«Антика» ұғымы Қайта өрлеу заманында пайда болды, бұл терминді итальяндықтар греко-рим мәдениетін анықтау үшін енгізді (латынның ежелгі деген сөзінен). Антика мәдениеті Европа мәдениетінің дамуында шығар нүкте болды. Ежелгі Греция адамды табиғаттың көркем де жетіліп жаратылған жаны, барлық заттар өлшемі ретінде ашты. Антика мәдениеті үшін дүниені тануда ұтымды (теориялық) тәсіл, эмоционалдық-эстетикалық қабылдау, әлеуметтік-практикалық және теориялық проблемаларды шешуде үйлесімді логика мен өзіндік дербестігі тән. Ежелгі грек мәдениетіне тән келесі белгілерді атап көрсетуге болады: ол ең алдымен космологиялы. Космос оның абсолюті болады. Космос грекше бұл ғалам әлемі ғана емес, бей-берекеттікке қарсы тұратын әлемдік тұтастық, әдемілік. Сұлулық, өлшем, үйлесім. Антика адамы барлық осы қасиеттермен адам арасындағы ара қатынасты белгілейді және грек мәдениетінің космологизмі антропоцентризмді болжайды. Ежелгі гректердің құдайлары антропоморфты, ал адамның денесі грек мәдениетінің барлық пішіндерінің өлшемі болады. Гректер риторикада шешендердің ең тамаша сөздерін атлеттердің әсем денелерімен салыстырған, ал сәулет өнеріндегі математикалық есептеулер адам денесінің пропорцияларымен ара қатынаста болған. Антика мәдениетінің маңызды белгісі – оның бәсекелестігі, ол өмірдің барлық салаларын сипаттайды. Грек егесі (күрес, жарыс) еркін гректің келесі қасиеттерін бейнелейді: ол өзін полис азаматы, оның өкілі ретінде ғана көрсете білді. Грек егесінде диалектика бастау алған, бұл өзінің дәлелдерін дәлелдей отырып, әңгімелесе білу, әр түрлі философиялық бағыттардың болу құқығын негіздеу. Ежелгі Грек мәдениетінің тағы бір белгісі – оның мерекелігі, оның сыртқы әдемілігі, ойын-сауықтылығы. Әдетте мерекелер полис қамқоршылары – құдайлардың құрметіне үнемі салтанатты шерулер мен жарыстар өткізумен байланысты болды. Алайда барлық ғасырда антиканың негізгі тенденцияларын көркем мәдениет — өнер толық бейнеледі.
Ежелгі Грек өнерінің тарихы бірнеше кезеңдерден құралады. Крито-микен кезеңі немесе эгей кезеңінде (б.з. дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдық) Крит шеберлерінің өнері гүлденіп, Балкандағы ахей тайпаларының шығармашылық белсенділігі өседі. Б.з. дейінгі ХІ ғасырдан VIII ғасырға дейін шартты түрде «гомер» деп аталатын кезең жалғасады. Ол белгілі эпостың пайда болуымен, керамиканың таралуымен сипатталады. Б.з. дейінгі VII-VI ғ.ғ. көне дәуір дербес қала полистерінің құрылуы және өнердің қарқынды даму кезеңі болды. Классикалық кезең б.з. дейінгі V және IV ғасырларды қамтиды және ежелгі грек өркениеті дамуының жоғарғы нүктесі болып саналады. Грек мәдениеті дамуының соңғы кезеңі (б.з. дейінгі ІІІ-І ғасыр) эллинизм дәуірі – Жерорта теңізі бассейнінде тұрған халықтар арасында Эллада мәдениетінің кең таралуымен сипатталады.
Көне заман кезеңінде қала-мемлекеттің антикалық полисі қалыптасады, оның азаматтық қауымына қаланы қоршап тұрған ауыл шаруашылық территориясы да кіреді. Ең ірі полистер Афина, Спарта, Коринф, Аргос, Фива болды. Саяси жағынан Греция жеке қала-мемлекеттерге бөлінгенмен, көне заман кезеңінде “эллиндер”, “Эллада” ұғымдары пайда болады.
Грек мәдениетінің органикалық бөлігі саяси сипаттағы дін болды. Олимпия құдайларының бейнелерінде демонизм, зооморфизм жұрнағы бар, бірақ антропоморфизм бірінші орынға шығады. Антропоморфизм – анимизм формаларының бірі: адамға тән психикалық қасиеттердің табиғат құбылыстарына, жануарларға, заттарға ауысуы; құдайды адам бейнесінде беру, жалпы гректіктен басқа (Зевс, Гера, Посейдон, Аполлон, Афродита, Афина, Дионис және т.б.), Грецияның әр облысында орманда, тауда, далада тұратын жергілікті құдайлар болған, Құдайлар адамдар тәрізді тағдырға көнгіш келген, бірақ олардан айырмашылығы өлмейтін мәңгілік болған. Құдайлар туралы мифтерден басқа гректерде қаһармандар, жартылай құдай түріндегі жандар туралы мифтер тараған (Геракл, Ахилл, Энеи). Грек мифологиясы басқа халықтардың мәдениетіне үлкен әсер етті, ол ақындар мен суретшілердің шабыт көзі болып табылады.
Грециядағы діннің ажырамас бөлігі құдай мүсінімен азаматтардың салтанатты шеруі формасында бас құдайды құрметтеу және құрбандық шалудан соң, мерекелік шаралар өткізу болды. Ең белгілілері Зевске арналған спорт жарыстары – Олимпиада ойындарын өткізу болды, Олимпиада ойындары б.з. дейінгі 776 жылдан төрт жылда бір рет өткізіледі.
Көне заман дәуірінде Грецияның ең дамыған облысы Иония болды, осында антиканың бірінші философиялық жүйесі – натур-философия пайда болды. Оның өкілдері табиғатты, оның заңдылықтарын түсініп, барлығының алғашқы негізін айқындауға тырысты. Сонымен Фалес барлық заттардың алғашқы негізі деп – суды, Анаксимен – ауаны, Анаксимандр – апейронды (шексіз) атады, олар дүниені біртұтас материалдық бүтін деп қабылдады. Көрнекті математик Пифагор (б.з. дейінгі 6 ғ.) дүниенің алғашқы негізі сандар мен сандық қатынастар деп санады. Гераклит шындықтың негізі – от деп болжаған, ол болмыс үнемі өзгерісте, қозғалыста, мәңгі күресте болады деп санаған.
Б.з. дейінгі VIII-VII ғасырларда Гесиодтың «Теогониясы» жарыққа шығады, онда ежелгі гректің мифологиялық хикаялары жүйеленіп, дүниенің пайда болуының космогониялық суреті беріліп, гректік көркем мәдениеттің дамуында маңызды сәтті анықтайды, құдай, қаһарман, мифологиялық жандар адамдық кейіпке енеді.
Көне заман әдебиетінде маңызды роль эпостан лирикалық поэзияға ауысады. Адамға, оның ішкі әлеміне, оның сезімдері мен қуаныштарына көңіл аудару Архилок (б.з. дейінгі VII ғ.), Сафо (б.з. дейінгі VII-VI ғ.), Анакреот (б.з. дейінгі VI ғ.) шығармашылығына тән.
Діни мейрамдар салтынан шыққан грек театры көне заманға жатады. Мүсін, сәулет өнері дамиды. Б.з. дейінгі VI ғасырда доридалық және иондық варианттарда сәулет ордері жасалады. Алайда көне заман кезеңіндегі грек өнерінің негізгі тенденцияларын құмыра өрнегі толық көрсетті. Б.з. дейінгі VI ғ. ортасында қара фигуралы құмыра өрнегі дамыды, құмыраның сыртына тұрмысты бейнелейтін суреттер қызыл балшыққа қара лакпен салынды. «Гомер кезеңімен» берілетін дұрыс реттелген космос геометриялық белгілер – символдармен көрнекі түрде ашылады. Кейіннен сұлбалық қара фигуралы жазу қызыл фигуралы стильмен ауыстырылды, ол әрекеттің кең мүмкіндіктерін, кеңістік, көлем тереңдігін, бейнелеу бөлшектерін ашты.
Грек-парсы соғысы Ежелгі Греция тарихындағы аралық кезең болды (б.з. дейінгі 500-490 ж.ж.). Олар антика полисі – көне заманды қалыптастыру кезеңін аяқтайды және гүлдену кезеңі – классикалық басталады. Гректердің парсыларды жеңуі, классикалық құл иеленудің қалыптасуы, полисті демократияның дамуы б.з. дейінгі V ғасырда Грецияның экономикалық және саяси өмірінің өркендеуіне және мәдениетінің дамуына себеп болды. Мәдениет орталығы Афина болды, әсіресе Периклдің тұсында (б.з. дейінгі 444-429 ж.ж.).
Классикалық кезеңде философия дамиды, Демокриттің атомистік теориясы пайда болады (б.з. дейінгі 470 немесе 460 ж.ж.), софистік бағыт (Протагор) пайда болады, ол танымның объективті сипатын мойындайтын Демокриттен айырмашылығы қанша адам болса, сонша шындық болады деген. Софистерден Сократ шыққан (б.з. дейінгі 469-399 ж.ж.), ол абсолютті шындық бар, бірақ оны тек құдай ғана біледі деп санаған.
Б.з. дейінгі V ғ. әдебиетте комедия мен трагедия негізгі жанр болып саналды. Грек трагедиясы гомер эпосы тәрізді эстетикалық қана емес, тәрбиелік функция да атқарды. Трагедия авторлары көрерменді қызықтырып қана қоймай, оларды қорқытып, кейіпкерлерді мысалға ала отырып, құдай заңдарының әрекетін көрсетуге тырысты. Трагедияда катарсис (тазару), адамдардың адамгершілік қасиетін арттыру, қайғысына ортақтасу және аяушылық білдіру арқылы жанды «сұрқиялықтан» босату ұғымы орын алды.
Классикалық грек трагедиясын жасаушы Эсхил (б.з. дейінгі 525-456 ж.ж.) болды. Ол драманы динамикалы етіп, екінші ойнаушы адамдарды енгізді, оның аты декорациялар, маскалар қолданумен байланысты.
Эсхилдің негізгі мотивтерінің бірі – азаматтық ерліктерді, отан сүйгіштікті дәріптеу, және де жаза тақырыбы. Эсхил трагедиялары діни-этикалық шекарада шындық, әділдік, игілік ұғымдарын анықтайды: құдайлар белгілеп, бақылайтын әділ жазалаудың болмай қалмайтын заңы болды. Эсхилде құдайлардың еркі әділ, бірақ құдайларға жаңа қатынастың элементтері енгізіледі, Афина азаматтары мен олимпшілер бейнелерінің әлеуметтік құндылықтарының арасы салыстырылды. «Бұғаудағы Прометей» трагедиясында отты тапқан адамдар алып Прометейдің айтуымен қатал, құдіретті Зевсті шақырады.
Софокл трагедиясының дауы (б.з. дейінгі 497-406 ж.ж.) адам мен тағдыр арасындағы қарсылық. Құдайлардың құдіреті күшті, адамдар, кейіпкерлер, тұлғалар қайтпас жігерлі және күшті («Эдип-патша», «Антигона», «Электра» трагедиялары). Софокл трагедияларында көркем мәдениеттің жаңа лебі бейнеленген: өмірлік таңдауын өз бетімен, жеке анықтайтын нақты тұлғаға көңіл аудару.
Адамға тұлға ретінде қарау Еврипид (б.з. дейінгі 480-406 ж.ж.) трагедияларында жалғасады, оны психологиялық драманы жасаушы деп атайды. Құдайлардың зұлымдығы шүбәсіз (Еврипид бойынша), бірақ олар құдіретті емес: адам қасіретінің көзі оның жанының құмарлығы мен сезімі («Медея», «Федра»).
Саяси өткірлік пен қажеттілікке толы комедия жазған Аристофон (б.з. дейінгі шамамен 445-шамамен 385 ж.ж.) тамаша комедиограф болды («Дүние», «Салт аттылар», «Лисистрата»).
Б.з. дейінгі V ғасырда тарихнама белсенді дамиды. Геродотты «Тарих атасы» деп атаған (б.з. дейінгі 484-430 ж.ж.), оның басты туындысы «Тарих» грек-парсы соғысына арналған. Антикадағы ең зор тарихшы Фукидид (б.з.д дейінгі 460-400 ж.ж.) болған. «Пелопоннен соғысының тарихы» шығармасында ол бірінші рет ғылыми-сындық әдісті қолданды, оқиғалардың себептік байланыстарын ашуға тырысты.
Б.з. дейінгі V ғасыр өнерінің басты міндеті парсы соғысының жеңімпазы, полистің еркін азаматының рухани күшін, оның қасиетін шындықпен бейнелеу болды. Бұл тақырып мүсін өнерінде де өз орнын табады.
Фидий адамзат тұлғасының идеалын Парфенос және Олимпия Зевсінің мүсіндерінде көрсетті. Фидийдің замандастары Мирон (“Дискобол”) және Поликлет (“Дорифор”, “Жаралы амазонка”, алтын мен піл сүйегінен жасалған Гера мүсіні) болды. Олардың бәрі адамдарды идеал етіп суреттеді.
V ғасырда Афинада монументті құрылыс өріс алды. Антика сәулетінің тарихында Афина Акрополіндегі құрылыстар кешені ерекше орын алады. Б.з. дейінгі 480 жылы парсылар қиратқан қала Фидийдің басшылығымен V ғасыр бойы салынады. Акрополь ансамблі ежелгі грек сәулет өнерінің шыңы, Афинаның гүлденуі мен қуаттылығының символы болып есептеледі. Ол бірнеше құрылыстардан тұрады, олар Пропилей (көшеге шығатын есігі), Ники Аптерос ордасы (Қанатсыз жеңіс), осында Афинаның басты ордасы – Парфенон, Афина, Посейдон, Эретея, Эрехтейон ордалары тұрғызылады.
Б.з. дейінгі IV ғ. Греция тарихы – бұл полис дағдарысының тарихы. Бірінші белгілері Афина мен Спарта арасында Афинаның жеңілуімен аяқталған Пелопоннен соғысы кезінде (б.з. дейінгі 431-404 ж.ж.) пайда болды. Полис дағдарысы заңды құбылыс болды. Грецияда тауарлық-ақша қатынастарының дамуы жерге жеке меншіктің таралуына әкелді, ол антиканың меншік формасы – қала-мемлекеттің экономикалық базасын ығыстырып шығарды. Дағдарысқа байланысты полистің азаматтар ұжымы ретінде идеологиясы өз мәнін жоғалтады. Индивидуализм, жеке басының амандығын тілеу дамып, парсыларға қарсы соғыста үлкен роль атқарған отансүйгіштік рухы жоғалады. Дағдарыс кезеңінде Греция ісіне басқа елдер араласа бастайды, оның ішінде Парсы елі, Македония. Соңында б.з.д дейінгі 338 ж. Греция өзінің саяси тәуелсіздігін жоғалтып, македон патшасы Филипп ІІ бағынады.
IV ғасырдағы Греция полистерінің қоғамдық өміріндегі саяси дағдарыс адамдардың жеке тілектері мен қажеттіліктерін құнттап, өзін-өзі жетілдіруде өз жеке бақытын іздеуге әкелді. Осы заман философиясында киниктер өте әйгілі болды (Антисфен, Диоген). Олар адам зұлымдықтан бойын аулақ салып, азды қанағат ету керек, бұл оның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді деген. Алайда киниктердің тәуелсіздігі мәдениетті, отбасыны, дүние-мүлікті, мемлекетті, қоғамдық белгілерді жоққа шығарды.
Полис дағдарысының дәуірінде екі белгілі антика философы Платон мен Аристотель өмір сүрді. Осы кезеңде шешендік өнер (Демосфен) жоғары деңгейге жетеді. Б.з. дейінгі IV ғ. ең белгілі тарихшы Ксеносфонт болды.
Б.з. дейінгі IV ғ. грек сәулет өнерінің бірқатар ерекшеліктері бар. Грек сәулет стильдерінің ішінен ең күрделі және таңдамалысы коринфтік жиі кездеседі.
Полисті идеология дағдарысы грек мүсінінің дамуына үлкен әсер етті. Б.з. дейінгі IV ғ. ең танымал мүсіншілер Пракситель, Скопас, Лисип болды. Праксительдің “Афродита Книдская”, “Гермес нәресте Диониспен” мүсіндері ең алдымен эстетикалық талаптарға жауап береді, олар талғампаз сұлулық пен көркемдік символы болып табылады. Скопастың шығармашылығы мүлдем бөлек (“Геракл”, “Вакханка”), олардың бейнелері динамикалы, ынтық, сұрапыл қарқынды, ол терең сезімдер мен драмалық жағдайларға көңіл аударады. Б.з. дейінгі V ғ. Поликлет жасаған адам бейнесінің канонын қайта қарап шығып, Лисипп адамдардың денесін жеңіл ұзартылған пропорциялармен жасады. Ол өмір шындығына келетін мүсіндер (“Апоксиомен”, “Геракл”, “Гермес”) мен мүсіндік портреттер (Сократтың, Александр Македонскийдің, Лисипп олардың сарай жанындағы суретшісі болды) жазды.
Греция тарихындағы жаңа кезең Филипп ІІ ұлы Александр Македонскийдің (б.з. дейінгі 356-323 ж.ж.) Шығысқа жорығы болды. Жорық нәтижесінде (б.з. дейінгі 334-324 ж.ж.) Дунайдан Индаға дейін, Египеттен қазіргі Орта Азияға дейін созылған үлкен держава құрылды. Эллинизм дәуірі, грек мәдениетінің А. Македонскийдің барлық державасына таралатын дәуірі басталады.
Эллинизм дәуірінде ғылым мен техника дамиды. Осы кезеңнің атақты ғалымдары Архимед, Евклид, Эратосфен және басқалар болды.
Эллинистік мүсіншілер көрермендерді өздерінің шығармаларымен толғандырып, ол үшін көркемдігі жоғары формалар тапты. Мүсіншілер Агесандр, Полидор, Афинадордың “Лаокооны” осындай. Гомердің “Иллиадасынан” алынған сюжет – троян абызы Лаокоон мен оның ұлдарының қалаға белгілі троян атын енгізуге қарсылық жасағаны үшін құдайлар жіберген өлімі адам трагедиясы ретінде қарастырылады. Осы кезеңнің елеулі шығармаларына мыналар жатады: Зевстің пергам альтарының рельефтері, Мелос аралынан келген Афродита (Венера Милосская), Ника Самофракийская, біздің заманымызға жетпеген, қоладан жасалған, биіктігі 35 м Колосс Родосский.
Эллинизм өнері сол қарқынды дәуір адамдарын толғандырған идеяларды суреттеді, ал көркем мәдениет Жерорта теңізінің әр түрлі облыстарындағы өнердің көптеген түрлерін дамыту негізі болды. Б.з. дейінгі 1 ғ. соңынан эллинистік мемлекеттер құри бастағанда антика әлемінде рим өнері жетекші мәнге ие бола бастайды. Ол өзіне Греция мәдениеті мен өнерін сіңіре отырып, зор Рим державасының көркем практикасына үлесін қосты. Гректердің антикалық антропоцентризміне римдіктер парасатты дүниетаным белгілерін енгізді. Ойлау дәлдігі мен тарихилығы, қатаң проза гректердің миф шығармашылығының мәнді поэтикасынан бөлек көркем мәдениет негізі болды.
Римнің көркем мәдениеті алуандығымен және формаларының ала-құлалығымен ерекшеленеді, онда Рим бағындырған елдердің өнеріне тән белгілер бейнеленген. Гүлдену кезеңіндегі рим өнерінде сәулет жетекші роль атқарды, оның ескерткіштері қазірдің өзінде өзінің алыптығымен таңдандырады. Римдіктер әлемдік сәулетшіліктің жаңа дәуірін ашты, онда көп адамдар санына есептелген қоғамдық құрылыстар негізгі орын алады. Барлық әлемде инженерлік өнер биіктігі, құрылыстар типтерінің алуандығы, композициялық формалар байлығы, құрылыс масштабы бойынша тең келетін сәулет жоқ. Римдіктер қала, ауыл ансамбліне және пейзажына сәулет объектілері ретінде инженерлік құрылыстар (акведуктер, көпірлер, жолдар, айлақтар, бекіністер) салды. Олар грек сәулетінің принциптерін, алдымен оның ордерлік жүйесін қайта өңдеді.
Алайда Римдегі грек өнерін құрайтын гуманистік бастаудың, айбындылық пен үйлесімнің орнын императорлардың билігін, империяның әскери қуатын дәріптеу басты. Осыдан асыра сілтеушілік, жалған пафос шықты, ал оның жанында кедейлердің жыртық лашықтары, қисық көшелері мен қаладағы лас, қараңғы түпкірлер тұрды.
Монументті мүсін облысында римдіктер гректерден қалып қойды және гректер сияқты зор ескерткіштер жасаған жоқ. Бірақ олар пластиканы өмірдің жаңа жақтарын аша отырып байытты, сәулет декорының маңызды бөлігін құрайтын тұрмыстық және тарихи бедер жасады.
Рим мүсін өнерінің ең үздік мұрасы – портрет. Шығармашылықтың дербес түрі ретінде ол б.з. дейінгі 1 ғ. басынан байқалады. Римдіктер осы жанрды жаңаша түсінді. Олар грек мүсіншілерінен айырмашылығы нақты адамның бет-бейнесін мұқият және жіті зерттеді.
Б.з. дейінгі І ғ. соңында Рим мемлекеті аристократиялық республикадан империяға айналды. «Рим әлемі» деп аталатын Август билік құрып тұрған кездегі таптық күрестің тыныш уақыты (б.з. дейінгі 27 ж. – б.з. дейінгі 24 ж.) өнердің жоғары гүлденуін ынталандырды. Антика тарихшылары осы кезеңді Рим мемлекетінің «алтын ғасыры» деп сипаттайды. Онымен сәулетші Витрувийдің, тарихшы Тита Ливийдің, ақындар Вергилийдің, Овидийдің, Горацияның есімдері байланысты.
Б.з. І ғ. соңы мен ІІ ғ. басы – үлкен кеңістікті құлаштағы керемет сәулет кешендерін салу уақыты. Ежелгі республикалық Форумның жанынан салтанатты рәсімдерге арналған императорлар форумдары салынды. Көп қабатты үйлер салынды, олар Рим мен империяның басқа қалаларының бейнесін айқындады. Императорлық Римнің қуаты мен тарихи мәнінің үлгісі әскери жеңісті дәріптейтін салтанатты құрылыстар болды.
Ежелгі Римнің ең зор көріністі құрылысы – Колизей, бұл керемет көріністер мен гладиаторлық ұрыстар орны болды. Құрылысшылар оның үлкен тастан жасалған жеріне 50 мың көрерменді ыңғайлы орналастыру керек болды. Колизейдің қуатты қабырғалары тұтас аркадалармен 4 бөлікке бөлінген, төменгі бөлігі кіретін және шығатын орын болды. Төмен түсетін орындар көрермендердің қоғамдық рангысына байланысты бөлінді. Колизеймен жасалу шеберлігі және кеңістік шешіміне байланысты еркін үйлесімімен көз тартатын Пантеон ордасы ғана бәсекелесе алады.
Рим өнері антика көркем мәдениетінің үлкен кезеңін аяқтайды. 395 ж. Рим империясы Батысқа және Шығысқа бөлінеді. IV-VII ғ.ғ. варварлар қиратқан, тонаған Рим босап қалды, оның құлаған орнында жаңа селолар пайда болды, бірақ рим өнерінің дәстүрлері жалғасын тапты. Ежелгі Римнің көркем бейнелері Қайта Өрлеу заманының шеберлерін шабыттандырды.
Тағы рефераттар
- Ежелгі дәуірдегі Қазақстан (Тас және қола дәуірлері)
- Күлтегін жыры және қазақ эпосы
- Мұхаммед Хайдар Дулати
- Аспаптық материалдар
- Қазақстанның қазба байлықтары