Көрнекті Алаш қайраткері, ойшыл ақын Ғұмар Қараштың (1875-1921) шығармаларын толық бастырып шығаратын уақыт келді.
Ғұмартанушы ғалым, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Мақсат Тәжмұраттың мәлім еткеніндей, Ғұмар Қараш – Алаш қозғалысына дейін-ақ ел өміріне ерте араласып, соңына бай мұра қалдырған ақын. Жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының көмегімен ауыл молдасынан сауат ашса да, кейін өзінің білім-беделі арқасында өз заманының ең көзі ашық, халқын алға жетелеген зиялы өкілдерінің қатарынан табылады. Ғұмардың бірінші қыры ұстаздығы болса, екінші еңбегі 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетін ашуда айқын көрінеді. Басқасын айтпай-ақ, әуелі Ордада, кейін Оралда жарық көріп тұрған аталмыш газет «Қазақстан» сөзін тұңғыш рет ресми қолдануымен де құнды, сонысымен де айрықша бағалы. Соның өзінен-ақ «Қазақстан» газетін (редакторы Елеусін Бұйрин) ашқандардың ойы ауыл-аймақ төңірегінде емес, тым әріде екендігі, болашақ ел мүддесін көздегені бірден сезіледі.
Ғұмар Қараш — әртүрлі мерзімді баспасөзде көп жазған қаламгер. Ол «Ғұмар Қараш баласы», «Ғұмар Қарашұлы», «Ахунд Ғұмар Қарашұлы», «Ғабдолла Мұштақ» сынды есімдермен жариялап отырған. Ал «Қазақстан» газетінде ( 1911, № 2, мамырдың 27-сі ) жарияланған «Тіршілік таласы» атты мақаласына өзінің шыққан тегінен алып, «Оразақай» (Ғұмар Қараш, Кіші жүзге сіңген төрт таңбалы ноғай-қазақ руының Қояс тармағының Оразақайынан тарайды, атақты жырау Шалкиіз Тіленшіұлының тікелей ұрпағы) деп қол қояды. Сөйтіп бір кезде ауыл молдасынан дәріс алған ол қоғам ағысынан қалыс қалмай, халқының қамын ойлаған қайраткер ақын дәрежесіне дейінгі күрделі жолдан өтті. Ел тағдыры, дәуір сипаты, өмірдің өзекті мәселелері шығармаларының негізгі тақырыбына айналды.
Ғұмар Қараштың баспагерлік қыры да көп замандастарынан бұрын, Қазан төңкерісіне дейін-ақ кеңінен ашылған болатын. Алдымен өзі ұстаз тұтқан қазақтың белгілі ақыны Шәңгерей Бөкеевтің қолдауымен ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, Орынбордан «Шайыр», «Көксілдер» атты екі жинақ шығарса, кейін өз дүниелерін бастыруға көшеді. Ақынның кітаптары қай жылдары жарық көргеніне қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Атап айтқанда, оның «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Тұрымтай» ( Уфа, 1918 ) аталатын бес өлең, «Ойға келген пікірлерім» ( Орынбор, 1910), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген (ол кезеңде қазақта мұндай кітап шығарған ешкім жоқ). Осының ішінде «Аға тұлпар» кітабының шоқтығы ерекше биік. Ғұмардың замана халі мен табиғатты салыстыра зерттеуінен өз бабасы Шалкиіздің әсері байқалса, бағзы дарқан дала мен көшпелі өмірді еске алуда Шәңгереймен үндестігі айқын көрінеді. Кейінгі жинақтарында ақынның қолтаңбасы дараланып, көркемдік деңгейі көтеріліп, сөз өрнегі айшықтала түседі.
Белгілі зерттеуші Есмағамбет Ысмайыловтың «Омар (Ғұмар – Ғ.Е.) – Абайдан кейінгі дәуірдегі ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классик ақын, қазақтың жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдебиет, тілін қалыптастыруда Омардың тарихи еңбегі ерекше. Омар – үлкен суретші, шебер, көркемсөздің ұстасы. Ақынның қазақ поэзиясына кіргізген жаңалығы да аз емес», деп баға беруі тегін емес. Сөйткен ақын мұрасы орыс тілінде шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1958) мен «Қазақстан ақындары» (Ленинград, 1978) жинағында там-тұм жарық көргені болмаса, қазақтың аса ірі ойшыл ақыны, биыл 150 жылдығы тойланып жақан Шәкәрім сияқты Кеңес дәуірінде назардан мүлдем тыс қалды десе де болады. Ғұмар Қараш шығармашылығы жөнінде филолог-ғалым Мақсат Тәжмұрат тиянақты зерттеп, тұңғыш рет кандидаттық диссертациясын қорғап, мұрасын жинастырса, ақын өлеңдері мен мақала, әңгімелері топтастырылған «Замана» кітабы (құрастырып, алғы сөзін жазған филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов) 1994 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан басылып шықты. Алайда содан бері Ғұмар Қараш шығармалары кітап болып шыққан емес. 2006 жылы Ғ.Қараштың 130 жылдығы туған жері – Жәнібек ауданында аталып өтіліп, ақын туындыларын жинақ етіп бастыру, мектеп оқулықтарына кеңінен енгізу туралы ел зиялылары атынан ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат та жолданған болатын. Әйтсе де бұдан кейін де еш қозғалыс бола қойған жоқ.
М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжәлиевтің пайымдауынша, Ғұмар Қараш – Алаш қозғалысына бастан-аяқ қатысқандардың бірі. Ол белсенді қайраткер ғана емес, Алаштың жалынды жыршысы да. Бұған ақынның бір ғана «Күн туды» атты өлеңінің өзі дәлел бола алады.
«Екі талай іс болып,
Елге қиын күн туды.
Аспанда ай, күн тұтылып,
Жер-жиһанды қан жуды»,
— деп басталатын өлеңнің орта тұсында Ғұмар Қараш:
«Алаш» атты ел болып,
Адамдықты табарсың»,
— деп тұжырады.
Сосын:
«Алаш» деп ұран шақырып,
Шапқан шөптей жапырып,
«Бауырым» деп бас қосып,
Малта жесіп, е десіп,
Дос-жаранды күлдіріп,
Дұспанды іштен тындырып,
Іс қыла алсаң қылатын,
Ел бола алсаң болатын,
Күн туды, Алаш, күн туды», —
деп қорытындылайды. Бұдан кейін ол «Алашқа», «Алаш азаматтарына», «Көреміз бе?» және басқа өз жұртын азаттыққа, ел болуға үндеген өлеңдерін жазды. Осыған қарап-ақ Ғұмар Қараш өз ұстанымын бірден айқындап, «Алаш» деп ұран шақырған бірінші ақын деуге болады. Алаш қозғалысына жан-тәнімен белсене араласқан Ғұмар Қараш 1917 жылы желтоқсанның 7-13-інде өткен бүкіл қазақ съезіндегі талас кезінде бітістіру, мәмлегерлік рөлін де атқарады. Әлихан Бөкейхан бастаған Үкімет құрылған кезде Қараштың қазы, яғни жоғары сот болып сайлануы да тегін емес. Кейін Алашорда тарап, Бөкей облысында Кеңес өкіметі орнаған кезде Ғұмар Қараш ағарту, баспа ісі жұмыстарына араласады.
Ғұмар Қарашты заман аңысын аңдап, тіпті болжай білген көреген деп те айтуға болады. Ол «Неден қорқам?» деген жырында: «Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам, Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам. «Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып, Құрылған қараңғыда заңнан қорқам», деп жазды. Кейін өзі де сол «мезгілсіз атқан таңның» құрбаны болып кетті, яғни 1921 жылы бандылардың қолынан небәрі қырық алты жасында, шығармашылық күш-қуаты әбден толысқан шағында қаза тапты.
Қорыта айтқанда, артына мол мұра қалдырған, Алаштың өз алдына дербес ел болып шалқығанынан көруді армандаған Ғұмар Қараштың шығармаларын толық көлемде бастырып шығару бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы болса керек.
Тағы рефераттар
- Жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде қалай тіркелуге болады?
- Мотордың басты бөлшектері
- Адамдық қатынастар (1930-1950 жылдар) және тәртіптік ғылымдар (1930 жылдан осы уақытқа дейін) мектебі
- Сыбайлас жемқорлықтың теориялық негіздері және оның даму тарихы курстық жұмыс
- Қимақ мемлекеті