Мектеп оқушыларының бейнелеу өнері арқылы танымдық іс-әрекеттерін арттырудың маңызы жоғары болып саналады. Олардың кеңістіктік ойлауын дамыту бүкіл дүниетанымын қалыптастыруға ықпал жасайды.Оқушыларға білім мен тәрбие беруде бейнелеу өнерінің оқуға қызығушылықтарын арттыруға тигізер әсері күшті. Олардағы оқуға қызығушылықтың негізінде қалыптасатын оқу іс-әрекетінің өнімдері білімдерде, іс-әрекетте, рухани өмірде, қоғамдық қатынастарда бейнеленеді. Сөйтіп, бұл оқу іс-әрекетінде тұлғаның барлық қажетті сапаларын қалыптастыруға көмектеседі. 

Кілт сөздер:бейнелеу өнері, кеңістіктік ойлау, оқуға қызығушылық, танымдық іс-әрекет, білім сапасы.

Қазіргі таңда Отанымыз күрделі тарихи бетбұрыстар мен қоғамдық жаңартулар тұсында дамып келеді. Осы кезеңде елімізде жүріп жатқан ауқымды өзгерістердің мәнін білім беру жүйесін, мектептердегі жас ұрпақты тәрбиелеп, оқыту мәселесінің жаңа қарқынмен дамуға бет алуынан байқауға болады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім беру саласын дамытудың алдағы онжылдықтарға арналған бағдарламаларын қарқынды жүзеге асыру  міндеттері межеленді [1].

Кемелделген тұлға тәрбиелеу ісі ең алдымен оған қажетті алғы шарттар мен жан-жақты тәрбиелеу құралдарына тікелей байланысты. Осындай парасаттылыққа, ізгілікке және әсем талғамға тәрбиелеу құралдарының бірі — өнер болып табылады. Соның ішіндегі бейнелеу өнерінің жас ұрпақтың қалыптасуына, тәрбиесі мен білімін жетілдіруде әсері ұшан-теңіз. Атап айтсақ, оқушының өзін қоршаған ортаны танып-білуіне ұшқыр қиялы мен нәзік сезімдерінің дамуына, ғибрат пен саналылыққа, биік адамгершілік сезімдерге, яғни рухани жағынан дамып, жан-жақты жетілуіне ықпал ете алады. Өнерге жаны құштар, өз ісінің білгірі, терең ойлы бала жүрегін ұға алатын педагог өз кезегінде бала тәрбиесінде өнердің маңызын  жете  түсініп, өз мамандығын шығармашылық еңбекпен ұштастырары сөзсіз. Түрлі өнер саласы бойынша хабардар болып, жалпы көркемдік бағыттағы тәрбие туралы мәліметтер жинақтауы педагог беделін арттыра түседі. Әсіресе, бейнелеу өнері материалдарын пайдаланудың маңыздылығы да, көлемі де үлкен болып табылады. Бұл мәселелерге қатысты зерттеулер, оларды талдау мәселелері Б.М.Неменский, Л.С.Выготский, Б.Юсов, Т.Я.Шпикалова, М.Н.Ростовцев, С.Герасимов, Қ.Ералин, А.Қамақ, Қ.Болатбаев, Ж.Балкенов, Қ.Жеделов, т.б. еңбектерінде орын алған.

Бейнелеу өнері – бұл адам баласының заманнан заманға рухани, эстетикалық байлығы ретінде ұласып келе жатқан өнер саласы, ал сурет – бұл шежіре, ондаған ғасырлар бойы бүкіл адам тарихтарын, тіршілік тарихын шашауын шығармай, жоғалтпай жеткізген бірден-бір куәгер. Бейнелеу өнерімен айналыса отырып, адам тек суретшінің практикалық дағдыларын ғана меңгеріп, шығармашылық ойларын жүзеге асырып қана қоймайды, сонымен бірге өзін талғампаздыққа тәрбиелейді. Мектеп кезеңіндегі оқушылардың бейнелеу әрекеті баланы көңілсіз жағдайдан шығарып, жүйкеге түскен салмақты азайтып, эмоционалдық көңіл-күй, оқуға қызығушылық туғызады.

Мектептегі бейнелеу өнері пәнінің оқу материалдарын игеру оқушыларға зор талап қоятыны белгілі. Өйткені, шындықтағы құбылыстардың сыр-сипатын, мән-жайын ұғыну — өте күрделі танымдық әрекет. Мұның өзі бірнеше кезеңдерден тұратыны қазіргі ғылымға белгілі. Мәселен, сабақта материалды ұғынып, түсінудің алғашқы таныстыру кезеңінде оқушы нені, қалай оқу керектігі жайлы жалпы мағлұмат алады. Бұдан кейінгі кезеңде, ол мұны тәжірибеде байқап көреді. Үшінші кезеңде түсінгенін, ұғынғанын сөзбен тұжырымдайды. Төртінші кезеңде олар ойына ұстап тұрады да, бесінші кезеңде оқушыда зат пен құбылыс туралы белгілі ұғым қалыптасатын болады. Ақыл-ой амалдарын меңгеру арқылы оқушы шындықтағы заттардың байланыс-қатынастарын меңгереді, бір затты екіншісімен салыстырып, олардың айырмашылық, ұқсастықтарын айыра білуге, соларды дәлелдей алуға  үйренеді. Ұғыну, түсіну дегеніміздің өзі де — нәрседе себеппен қатар нәтиже болатындығына оқушының көзінің жетуі. Мектепте бейнелеу өнері пәнін оқытуда да осындай күрделі кезеңдердің барлығын тұтас ұстап тұратын өте маңызды және ауқымды күш – оқушылардың оқуға деген қызығушылықтары мен ынта-ықыластары болып табылады.

Мұғалім оқушы ойлауындағы талдау тәсілінің қалыптасуына жеткіліксіз көңіл бөлетін болса, ондайда оқушы материалдың бір-бірімен байланысының жеке жақтарын ғана меңгереді, әр ұғымның мәнін, өзіндік ерекшелігін жете түсінбей қалады. Сондай-ақ мұғалім сабақ беруде жинақтау тәсілін ойдағыдай пайдалана алмаса, онда берілетін мағлұмат бұрынғы материалмен дұрыс байланыспай қалады, бұл берілген мағлұматтың практикалық мәнінің төмендеуіне әкеліп  соғады.  Оқушыда  белсенді  ойлау  процесін  дамытудың орнына олардың есте сақтау, жаттау қабілетін өсіруге ерекше мән беріліп кетеді. Әрине, оқушының есте сақтау қабілетін дамыту қажет. Бірақ оқушыны оқуға қызықтыра отырып ойландырып, әр нәрсені бір-бірімен салыстырғызып, талдатып-жинақтатып, дәлелдеткізіп үйретсе ғана олардың танымы мен білімі мазмұнды болады.

Білім – адамзаттың жинақталған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамның игілігіне айналдыру үшін оны ойлау операциясы, талдау, салыстыру, жіктеу және жинақтау арқылы терең ұғыну қажет. Оқушы ойлау операциясына сүйеніп өз білімін шындыққа айналдырады. Бұл дамытып оқытудың негізгі ережесі, яғни оқушылардың таным іс-әрекетін дамыту, оларды өз бетімен ізденуге, зерттей білуге және жаңа білімді еркін игеруге үйрету болып табылады. Оқушылардың білімі – оқыту процесін, ең бірінші кезекте оқу материалдарын меңгерудің нәтижесі. Білім – қандай да бір танымдық іс-әрекетті жасау негізі, ал танымдық іс-әрекет жеке тұлғаны қалыптастырады. Сөйтіп, білім – қоғамдық-өндірістік тәжірибеде қолданылады, меңгерілген сапалы білімнің көмегімен адам жаңа білімдер жасауға қатысады, еңбекке дағдыланады, қоғамдық-материалдық байланыстың артуына, рухани мәдениетінің дамуына өз үлесін қосады.

Әл-Фараби бақытты болу мен қоғамдық тіршілікті жақсарту білімділікке байланысты екендігін ескерте келе, білім мен өнерді меңгергеннен кейін адамда іскерлік пен өз бетінше әрекеттену, парасаттылық пайда болатындығын айқындаған [2].

Оқушыларға білім мен тәрбие беруде бейнелеу өнерінің өзіндік орны бар екендігі белгілі. Бейнелеу өнерінің жалпы білім беру пәні ретіндегі пайдасын педагог Я.А.Коменский белгілеп беріп, өнерді үш талап негізінде, яғни, өнерді дұрыс пайдалану, өнерді сапалы бағытта оқыту, жиі жаттығулар жасау арқылы үйренуді анықтаған [3].

Мектепте бейнелеу өнерін оқытудағы эстетикалық тәрбиенің мазмұнын айқындаған педагог Б.Неменский өз еңбектерінде неміс ақыны Иоганн Вольфганг Гетенің сурет салуға өте үлкен мән беріп, оның балаларды өте қызықтыратындығын, дүниені кең әрі терең тануға көмектесетіндігін жазғандығын мысал ретінде келтіреді. Ол И.В.Гетенің: «Сурет салу мен өнерді оқып білу кедергі жасаудың орнына ақындық шығармашылыққа көмектеседі. Жазуды азайтып, сурет салуды көбейту керек» деген сөздерін тілге тиек етеді [4].

Осындай  тұжырымдардың, идеялардың көп болғанына қарамастан бейнелеу өнерінің, сурет салудың мектептерде пән ретінде жүргізілуіне ХІХ ғасырда ғана қол жеткізілді. Оның жүзеге асырылуына көрнекті педагог И.Г.Пестолоццидің зор ықпалы болды, сондықтан И.Г.Пестолоцци сурет салуды мектептердің оқу бағдарламаларына пән ретінде енгізген педагог- ғалым деп саналады. Ол дүниені, қоршаған табиғатты дұрыс тану арқылы дұрыс  ойлау  мүмкіндігі  сурет  салумен  туатындығын   көрсетті.  Ол  өнерді

                                        А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №2, 2013

 

талқылай отырып, игеру үшін арнайы жаттығулар, яғни көзді барлық заттар мен құбылыстарға салыстыра, талдай, топтастыра отырып қарауға үйрететін жаттығуларды ұсынды. Көрнекті ғалым жазудан бұрын сурет салуды үйренудің пайдалы әрі қызықты екендігін, яғни қызықты іс-әрекет ретінде сурет салу жазудың жеңіл үйретілуіне себепші болатындығын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Сөйтіп, сурет негіздеріне барлық баланы үйретуге болатындығын, сондықтан оның жалпы білім берушілік мәнін ескере отырып, басқа  пәндермен қатар мектептегі өз орнын алуын қолдады [5].

Оқушылардың бейнелеу өнері арқылы оқуға қызығушылықтарын арттыруда олардың кеңістіктік түсінік, ұғымдарын, ойларын дамытудың ерекше ролі бар. Балалардың кеңістіктік елестетулерінің, қиялының дамуы олардың ойлау қабілетімен тікелей байланыста болады. Кеңістіктік ойлаудың әлсіз болуы ғылымдар негізін игеру міндетін орындауды қиындатады. Мәселен, бейнелеу өнерінің тәрбиелік теориясын қалыптастыруға үлес қосқан С.А.Герасимов бір заттың айналасындағы кеңістік құбылыстарын ғылыми перспектива элементтерін ескере отырып анықтау керектігін айтады [6]. П.А.Сорокун оқушылардың кеңіcтіктік елестету ойлауын арттыру — олардың бейнелі ойлауының күрделі психикалық үрдістерінің дамуына ықпал етуші факторы деп есептеді [7].

Оқушылардың бейнелеу өнерін оқудағы қызығушылықтары басқа пәндердің материалдарын меңгеруге де септігін тигізеді. Меңгеру нәтижесінің сапасы оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларын бағалау арқылы анықталады. Ал білім сапасы – білімді меңгеру нәтижесі болып табылады. Бұл жерде іскерлік дегеніміз – іс әрекетті жақсы істеуге керекті жұмыс тәсілдерін белгілі бір жағдайларға байланысты таңдау және қолдану, адамның жұмысты жаңа жағдайда өнімді, сапалы, уақытында істей білу қабілеті. Іс-әрекет іскерлікке айналу үшін педагогикалық жағдайлар жасалады. Іскерліктің құрылымына елес, ұғым, білім, дағды, зейінді шоғырландыру, бөлу, ауыстыру, қабылдау, ойлау, іс-әрекет процесін реттеу және өзін-өзі бақылау дағдылары енеді. Осы бөліктердің бірлігі арқылы оқушы өз жұмысының нәтижесін түсініп, оған жету үшін іс-әрекеттің тиімді тәсілдері арқылы жұмыс істеп жақсы нәтиже алады.

Оқушының оқуы – олардың танымдық іс-әрекеті болып табылады. Осы іс-әрекеттің маңызды белгілеріне өзін-өзі сынау және өз бетімен жұмыс істей білу, оқуға қызығушылық, қажеттілік, танымдық белсенділік, табындылық, жігерлілік, өзінің алдында тұрған міндеттерді дұрыс түсіну, керекті іс-қимылдарды таңдау жатады. Оқуға қызығушылықтың негізінде қалыптасатын оқу іс-әрекетінің өнімдері білімдерде, іс-әрекетте, рухани өмірде, қоғамдық қатынастарда бейнеленеді. Сөйтіп, оқу іс-әрекетінде тұлғаның барлық қажетті сапалары көрініп қалыптасады.

Қоғамның барған сайын күрделеніп, қарқындап даму барысында оқушылардың қызығу жүйелерін Ф.Гусейнова зерттесе, оқушылардың танымдық   дамуы   мен   қызығушылығына   оқу   құралдарының  әсеріне А.Дусавицкий зерттеулер жүргізді, ал оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру, білімді игеру үдерісін басқару мәселелерін Н.Ф.Талызина қарастырды [8].

Оқушының білімді меңгеруі, ұғынуы, мұғалімнің сабақ оқытуы, екеуі де — «инемен құдық қазғандай» қиын нәрсе. Мәселен, мұғалім оқушыға бұрыннан таныс нәрсені ығыр қылып айта берсе, осы жағдай онда ақыл-ой тапшылығын, кейде тіпті оқуға қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Сондықтан ұстаз әркез оқушының рухани тілектерін, таным белсенділігін шөліркетпей, оны ұдайы қанағаттандырып, оның табиғатты, өмірді, адамдар еңбегін білуге құштарлығын дамытып отыруы қажет.

А.А.Бейсенбаева оқушылардың білім сапасын, оқуға қызығушылықтарын арттыруға тікелей ықпал жасаушы танымдық әрекеттердің өзіне тән ерекшеліктерін былай көрсетеді:

–    таным процесінің ғылымдағы объектісі — белгісіз құбылыстар;

– оқушылардың таным процесі үнемдірек, яғни әдіскерлердің, ұстаздардың көмегімен әрбір мектеп пәні бойынша маңызды білімдер негізі іріктелініп алынады;

–  оқыту процесінің ерекшелігі оқуды әрі қарай жалғастыруға және өз бетінше еңбек әрекетіне дайындалуына қажетті іскерлік пен дағдыларды игеру мен оның байланысы болып табылады;

–  мектептегі таным процесі тек білім берушілік емес, сонымен бірге тәрбиелеушілік, дамытушылық сипатта болады. Білімді игеру барысында ақыл-ой қабілеттері дамиды, олардың көзқарастары мен сенімдері қалыптасады;

– оқушылардың таным процестері олардың жастарына сай ұйымдастырылады;

–  таным процесі мұғалімнің бағыттаушылық рөлімен, оқушылармен тығыз өзара байланыста іске асырылады [9].

Сонымен, бейнелеу өнерін оқытуда оқушылардың таным үдерісін жандандыру олардың тәрбиесін, бүкіл білім ауқымын, дүниетанымдық түсініктерін арттыруға септігін тигізіп, олардың оқуға қызығушылықтарын арттырып, оқу іс-әрекеттерін жемісті болуына әсер етуші бірден-бір фактор болып табылады. Мектептегі бейнелеу өнерін оқушылардың жалпы оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға өзіндік ықпал жасайтын ыңғайлы әрі өзіндік сипаты мен ерекшеліктері бар пән ретінде қарастыруымыз қажет. Осындай күрделі мәселенің бас-қасында әрине мұғалім тұрады. Мұғалім оқушылардың оқуға ынта-ықыласын, қызығушылығын тәрбиелеу арқылы олардың қабілеттерінің дамуына жол ашады. Ол алғашқы күннен бастап оқушының ынта-ықыласы мен бейімділігін, оның қолынан не істеу келетіндігін, оқу мен еңбекке ұқыптылығы қандай екендігін есепке алып, оқу үдерісін осы негізге орайластыра жүргізгені дұрыс. Себебі, мұғалім оқушы тәрбиесінің жан-жақты өсуіне және білімінің сапалы болып қалыптасуына ықпал етуші бірден-бір тұлға.

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. //Егемен Қазақстан. – Астана, 15 желтоқсан 2012.
  2. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Кітап, 1985. – 419 б.
  3. Коменский Я.А. Ұлы дидактика. – Алматы: Мектеп, 1985. – 235 б.
  4. www.Kaz-referatik.ru сайты
  5. Неменский Б.М. Культура. Искусство. Образование. Цикл бесед. – Москва: Центр ХКО, 1991. – 292 с.
  6. Песталоцци И.Г. Педагогическое наследие. /сост. Джуринский А.Н. – Москва: Педагогика, 1988. – 185 с.
  7. Герасимов С.А. Любить человека. – Москва: Педагогика, 1985. – 178 с.
  8. Сорокун П.А. Формирование пространственных представлений у младших школьников. – Ленинград: изд.-во ЛПУ, 1988. – 264 с.
  9. Bigox.kz интернет сайты
  10. Талызина Н.Ф. Формирование познавательной деятельности младших школьников. –Москва: Просвещение, 1988. – 243 с.
  11. Бейсенбаева А.А. Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру. –Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1995. –117 б.

Тағы рефераттар