір ыңғыршағы айналған арық, өзі сәуірік көкшолақ ат сатып алады. Бұрынғыға қарағанда енді едәуір жақсы болып қалады. Әзірбай да аты бар адам болып, оны бағып-қағып оңалтып алады. Ауыл арасында қандай жақын да болса жаяу жүруді ар көретін қазаққа, мына көкшолақ аттың тақымына түсуі үлкен бір байлықтай болып көрінеді. Кенен көкшолақтың басқа аттармен салыстырғанда мүсіннен жұрдай түрін де өлеңге қосады.

 

Сатып алды Тоқпақтан Көкшолақты,

Құйрығы жоқ, жалы жоқ  шоп-шолақты.

Өзі сәурік көктемде байтал қуып,

Бір жағынан азынап құдай атты.

Айғырлармен таласып жауыр болды,

Бағып міну әкеме ауыр болды.

Күндіз қойға мен мініп, бағып-қағып,

Әйтсе де аяқ-лау тәуір болды, – [10,294 б.]

деп, қалай дегенмен де қылқұйрықтың үлкен көлік екендігін айтады. Кенен атына тек өлең арнап қоймай оған ән шығарады. Ән Жетісудың дәстүрінде, халықтық екпін негізінде шыққан. Аздаған қалжыңның элементі бар. «Көкшолақ» әні де тез жайылып кетеді. Орындауға да жеңіл, музыкалық жағынан да мазмұнды, қоңыр ән, өлеңнің сөзіне сай келеді. Кенен бұл әнді де тақырыбы, аты жануарға арналғанмен, шыншыл суреткер сол бір сыртқы атаулар арқылы езілген таптың өкілдерінің жан дүниесін, үй-ішілік «қуанышын», аяқ-лау бола тұра, көп мініліп, ығыр болған Көкшолақтың жал-құйрықтан айрылып, шабан болғанын поэзия мен музыканың сиқырлы тілдерін қолданып, кедейдің «күрмеуге келмейтін қысқа жібіне», «шолақ тонына» теңейді. Әсіресе:

 

Мінгенім астымдағы Көкшолақ-ты,

Жалы жоқ, құйрығы жоқ шоп-шолақ-ты.

Әй қыздар, қойшысынбай өлеңіңді айт,

Тұсыңа мендей құрбың келіп қапты, –

деп, қойшы да болса, байдың қыздарына мырзалардан қадірсіз болмаған Кенен айтып жүреді екен. Бірақ малға кедей болмағанымен, жаны бай, әні көп Кененнің қадірі күн санап халық арасында арта берді.

Сол өреде Бибол дейтін бай екі болыс елді шақырып қызына той қылады. Ол тойға, қойын біреуге уақытша бақтырып кетіп, Кенен де барады. Байдың балалары жолда Кененді келекелеп:

 

Әй байғұс, тойға барар сәнің бар ма,

Қызбенен айтысатын әлің бар ма.

Кеудеңді өрге айдасаң сорлы кедей,

Сарапқа салынатын малың бар ма?

Үстіңде тіккен сенің үйің бар ма?

Айт пен той қуатын күйің бар ма?

Атты мен тондынікі емес пе олар,

Басыңда аз да болса миың бар ма? –

 

деп өлең айтады. Кенен: адамның қасиеті малмен өлшенбейтіндігін өлеңмен ағызып айтып береді. Оларға ерегесіп, Биболдың қызының тұсына келіп, жоғарыдағы: «Әй қыздар, қойшысынбай өлеңіңді айт, Тұсыңа мендей құрбың келіп қапты» деп жетіп барады. Өзі ақын, өзі әнші – кімнен қорықсын, Көкшолағын тебініп, бай балалары өзін де, атын да кеміткен сайын екіленіп, Көкшолағымен сөйлескендей:

 

Жылдам жүрші, Көкшолақ,

Шапшаң жүрші, Көкшолақ.

Олай жүрші, Көкшолақ,

Былай жүрші, Көкшолақ.

Жамандатқыр, Көкшолақ,

Діңке құртқан, Көкшолақ, –

 

деп, атының дүлдүл емес екенін паш ете, өлеңіне қоса жүре, қыздың үйін кимелей береді. Бірақ Кенен қыздардың өзінің әндерін, өлеңдерін айтып жүретінін, жақсы көретінін біледі. Мырзалардың құтын қашыру үшін осындай улы қалжыңға барады. Кенен қыздың тойында өлең айтып, ән салады. Оның әдемі даусы, өткір сөздері тойдың басқа қызығын ұмыттырып, оған жиналған халықтың көбін өзіне қаратады. Осы күннен бастап Кененнің ақындығы, әншілігі Қордайдан басқа жерлерге де жетіп, Кененнің қойшылық өмірден басын біржолата босатып алуына себептің басы болады [10,295 б.].

1910 жылдарда Еркебай дейтін болыс Кененнің дабылын естіп, оны ат жіберіп шақыртып алады. Байдың қойы жайына қалып, Көкшолақты әкесіне мінгізіп, Кенен Еркебай аулына кетеді. Енді қырық тебінгенде бір елең етпейтін Көкшолақты басқа атқа да тақымы тиеді ( әкесі Әзірбай осы шамада дүниеден қайтып, Кененнің қайда барса да қарайлай қоятын еш нәрсесі болмайды). Біреулер Кенен жасынан қой бағып, таптық сезімі ерте оянып, байларға, болыстарға қарсы болып, туғалы олардың қасына жолаған жоқ деген сияқты аңыздарды айтады. Ол шындықпен жанаса қоймайтын әңгіме. Өйткені ешкім де туғаннан бай мен болысқа қарсы болып тумайды. Одан кейін байлардың, болыстардың ішінде кедей табына бой-тамыры елжіремегенімен, қадірлі адамдарды, ақын, әншілерді көтеріп, мадақтап, кейде қасына ертіп, екінші бір елдің немесе болыстың ақындарымен айтыстырып, өз жағының ақыны жеңіп кетсе көтеріліп жүретіндері сөзсіз болады. Кенен де ол бір жайдан сырт қалды деу тарихқа қиянат болады. Екіншіден, Еркебайдың қасына ергеннен Кененнің адамшылық қасиетіне де, ақындығына да, әншілігіне де, таптық сезіміне де ешбір нұсқан келтірмейді. Қайта Еркебайдың шақырту себебімен Кенен мойнындағы қойшылықтың лағнет қамытынан босайды [10,296 б.].

Осы кездерде Кенен өзінің «Қос қалқа » деген әнін шығарады ( кейін өзі «Қызыл қайнар» деп те атап жүр). Ән Кененнің Еркебай аулында болғанда Естайдың Хұсни-Хорланы сияқты апалы-сіңлілі екі көркем қызды көріп, солармен әңгімеге келеді. Көркем сөздің, әнші жігіттің қадірін білетін қыздар Кененді қадірлейді. Бірақ кедейліктің салдарынан Кененнің тек жолығысып, орамал, сақина алысып, ескерткіш қана қалдырғаны болмаса, одан әріге бара алмайды. Міне сол қыздарға арнап шығарған «Қос қалқада»:

 

Ұзын су мен Иірсу, Қызылқайнар,

Қыз-бозбала жиналып күліп-ойнар, қос қалқа!

Алма, өрігі албырап, гүлі жайнап,

Саясында сандуғаш-бұлбұл сайрар, қос қалқа!

Сұлу қыздай керілген Сұлу төрім,

Ән шырқатып, айтысып жүрген жерім, қос қалқа!

Керегенің көзінен қол жалғасып,

Шай орамал ұсынған кербездерім, қос қалқа!

Басынан Алатаудың қар ұшқан,

Ой жүйрік, қалыспайды ұшқан құстан, қос қалқа!

Көзінен керегенің жүзік беріп,

Едіңдер әріптестер қолды қысқан, қос қалқа!

 

Қызылқайнар, шөл қайың,

Су ағады сай-сайын.

Сен сағынсаң ай сайын,

Мен сағынам күн сайын, — [10,297 б.]

деп, әрбір екі өлең жолынан кейін «Қос қалқа» деген сөз қайталап отырады. Ән шағын көлемді, халық әндерінің қысқа демді әндерінің әуенінде шығарылған. Қайырмасында да шырқап, аспандап кетпейді, сол бір шамада қалады. Жалпы Жетісу әндерінің жан ауыртпайтын, шағын дауыс таралуы қалпында.

Осы шамада Кененнің «Мөртай сұлу» атты әні шығады. Мөртай қыздың аты. Кенен мен Мөртай бірін-бірі ұнатады. Бірақ қалың беретін Кененнің малы жоқ болып, Мөртайды басқа біреу айттырады. Мөртай ұзатылады. Кенен оған да қарамай, біреу арқылы қызбен уәделесіп, оны бір түнде алып қашады. Бірақ қолға түсіп, зәбір көріп, ақыры жуандардың айтқаны болып Кенен өліп-талып жеткен жалғыз сирағын сатып, айып төлеп әңгімеден әрең құтылады. Кейін сүйген Мөртайын  сағынып, оны өлеңге қосады:

Сенің аулың Қордайдың қырқасында,

Менің аулым жартастың жарасында, Мөртай-ай!

Тал бойында тарыдай бір мінің жоқ,

Тоты құстай бұралып тұрсың ба, Мөртай-ай!

Сенің аулың Қордайдың кезеңінде,

Біздің ауыл Қопаның өзегінде.

Аулың алыс кеткенде сұлу Мөртай,

Өшпейтін от жанады жүрегіме.

Сен де арманда, Мөртай жан, мен де арманда,

Екі ғашық қосылар заман бар ма?

Қалың малға сатылып сен кеткенде,

Зар еңіреп мен қалдым амал бар ма.

 

Туған жерің Қызылқұр,

Сұлу Мөртай қайда жүр.

Анда-санда көрсем де,

Сүйген қалқам аман тұр,-

деп, домбыраға қосылып, өзінің «Мөртай» атты әнімен осы өлеңді үнемі айтып жүреді. «Мөртай» да басы-аяғы жинақы, тияндай ән. Басынан аяғына шейін бір ырғақтан ауыспайды. Дауыстың орта регистрі мен төменгі регистр айналасында басталып, сонда бітеді. Ән жұмсақ, жүрекке жылы тиеді.

1916 жылы 25 маусым жарлығы бойынша қара жұмысқа патша қазақ сияқты халықтардан жігіт жиғанда көп жерлерде көтерілістер болғаны оқушыға мәлім. Міне сол көтерілістің үлкен өрті Жетісуда болды. Ол жөнінде М.Әуезовтың «Албан көтерілісі» атты үлкен прозалық шығармасында оқиғаның   суреті толық берілген болатын. Кенен Әли Нұрғожаевтың отрядында болып, осы көтеріліске қару алып қатысады. Ол көтерілісшілер ішінде небір ерлікке шақыратын, «ақ патшаның» жауыздық қимылдарын әшкерелейтін өткір өлеңдермен рухтарын көтеріп, ауызбіршілік, күш сақтауға шақырады. Патшашылдықтың ауыр салмағының елге батқан үлгілерін келтіріп, өзінің өткір сөздері арқылы отрядтың дауылпазы болады. Бірақ патшаның қарулы күші отрядты жеңіп, көтерілісті басады. Оған қатысқандарға қара күн туғызып, неше алуан жазалар ойлап тауып, берекесін қашырады. Сол кездерде көтеріліске қатысқандардың бір қатары Қытайға, екіншілері басқа губернияларға өтіп кетеді. Кенен ежелден өзінің шығармашылық қатынасы үзілмеген қырғыз ақындары-достарына қашып кетіп, сол жақта біраз уақыт жүріп қалады [10,298 б.].

Бауырлас қырғыз елінде жүргенде де Кенен жәй қыдырып, бас сауғалап, уақытты бос өткізбейді. Ол шығармашылық күшінде, шабытында болып, белгілі көтерілістің басшыларына арналған «Әли батыр» деген поэмасын жазады. Кененнің жас кезінде өзінің зеректігін, молданың алдында көп бола алмаса да, хат танып қалғаны, келешегі үшін үлкен рөл ойнады. Ол өлеңді үнемі тек құлақты қағып қойып айтпай, қағазға жазып та шығаратын. Ал, поэма сияқты үлкен өлең, дастан әрине жазуды талап етеді [10,299 б.].

Кенен қалай дегенмен де туған жерін қатты сағынады. Жерін де, суын да, тауын да, адамын да ақын күнде айтып аузынан тастамайды. Жас кезіндегідей, тағы да жалғыз отырғанда мұңдасар дос іздейді. Аспанда жырлап тұрған бұлбұлды көріп, сонымен мұңдасады, тілдескендей болады:

 

Ей бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл,

Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр.

Айрылып ел мен жерден жүрген шақта,

Жұбатып ертелі-кеш сайра да тұр.

Ер жігіт шетте жүрген ел сағынар,

Елден соң туып-өскен жер сағынар.

Туған жер, өскен халқым, орның бөлек,

Сыйласар қырғыздан да ер табылар.

Ер жігіт тірі шақта нені көрмес,

Ер болса қасіретке бойын бермес.

«Ел кегі – жауға кетпес» — деген бар ғой,

Дегенге кек қайтпады көңіл сенбес.

Алатау, аңсадым-ау самал-лебін,

Қордайдың көкседім-ау қоңыр желін, –

деп, сырласар жанында жан болмағаннан емес, Махамбет Өтемісовтың:

 

Ей қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Сені көлден айырған,

Лашын құстың екпіні.

Мені елден айырған,

Хан Жәңгірдің тепкіні, –

дегені сияқты, қазақтың от-жалынды ақыдарының табиғат дүниесімен бір мезет сөйлесіп, мұңдасып келетіні сияқты, Кененнің «Бұлбұлы» да бір үлгі. Алдыңғы әндеріндегі аяқ алыстан «Бұлбұлда» басқа бір қадамбар сияқты. Басында Кенен бірнеше ұстамды, сабырлы, созымды ноталар арқылы іштегі шерін шығарып алғандай, тек содан кейін ғана сөзге бағынған қысқа әуенді маузыкалық сөйлемдер арқылы ойын айтады. Сондай-ақ «Алатау аңсадым-ау!…» — деп басталатын қайырмасында  да үлкен дем бар. Ән шын мәнісінде туған, өскен өлкесін, адамдарын сағынудан шыққан екендігін танытады. Кененнің ол бір кездегі шығармашылық туындыларының ішінде «Бұлбұлды» музыкалық тілінің анықтығынан, байсалдылығынан, ырғақтық жан-жақтылығынан ерекше орын алады десе болады.

Кенен 1916 жылдың көтерілісіне арнап «Егіз әні» дегенін шығарады. Сол әнмен көтерілісті күшпен басқаннан кейін:

 

Есіттік Алматыда Сәтті алды деп,

Қожамбет, Асқар Дәулет қартты алды деп.

Баланы әлдилеген бермейміз деп,

Қалың ел ұрысуға саптанды деп.

Бекеттің ішіндегі алпыс солдат,

Халықты оқ жаудырып атқаны кеп.

Үш жүз қолмен Маисов келеді деп,

Біздің ел қолқамысқа ат қойды тек, –  [10,300 б.]

деп, көтерілістің барысынан, оның нашарлауынан, көтерілісшілердің қамысқа кіріп жасырынуынан, Маисов бастаған қарулы қолдың келуінен зәресі ұшқан елдің бас сауғалауынан хабар береді. Бұл өлең көтерілістің аяқ жағында Кенен әлі қырғызға кетпей тұрғанда шығарылған болу керек.

Қазан төңкерісінен кейін Кенен еліне қайтады. Басына күн туып, елінен ауып кеткенімен Кенен ол жақтан «олжалы» қайтады. Қырғыздың алып ақындары Тоқтоғұл, Қалмырзамен жақын болып, олардың жалынды өлеңдерін, әндерін ала келеді. Кенен өзінің жақсы дауысының арқасында қырғыз халқының көптеген әндерін ала келеді. Қырғыз арасында да Кененнің өлеңдері, әндері кеңінен жайылады. Қазан төңкерісі алдымен Кенен сияқты бұрынғы заманда қорлық көрген адамды қатты қуантады. Кенен шалқып, өлеңді де, әнді де бұрынғыдан көбейтеді. Күннің енді туғанын көрген ақын-әнші кеңес үкіметінің сан жетпес қасиеттерін айтып әнге қосады.

1919 жылы Алматыда болған ақындар кездесуінде Жамбыл, Үмбетәлі ақындар болады. Сол жиынға Кенен де қатысып, өзінің жаңадан шығарған әндерін айтады.

Сонымен 1921 жылы Кенен Қордай төңкеріс ұйымының төрағасы болып, кеңестендіру жұмысына қызу араласады. Ол кезде республиканың шығыс жағында ерте ұйымдасқан «Қосшы одағының» жұмысына да Кенен араласады. Одақтың еңбекші шаруа, дихандардың басын қосудағы жетістіктерін Кенен басқалармен бірге тойлайды. Оған да арнап ән-өлең шығарады. Ол әні халық арасында «Шаңқ етпе» атанып кетеді [10,301 б.].

1925 жылы Кененнің басына үлкен бір қайғының қара бұлты төнеді. Кенен әдетше ел аралап, өлең айтып жүріп, қайтып келгенде, оның Базар, Назар деген екі ұлы бірден қайтыс болыпты. Мейірімді әкені бұл жағдай қатты күйіндіреді. Кененнің бұл қайғысын есітіп, көршілес қырғыздардың бір топ адамдары, ақындары келіп, оған өлеңмен көңіл айтады. Мұндай екі бауырлас халықтың бірдей азаматтарының қайғыға ортақ болуы Кененнің болған іске болаттан да берік болуы керек екенін ескертеді. Кенен сүйікті бағландарына арнап, кейін «Базар-Назар» атанып кеткен, қайғы-шермен толы, шын жүректі тербеп, түкпірінен шыққан үлкен туындысын жарыққа шығарады.

 

Зарланайын ақ ешкі лағыңа,

Емшегіңнен емізген шырағыңа.

Кел екеуміз қосылып зарланайық,

Жетер ме екен құдайдың құлағына.

 

Жалған дүние,

Салдың күйге.

Жүрегімнен үзіліп түсті,

Екі түйме.

Базарым-ай, Назарым-ай!

 

деп ақын ұзақ күндер жылап жатып алады. Тек, жоғарыда айтқандай, екі елдің адамдары келіп, жұбатып, Кененнің басын көтертеді. «Базар-Назардың» сөзі қандай болса, әні одан да өткір тыңдағаныңда сай-сүйегіңді сырқыратады, ақынның сол мезгілдегі ауыр қайғысына ортақтасады.

Кенен сүйікті балаларының қазасынан кейін бірқатар уақыт ауыр уайымда жүреді. Қалай дегенмен де екі ұлдың бірдей қаза табуы оңай болмайды. Бірақ халық сүйген Кенен, тағы да ел аралап, жаңа өлеңдер, әндер шығарып, өзінің рухани қаруын үшкірмей береді. 1933 жылы Алматыда республиканың колхоз екпінділерінің бірінші съезінде болып, онда өзінің осы топқа арнаған «Колхоз әні» деген шығармасын естіртеді. Бұл жылдарда да Кенен, бұрынғысындай қайда жүрсе де өлеңі, әні арқылы ауылшаруашылығы ерлерін мол дән, мал өнімін алу жұмысына шақырады.

Кенен республиканың қандай тарихи оқиғалары, жиындар болса, соның ортасында жүрді. 1936 жылы Мәскеу қаласында болған өнер онкүндігіне қатысты. Жамбыл бастаған ақындар тобымен Мәскеуге барғанда үлкен абыроймен қайтты [10,302 б.].

Кенен Ұлы Отан соғысы кезінде өзінің өткір өлеңі, әні арқылы Отанның жеңуіне  үлкен күш қосты. Ол «Біздің Отан жеңеді», «Елімнің ерке жастары» сияқты үлкен Отанға сүйіспеншілік әндер шығарады. Кененнің бұл әндері майданда да, тылда да орындалып жүрді. Кененнің өзі де ел аралап, біздің қарулы күшіміздің неміс басқыншыларын жеңіп шығатынын уағыздап, халықтың айналасына топталып, қарулы күштерімізге қолдан келген жәрдемдерін үзбей беріп отыруына шақырады.

Соғыс бітіп, жауды жеңгеннен кейін Кенен «Ел қуанышы» деп аталатын біздің ұлы жеңісімізге арналған жарқын, қуаныш әнін шығарады. Онда шексіз шаттық, үлкен елдің жүрегінің соғуы бар.

Кененнің негізгі тақырыбы – біздің заман. Ол осы майданда үзбестен шығармалар беріп келеді. Қандай жаңа оқиға болса да Кенен оны әнде, өлеңде халық арасына үгіттеуге республиканың композиторларының ішінде бірінші орынның бірін алады. Кененнің: «Жайнады тыным», «Жас малшылар әні», «Қазақстан», «Бейбітшілік жыры», «Күләшқа», «Батыр Мәскеу» (800 жылдық тойына барғанда шығарған) деген әндері тек тақырыбы жағынан алғанның өзінде де кеңес топырағында болып жатқан үлкен оқиғаларды қамтиды.

Кенен кеңес әдебиетінің 1949 жылы Мәскеуде болған онкүндігінде, 1958 жылы болған Мәскеудегі әдебиет пен өнердің онкүндігінде, ауылшаруашылығы  көрмелерінде үнемі болып жүрді. Ол 1960 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілжержүзілік шығыс зерттеу конгресінде болып, онда өлеңмен өзінің сөзін айтты.

Кенен тек өзінің туып-өскен жерінде бола бермей, өлеңмен, әнмен Қарағандының көміршілерінің, Балқаштың мыс-мырышшыларының, Шымкенттің қорғасыншыларының, мақташыларының, Каспийдің балықшыларының, Атыраудың мұнайшыларының, Қызылорданың егіншілерінің араларында болып, кеңес халқының шаруашылықтағы, мәдениеттегі жетістіктерін уағыздады. Ол туысқан қырғыз елін үнемі аралап тұрады.
Кененнің репертуары кең. Онда әндерден, өлеңдерден басқа қазақтың «Қобландысы», қырғыздардың «Манасы», түрікменнің «Көроғлы» сияқты үлкен эпикалық дастандары бар. Оның үстіне төңкерістен бұрын Кененнің Балуан Шолақ Жетісуға келгенде, онымен бірге көп жылдар жүруі, одан көптеген арқаның әндерін үйренуі, Кененнің ән қорын байытты. Ал Жамбылдан тараған ақындық дәстүр Кененнің жанынан жастайынан-ақ орын алған. Кенен халық ақыны, әнші Шашубаймен де жақын дос болды. Онымен де өнер жағынан кең түрде «алыс-берісі» болды. Бұл жағдай да Кененнің репертуар шеңберінің кең болуына себептің бірі болды [10,303 б.].

Кенен 1961 жылы Алматыда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұйымдастырған ақындар айтысына қатысып, онда ақын Өтеғалиева Халимамен қағысты. Кенен өзінің Халимаға айтар сөзін:

 

Батырым – халқым менің жол бастаған,

Бұлжытпай нұсқауларын ел қостаған.

Ақ отау Отан тіккен орда мынау,

Отанның ақынымен ойқастаған,–

 

деп, әлі де өзінің шығармашылық күшінің қайнап жатқанын айтты. Халиманың:

Сен бе едің Қордайдағы ақын Кенен,

Құлағым «Кенен» десе елеңдеген.

Түсімде үш ұйықтасам бар ма менің,

Кенеке, қатарыңа келем деген, —

өлеңмен келіп, аяғында Кененге сөз тастап:

 

Ішінен осынша жұрт мені қалап,

Отырмын мен де сізді ерге балап.

Әр кімнің өз қатары өзіне алтын,

Мен үшін жас жігітсің жаңа талап, —

дегеніне Кенен өзінің ежелгі қалжыңқойлығына басып және отырған жұрттың көңілін бір көтеріп қояйын деп:

 

Өлеңің, Халимажан, қандай тәтті,

Қартайған жүрегімнің шамын жақты.

Дөңбекшіп төсек жайын айта кеттің,

Болсын сол уәдеміз енді нақты.

Сөз табылса айтайын,

Қуатыңды байқайын.

Жұмыртқа бол Халима,

Бауырымда шайқайын, — [10,304 б.]

деп, айтысқа қатысқандардың бәрін бір күлдіріп қояды. Бұл әлікүні Кененнің өлең-әнінің сарқылмас қоры барын, әлі де кеңес даңқын арттыруда күшінің көп екендігін сипаттайды.

Кененнің әндерінің ерте уақыттан бері белгілі болуының айғағы – А.Затаевичтің жинақтарында Кененнің әндерінің жүруі. Ол өзі көрмесе де, Кененнің ақын-әнші екенін кітабының түсінік сөзінде жазып кеткен. Кенен әндерін композиторлар Л.Хамиди, С.Шабельский 1934 жылы нотаға түсірді. А.Затаевич жазуындағы әнді композитор Е.Брусиловский өзінің «Қыз Жібек» операсында пайдаланды. Ол ән сөзсіз Балуан Шолақтың ықпалымен шыққан сияқты. Арқауында арқа әндерінің тілі көрініп-ақ тұр. Салған жерден әннің шалқуы осы жәйді көрсетеді. Кененнің әндерін көп жинаған адам Б.Ерзакович. Ол Кененнен 150-ден астам ән жазып алса керек. Кенен шығармашылығы осы әңгіменің контекстінде айтылғандай, халық тұрмысы, еңбекшілер арманымен байланысты. Ал кеңес тұсындағы шығармаларының бәрі де – Ұлы Отанның саясатын өнер тілімен үгіттейді. Кенен шын мәнісінде прогрессивті, озық ойлы өнер иесі. Ол елуінші жылдарда ұзақ уақыт төсек тартып ауырып тұрады. Соның өзінде де Кенен еш уақытта шығармашылық шабытын, өзінің жақсы көретін, ардақтайтын шындығын жырлауын тоқтатқан емес [10,303 б.].

Кенен ақынның өлең-жырларында қырғыз тақырыбы біршама көрініс тапқан. Ол жырлаған «Төкетай мен Мәнікер» дастаны әйгілі «Манас» жырының үзінді нұсқаларының бірі болып есептеледі. Бұл шығарманың кейіпкерлерінің бәрі «Манас» эпосынан алынған. Оқиғаның өрбуі де қырғыздың атақты жырын еске түсіреді. Соған қарамастан негізінен, бұл дастан Кененнің өз шығармасы ретінде бағаланған.

Бұл мәселеге қырғыз зерттеушісі Батма Кебекова назар аударады. «Оны Қазақстанның халық ақыны Кенен Әзірбаев тапсырып, «Көкетайдың асын» Жетісудың кейбір тұрғындарынан естігенін, алайда есіне толық сақтай алмағанын айтқан. Әзірбаевтың пікірінше, бұл шығарма ұрпақтан ұрпаққа тарап, қазақтардың арасында ежелден сақталып келеді. Әзірбаевтың бұл пікірін тарихи фактілер дәлелдейді. Мәселен, тарихшылар Жетісуды ғасырлар бойы түркі халықтарының орталығы деп есептеген. Ендеше екі халық фольклорының өзара әсері мен байланысы әбден мүмкін екендігі дау туғызбайды. Қырғыз ССР-і Ғылым академиясының әдебиет фондысындағы варианттармен салыстырғанда бұл жырдың сюжеттік ұқсастығына қарамастан стилистикалық кейбір ерекшеліктері көрінеді» [11,258 б.].

Кенен Әзірбаев арқалы ақын ғана емес, қазақтың фольклорлық мұрасын жинаушы ретінде де кеңінен танылды. Ол бала кезінен талай дүниені жадына сақтап, жаттап алып, әдебиет зерттеушілеріне мол дерек ұсынды. Ұзақ ғұмыр кешкен Кененнен жазып алуға үлгермеген мұралар да жеткілікті. Соған қарамастан ақын арқылы жеткен әдебиет нұсқалары бүгінде баға жетпес рухани құндылық ретінде бағаланатыны даусыз. Оның ішінде қазақ және қырғыз әдебиеттерінің бастау көздеріне қатысты жәдігерліктер баршылық. Осыған орай, академик Р.Бердібай былай дейді: «Қазақта ертегі түрінде айтылатын «Ертөстіктің» қырғыздарда эпос сипатында жырлануы да мәдени, өнер байланыстарының тығыздығын көрсетсе керек. К.Әзірбаевтан жазып алынған «Ертөстік» осы нұсқаның қызғылықты мысалы. Мұнда да ертектегідей аңыздық, мифтік сарындар сақталған. Дүниенің құрылысы туралы көне ұғым, Ертөстіктің «ажалдан қашып» жер астына түсуі, жер бетіне Алыпқара деген құстың көмегімен шығуы секілді оқиғалық желілерден байқалады. Бұл көрсетілгендер қазақ пен қырғыз фольклоры арасындағы тұтасып жатқан байланыстың жеке өрнектері ғана» [12,344 б.]. Қалың елге кең тараған ертегінің тағы бір нұсқасын елге жеткізген ақынның бұл тұрғыдағы еңбегі бағалауға тұрарлық.
Қазақ ақындарының ішінде қырғыз халқымен көбірек араласқаны да осы Кенен Әзірбаев. Қырғыз ақындары оны құрметтеген, ала-бөтен ықылас білдірген. Кененнің басына іс түскенде өз араларына паналатқан. Бұл турасында Кенен өмірін жете зерттеген М.Жолдасбеков ұсынған мына деректер назар аударуға тұрарлық. «Кенен ақын атанған кез, жеңнің жастық, етектің төсек болған; жаугершілік, барымта, ұрлық-зорлықтың дәуірлеп тұрған; зекет, қора басы, пітір, ұшыр тәрізді алым-салықтардың есепсіз көбейген заманы еді. Ел ішін ерқашты қылып әбден титықтатқан бай мен болыстың, аларман-шабармандардың осыншама әділетсіздігіне Кенен барынша қарсы шығады. Сол үшін қудалау көріп, төрт-бес жыл бауырлас қырғыз ішінде жан сақтайды. Онда қырғыздың Төкпе, Халық, Оспанқұл тәрізді жүйрік ақындарымен табысып кетеді. Тар кезеңде жар болған, пана болған бауырмал ағайындардың жақсылығын ұмыту еш мүмкін емес еді» [13,232 б.], – дейді ол.

Ақынның қырғыз халқының арасында қоныс тепкені, оған бұл елдің соншалықты жайлы болғаны өлең-жырларында да айтылады. Кенен қырғыз елі туралы айтқанда үнемі екі халықтың бірлігін, өзіне көрсеткен жақсылығын алға тартады. Көрші жұрттың өзіне деген ықылас-пейілін асқан сүйіспеншілікпен жырға қосады. Ол қазақтың домбырасымен де, қырғыздың қомузымен де жыр төккен.

Қазақ пен қырғыз ақындарының арасында жырдың кедергісі де, тілдің кедергісі де болмаған. Әркім өзі тілінде жырласа да ортақ ұғым, біркелкі түсінік, бірыңғай пайым көрініс тапқан. Сондықтан «Жетісу ақындары мен қырғыз ақындары сан айтыстарда бір-бірімен сынаса жүріп, екі тілде бірдей жырлап, екі елге тел перзент боп өсіп толысады. Майкөт, Бақтыбай, Сүйінбай, Бөлтірік, Құлмамбет, Жамбыл, Сарбас, Кенен, Үмбетәлі, Өмірзақтар қырғыз тілінде де жосылған жүйрік танылса, қырғыздың Қалмырза, Төкпе, Тоғалақ, Халық, Оспанқұл сияқты көптеген өнерпаздары да қазақ тілінде кедергісіз жыр төккен» [13,233 б.]. Сондықтан қырғыз бен қазақтың әдеби байланыстарын Кененсіз елестету де қиын.

1959 жылы Кененнің 75 жасқа толу салтанаты өтті. «Той десе қу бас домалайды» дегендей, Алматыдан, Тараздан, басқа қалалардан, көршілес қырғыздан көптеген адамдар жиналды. Ол күні Кенен бұрынғысынан да жасарып, үнемі жаңа бір әуендерге құрылған шығармалар айтумен болды. Сонымен қатар жаңалықты көркем ізсіз қалдырмайтын ақын, өзінің осы бір кезеңіне, асуына арнап «Жетпіс бес» деген жаңа әнін айтып берді. Кененнің тойы ұлтаралық достықтың, сарқылмас өнердің салтанаты болды. Бір кезде байдың қойын бағып, анадан ерте айрылып, аспандағы бозторғаймен мұңдасып, тағдырға налып жүрген Кенен, енді міне, кеңес халқының ардақты адамының, суреткерінің бірі. Ол әлі де шығармашылық қажырында, әлі де бір емес, бірнеше «шабары» бар тарлан. Ол әлі де кеңес адамдарының жаңа қоғам құру жолындағы талай-талай ерлік істерін жырлап, талай өнер бәйгесіне де түсіп, талай жүлдені алған қарт [10,304 б.].

         Қазақ халқының ақындық өнерінің қалыптасу тарихында Жетісу ақындық мектебінің алатын орны айрықша зор. Жамбыл Жабаевтың, Кенен Әзірбаевтың және Сара Тастанбекқызының асқан ақындық өнерлері, олардың тамыр тартқан тереңі мен даму, жалғасу жолдары – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен де күрделі, маңызды да мәнді мәселелерінің бірі.

Ұқсас реферат

Жетісу ақындық мектебінің қалыптасу тарихы

Белгілі қазақ ақындарының бірі – Сүйінбай  Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауында, 1822 жылы шілде айында туған. Өз әкесі – Арон Күсепұлы, арғы атасы – Жиенқұл деген кісілер. Сүйінбайдың аталарының көбірек тұрған ежелгі мекені – Қапал ауданындағы Көксу, Қараталға қатысты Екейқұм деген жерлер. Ол кедей отбасынан шыққан. Әкесі Аронның шаруасы тым шағын болып, кейде ішер ас, мінер атқа зар болған екен.
Тағы рефераттар