Қазақтардың  рухани  өмірі  тарихына  1911  жыл  тұңғыш  ұлттық  бейресми  мерзімді  басылымдар  шыққан  жыл  ретінде  енді . Сол  жылдың  қаңтарынан  бастап  қазақ  тіліндегі  бірінші  журнал  “Айқап” , шықса , наурызынан  бастап  “Қазақстан” газеті  шыға  бастады .  Бұл  басылымдар  туралы  кеңестік  тарихнамада  біршама  айтылды . Дегенмен  олардың  дерек  көзі  ретіндегі  маңызы  мен  ерекшеліктерін , олардан  алынған  мәліметтердің  ғылыми  құндылықтарын  анықтау  үшін , жалпы  газет-журналдардың  пайда  болуының  алғышаттары , тарихи  жағдайларымен  қатар , нақты  басылымның  дүниеге  келу  тарихын  зерттеудің  де  маңызы  үлкен . Мысалы , “Айқап”  туралы  айтсақ , оның  әрі  шығарушысы , әрі  редакторы , әрі  негізгі  авторларының  бірі  Мұхаметжан  Сералиннің  ұзақ  жылдарға  созылған  ізденістері  туралы  да  айтуға  тиіспіз ..

М. Сералиннің  1906  жылдан  бастап  газет  шығармақ  болған  бірнеше  әрекеттері  сәтсіз  аяқталды  .  Тек ,  1911  жылдың  басына  қарай  ғана  журнал  шығару  мүмкін  болды .  М. Сералинің  өз  ұлтының  тарихындағы

ана  тілінде  бірінші  рет  журнал  шығару  сияқты  үлкен  іске жалғыз  кіріскендігін  оның  замандастары  да  растайды .

“Алты  миллиондай  халықтың  ортасында  бір  журналдың  яки  бір  газеттің  жоқтығы”  М. Сералинді  тәуекелге  бел  байлап , журнал  шығаруды  жалғыз  бастауға  итермелеген .  Әрине , ол   М. Сералинге  журнал  шығаруына  және  оны  үзбей  шығарып  тұруына  мүлдем  ешкім  көмектескен  жоқ  деген  сөз  емес . Жақсы  істің  басталуына , оның  іске  асуына  әрдайым  тілектестер  мен  мүмкіндігінше  көмек  көрсететіндер  табылатындығы  сияқты , М. Сералинге  де  тілектес  болып , оған  қол  ұшын  бергендер  болды . Журнaл  шығысымен  халық  оны  жылы  қабылдады . Жан-жақты  көмек  көрсетті . Көптеген  адамдар  журналдың  үзбей  шығып  тұруына  өз  үлестерін  қосты .

Журналдың  шығуына  бір  жыл  толуына  арналған  мақаласында  М. Сералин : “Сөз  соңында  жыл  бойынша  журналдың  тоқтамай  шығуына  себеп  болған  мырзаларға  “Алла  риза  болсын”  айтпай  қала  алмадық.

Әуелі, мәтбуға  қожасы  Сосновскийге  арзан  бағамен  журналымызды  басып  һәм  білген  мәслихаттарын  айтып  жәрдемдескеніне .  Екіншіден , Тәңірберген  Тұрысбеков , Сәдуақас  Шорманов , Ғабділрахман  Жүсіпов …  жәрдем  еткен  үміт  иелеріне. Үшінші , бір  жылдан  бері  тынбай  сөз  жазып  келе  жатқан  шәкірттерге”  — деп  жазды . Бұл  жолдардан  М. Сералиннің  “Айқап”  журналын  шығарып  тұруға  көмектескендердің  ішінен  бірінші етіп  Сосновскийді  атағандығын  көреміз . 1907  жылы  шыққан  “Қазақ  газетін”  шығарушы  да  Х. Сосновский  болғандығы  белгілі . Олай  болса  қазақ  тілінде  шыққан  тұңғыш  бейресми  газет  пен  журналдың  шығуына  көмектескен  Х. Сосновский  кім ? – деген  сұрақтың  туары  заңды . Хаим  Шулевич  Сосновский ,  ұлты  еврей . Троицкі  қаласының  мещаны  .  Алты  жылдан  астам  Троицкіде  шығып  тұрған  “Степь”  газетінің  редакторы  болған . Сол  қаладағы  “Энергия”  баспаханасының  иесі  .

Кеңестік  тарихнамада  айтылғандай , журналдың  өзімен  қатар  шығып тұрған  “Қазақ”  газетінен  басты  айырмашылығы  таптық  идеялық  позицияларында  емес , олардың  қаржылық  негіздерінің  екі  түрлі  құрылуында , қаржы  көздерін  екі  түрлі  іздестірілуінде  болды . Басқаша  айтсақ , басылымдарды  қаржыландырудың  уақыт  талабына  сай  нарықтық  негізде  жүргізілуінде , немесе , керісінше  уақыт  талабына  сай  жүргізе  алмауында  болды .

ХХ  ғасыр  басындағы  ұлт  алдында  тұрған  мәселелерді  ұлттық  деңгейде  көтеріп , ұлттық  көлемде  қоя  білген , сондықтан  ұлттық  басылым  деген  ұғымға  толық  сай  келетін  екі  басылымның  бірінің  әлемдік  соғыстың  басталуына  байланысты  туындаған  қиыншылық  қыспағына  шыдай  алмай  өз  шығуын  тоқтатуы , екіншісінің , сол  қиыншылыққа  қарамастан  шығуын  жалғастыруы  қайсысының  дұрыс  жол  таңдай  білгендігін  көрсетіп  берді .

“Айқап”  журналы  М. Сералиннің  бастамасымен  соның  ерлікке  тең  еңбегінің  арқасында  және  соның  қаражатына  1911  жылдың  10  қаңтарынан  бастап  Троицкі  қаласында  Х. Сосновскийдің  “Энергия”  баспаханасында  шыға  бастаған . Көлемі  4-5  баспа  табақ , таралымы  900-1000  дана . 1915  жылдың  қыркүйегіне  дейін  барлығы 88  саны  жарық  көрген.  Кей  жылдары  12-14 , кей  жылдары  24  нөмірге  дейін  шыққан . Тұңғыш  журналдың  неліктен  “Айқап”  атануы  туралы  М. Сералин: “Біздің  қазақтың  неше  жерде  “қап”  деп  қапы  қалған  істері  көп . “Қап”  дегізген  қапияда  өткен  істеріміз  көп  болған  соң  журналымыз  да  өкінішімізге ылайықтап  “Айқап”  болды” — дейді . Журналға  келіп  түскен  хаттарға  қарағанда  ол  қазіргі  Қазақстан , Қырғызстан  территориясына  түгел  дерлік  және  Ресейдің  біраз  бөлігіне  тараған .

“Айқап”  журналын  дерек  көзі  ретінде  талдауда , ондағы  мәліметтерді

тарих  дерегі  ретінде  қарастыруда  Ү.  Субханбердина  дайындаған  “Айқап”  бетіндегі  мақалалар  мен  хат-хабарлар”  атты  мазмұндалған  библиографиялық  көрсеткішінің  алар  орны  ерекше    екендігін  айтуымыз  керек . Ә. Марғұланның  сөзімен  айтсақ , көрсеткіш: “Революцияға  дейінгі  мерзімді  басылымның  мазмұнымен  танысып , бай  да  ерекше  деректер  әлеміне  енуге  көмектеседі” .

Көрсеткіш бірінші рет 1961 жылы жарияланды. Ол Ү. Субханбердинаның  осы  салада  жарияланған  алғашқы  еңбегі  еді . Бір  қызығы , егер  журнал  патша  өкіметінің  жергілікті  әкімшілік  орындарының  қатал  бақылауымен  шыққан  болса , оның  тура  жарты  ғасырдан  соң  жарияланған  библиографиялық  көрсеткіші  кеңес  өкіметінің  одан  да  қатал  бақылауымен  шыққан .  Осылай  журнал  мен  оның  көрсеткішінің  арасында  өзіндік  тарихи  сабақтастық  пайда  болды . Егер , журнал  авторларды  кезінде  өз  ойларын  мақалаларында  ашып  айта  алмай  қиналса , көрсеткіште  сол  авторлардың  біразының  атын  да  атауға  тыйым  салынды .

1999  жылы  шыққан  “Қазақ  халқының  атамұраларында” , “Айқап” бетіндегі  мақалалар  мен  хат-хабарлардың” библиографиялық  көрсеткіштерінің  толықтырылып  екінші  рет  басылуына  байланысты  Ү. Субханбердина: “1961, 1963   жылдары  “Айқап”  журналы  мен  “Түркістан  уалаятының  газеті” , “Дала  уалаятының  газеті” ,  “Қазақстан”  газетінің  бетінде  басылған  материалдарының  мазмұндалған  библиографиясы  басылып  шыққан  болатын .  Бірақ  өкінішке  орай , ол  көрсеткіштерде  Байтұрсынов  Ахмет , Бөкейханов  Әлихан ,   Дулатов  Міржақып , Аймауытов  Жүсіпбек , Жұмабаев  Мағжан , Құдайбердиев  Шәкәрім, Қарашев  Ғұмар ,  Ақпаев  Жақып , Баржақсин  Ахмет , Жанайдаров  Мейрам,

Жұбанов  Құдайберген , Досмұхаметов  Халел , Ермеков  Әлмұхан , Қоңыратбаев  Қалжан , Мәрсеков  Райымжан , Сейтов  Асылбек , Тынышбаев  Мұхаметжан , Шоқаев  Мұстафа  т.б.  жазған  ең  құнды  материалдары  қысқартылып  берілген  едi” , — дейді /39/.

Ұлттық  бейресми  басылымдар  арасынан  Қазақстан  тарихнамасында  жиі  айтылған  басылымдардың  бірі – “Қазақстан”   газеті . М. Ысмағұловтың  ,  Х. Бекхожиннің  , Е. Нығметовтың  , Қ. Аллаберген  ,  Ж. Нұсқабайұлы , Ф. Оразайдың   т.б.  еңбектерінде  “Қазақстан”  газетінің  шығу  тарихы , авторлары , көтерген  мәселелері  т.б.  туралы  біршама  айтылған . Дегенмен  газет  туралы  жазған  әр  түрлі  әдебиеттерді  бір-бірімен  салыстыру  газет  тарихына  қатысты  кейбір  мәліметтерді  анықтай  түсудің  қажеттілігін  көрсетіп  отыр . Осындай  әр  жылдары  шыққан  еңбектерде  әр  түрлі  айтылып  жүрген  мәліметтердің  бірі  “Қазақстан”  газетінің  шыққан  жалпы  саны  туралы  мәлімет .

Мысалы , зерттеушілер  М. С. Бурабаев  пен  О. А. Сегізбаев  ұлттық  бейресми  басылымдар  арасындағы  өзіндік  орны  бар  “Қазақстан”  газетінің  15  саны  шыққан  десе  , З. Тұрарбеков  газеттің  қазақ  және  орыс  тілдерінде  шыққан  сандарын  қосып  36  рет  жарық  көрген  дейді .  Бұл , әрине , шындыққа  ешқандай  сай  келмейді . Себебі , газеттің  орыс  тіліндегі  беттері  жеке  нөмір  ретінде  емес , қазақшасына  қосымша  ретінде  беріліп  отырған . Сондықтан  оларды  жеке  нөмірге  санау  дұрыс  емес .

“Қазақстан”  газетінің  қай  жылы  қанша  нөмірі  шыққандығы  туралы  Е. Нығметов:  “Қазақстан”  газетінің  1,2  нөмірлері  1911  жылы  март , май  айларында  Орда  қаласында  жарыққа  шықты . Сонан  кейін  осы  жылы  редакциясы  Орал  қаласына  көшті  де , Оралда  газет  нөмірін  қайтадан  1–ші  нөмірден  бастап  ноябрь , декабрь  айларында  № 1,2  сандары  жарыққа  шықты , сонымен  1911  жылы  “Қазақстанның”  барлығы  4 нөмірі  шықты . 1912  жылы  январь  айында  3  нөмірі  шықты  да , осы  жылдың  июнь   айына  дейін  барлығы  9  нөмірі  жарық  көрді . 1913  жылы  январь-февраль  айында 1,2 нөмірлері  шықты”  — дейді   /40/.  Егер , Е. Нығметов  көрсеткен  сандарды  қарапайым  түрде  бір-біріне  қоссақ (4+9+2=15), онда  “Қазақстан” газетінің  15  нөмірі  шыққан .

Дегенмен , зерттеушілердің  көпшілігі  “Қазақстан” газетінің  18  нөмірі  шыққан  деген  пікір  айтады . Мысалы , Қ. Бекхожин  “Қазақстан”  газеті  туралы  айта  келе: “Не  бары  18  нөмірі  шығып  тоқтатылды”  десе  ,  Қ. Аллаберген , Ж.  Нұсқабайұлы ,  Ф.  Оразай:  “Басылымның  үш  жыл  ішінде  18  нөмірі  жарық  көрді”- дейді . Соңғы жылдары  жарық  көрген  С.  Өзбекұлының  еңбегінде  де:  “Көп  жылдар  бойы  “Қазақстан”  газетінің  саяси-құқықтық  бағытын  зерттеу  барысында , біз  Санкт-Петербург , Москва  қалаларының  кітапханаларында  сақталған  осы  газеттің  18  санын  ғана  анықтадық” — делінген /41/.  Бірақ , бұлардың  ешқайсысы  да  газеттің  қай  санының  қай  жылдары  шыққандығы  туралы  ешнәрсе  айтпайды .

Ал , шындығында  “Қазақстан”  газетінің  бастапқы  екі  санының  Ордада  шыққаны , Оралда  қайтадан  бірінші  нөмірінен  бастап  шыға  бастағаны  рас . Бірақ , 1911  жылдың  қараша-желтоқсан  айларында  Е. Нығметов  айтқандай , Оралда  екі  емес, үш  саны  шыққан  (15  қараша , 1 және  15  желтоқсан).  Ал,  1912  жылдың  2  қаңтарынан  бастап  шыққаны  газеттің  үшінші  емес , төртінші  нөмірі . Сол  жылдың  31  мамырына  дейін  барлығы  9  нөмірі  шыққан  /42/.  Газет  қаражат  жетіспеуіне  байланысты  біраз  уақыт  шығуын  тоқтатып ,  тек  1913  жылдың  27  қаңтарында  ғана  қайта  шыға  алды . Ол  туралы  жаңа  шыға  бастаған  “Қазақ”  газеті: “Оралский

қаласында  он  шақты  нөмірі  шығып  тоқтаған  “Қазақстан” жаңадан  шыға  бастады…

“Қазақстанның”  27 қаңтарда  шыққан  бірінші  нөмірі  басқармамызға  келді” — деп  жазды  /43/. Бірақ , газеттің  қайта  шыға  бастауы  да  ұзаққа  бармады .

Сол  жылдың  16  ақпанында  шыққан  екінші  нөмірінен  кейін  газет  өзінің  шығуын  біржола тоқтатты.

Сонымен , “Қазақстан”  газетінің  1911  жылы  5 ,  1912  жылы  9 ,  1913  жылы  2  нөмірі  шыққан . Газеттің  әр  нөмірінің  шыққан  жылы  мен  күнін  көрсетіп , ондағы  мақалалардың  мазмұндалған  библиографиясын  жасаған  Ү.  Субханбердинаның  еңбегі  де  соны  дәлелдейді . Демек , “Қазақстан”  газетінің  барлық  шыққан  саны  — 16. Газет  бетіне  жарияланған  мақалаларға  жасалынған  барлық  шолулар  да  сол  нөмірлердің  негізінде  жасалынған . Бұл  “Қазақстан”  газетінің  басқа  нөмірлерінің  болмағандығын  толығымен  дәлелдейді . Ал , газет  таралымы  туралы  ешқандай  мәлімет  әзірге  жоқ .

Жалпы , алғашқы  қазақ  басылымдарына  қатысты  әр  түрлі  көрсетіліп  жүрген  мәліметтер  басқа  да  газет-журналдарға  тән .

Бір  уақытта  дерлік  шыға  бастаған  “Айқап”  журналы  мен  “Қазақстан”  газетіне  дерек  көздері  ретінде  талдау  жасау  екеуіне  де  тән  көптеген  ортақ  нәрселердің  болғандығын  көрсетеді . Ең  бастысы  олардың  тек  қазақтың  тұңғыш  бейресми  мерзімді  басылымдары  ғана  емес , сонымен  қатар ,  бағыт-бағдарлары  да  ұқсас , бір-бірімен  үндес , және  тағдырлас  басылымдар  болғандығын , көтерген  мәселелерінің  де , ұлт  алдында  тұрған  міндеттерді  шешудегі  ұсынған  жолдарының  да  бір  болғандығын  байқау  қиын  емес .

Мысалы , “Айқап”  журналы  өзінің  1912  жылы  алдында  тұрған  міндеттері  туралы: “Биылғы  жылы  “Айқап”  журналының  алдымен  қолға  алатұғын  мәселесі  былтырғыдай  жер  мәселесі  болар…  Жерден  соңғы

журналымыздың  көп  ой  жүргізетұғын  мәселесі  таласу  һәм  партия болуды  жоғалту  хақында  болар…  Үшінші  мәселеміз , оқу  һәм  оқыту хақында  қалайынша  тәрбиелер  жасау  керек , соларды  қарастыру .

Төртіншіден ,  қатын-қыздарымыздың   кемшілікте  тұрғандықтарын  халыққа  ескерту” — деп  жазса ,  “Қазақстан”: “Газеттің  мақсат-міндеті:  кәсіп  айту , ғылым , өнер  тұрғысында” — деп  жазды .

Журнал  мен  газеттің  мақсат-міндеттерінің  бірлігі  олардың  мазмұн  жағынан  да  жақын  болуына  әсер  етті .  Екі  басылымға да  тән  ортақ  тақырыптар:  оқу-ағарту , білім  беру ,  ғылым ,  өнер  үйрену , жер , отырықшылдық , әйел  теңдігі , шаруашылық  жүргізу ,  әдет-ғұрып , салт-дәстүр  мәселелері , надандыққа  және  партиялық  бүліншілікке  қарсы  күрес  т.т.  болды . Екеуінің де  ғасыр  басында  ұлт  алдында  тұрған  отырықшылдыққа  көшу , қала  болып  тұру , бас  қосу  сияқты  қазақ  зиялыларының  арасында талас  тудырған  мәселелерде  бір  позицияда  болғандығы  белгілі . Және  екеуі  де  қаражат  жетіспеуіне  байланысты  өз  шығаруларын  тоқтатты .

Келтірілген  мысалдар  “Айқап”  журналы  мен  “Қазақстан”  газетінің  бір  бағытта  болған , мақсат-міндеттері  мен  тарихы  ортақ  басылымдар  болғандығын  толығымен  дәлелдейді  ғой  деп  ойлаймыз . Оның  тағы  бір  дәлелі  кеңестік  тарихнамада  бұлжымас  шындықтай  берік  орнаған  және  журнал  мен  газет  туралы  жазуға , олардың  беттерінде  жарияланған  материалдарға (таптық  тұрғыдан  болса  да)  біршама  талдау  жасауға  мүмкіндік  берген:  “Қазақ  баспасөзінің  тарихында  негізінде  екі  бағыт  болды .  Бірі – қазақ  ағартушылары  бастаған  прогресшіл-демократиялық  бағыт . Екіншісі —  буржуазиялық-ұлтшылдық  реакцияшыл  кертартпа  бағыт. Демократ  ақын-жазушылар  “Қазақстан”  газеті  мен  “Айқап”  журналының  төңірегіне  топталды , буржуазияшыл — ұлтшылдар  “Қазақ” , “Алаш”  газеттерін  және  басқаларын  өздерінің   кертартпалық   идеяларының  қаруы  етті” , — деген  тұжырымның  қалыптасуы .  Әрине ,  ақпан  төңкерісіне  дейін

қазақ  тілінде  шыққан  не  бары  төрт  басылымның  екеуін  “прогресшіл- демократ” , екеуін  “ұлтшыл-кертартпа” деп  бұлай  бөле  жарып  қараудың  уақыт  талабынан  туындаған , шындықтан  тым  алыс  жатқан  тұжырым  екендігі  түсінікті . Дегенмен , мына  бір  фактіні  ескермеуге  болмайды .

Ұлт  дамуын  жол  айрығына  әкеп  тіреген  1917  жылдың  соңы  мен  1918  жылдың  басында , тұтас  бір  империя  азаматтары  бір-бірімен  қарама-қарсы  екі  лагерге  бөліне  бастаған  тұста , Ресей  орталығында  басталған  ол  бүліншіліктің  қазақ  даласын  да  қамти  бастаған  кезінде , “Айқап”  журналы  мен  “Қазақстан”  газетінің   бұрынғы  шығарушылары  мен  редакторларының   және  негізгі  авторларының  басым  бөлігінің  большевиктер  партиясының  жел  сөзіне  еріп , елде  кеңес  өкіметін  орнату  ісіне  белсене  араласқандары  да ,  керісінше  “Қазақ”  газетінің  маңына  топтасқан  ұлт  зиялыларының  большевиктер  тарих  аренасына  шыққан  күннен  бастап , олардың  сандырақ  идеяларын  әшкерелеп , кеңес  өкіметіне  қарсы  соңына  дейін  күрескендері  де  рас .

Демек , “Қазақ  баспасөзінің  тарихында  негізінде  екі  бағыт  болғаны”  тарихи  шындық . Бірақ , кеңестік  тарихнамада  айтылғандай  бағыттар  емес, тіптен  басқа , одан  әлдеқайда  тереңде  жатқан ,  қазақ  зиялыларының  ішкі  дүниетанымдарынан  туындаған  бағыттар  болған  сияқты . Біздің  ойымызша , бұл  өзін  әрі  терең  зерттеуді  қажет  ететін  күрделі  қоғамдық  құбылыс .

“Айқап”  журналы  мен  “Қазақстан”  газеті  қазақтың  шын  мәніндегі  тұңғыш  бейресми  мерзімді  басылымдары  бола  білді . Екеуі  де  баспасөзге  деген  ұлттық  қажеттіліктің , қоғамдық  сұраныстың  нәтижесінде  пайда  болды . Және  екеуі  де  бүгінгі  ғасыр  басындағы  қазақ  тарихының  өзіндік  ерекшеліктері  бар  қайнар  көздерін  құрап  отыр .

.

Тағы рефераттар