Кәсіби-бағдарлы қазақ тілін оқыту негізінде студенттердің коммуникативтік құзыреттілікті дамыту туралы қазақша реферат

Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту Тұжырымдамасында: «Қазіргі заман жағдайында жоғары білім беру жүйесіне жаңа сана мен қоғамдық мәртебе беру және оны айрықша сала ретінде қабылдау қажет, оның бірінші кезектегі міндеті – жоғары білікті мамандарды оздыра даярлау, икемділік пен білімділік болуға тиісті»,- деп көрсетілгендей, білікті маман ғана қоғамды дамытады, экономиканы өркендетеді. Маманның біліктілігі мен кәсіби деңгейінің жоғары болуы оқытуды дұрыс ұйымдастыра білумен байланысты.

Бүгінгі қазақстандық білім беру жүйесіндегі айрықша өзгерістер оны «адамның еркін дамуына»  оның жоғары мәдениетін, шығармашылық белсенділігін, дербестігін, бәсекеге қабілеттілігін, бейімделгіштігін дамытуға бағыт береді. Жоғары кәсіптік білімді дамытудың қабылданған тұжырымдамасына үшдеңгейлі білім жүйесіне сәйкес бакалавриат, магистратура, PhD докторантура стандарттары жасалды. Тұжырымдамада «маман моделі» кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптар белгіленген. Еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалып жатқан талпыныстар жағдайында әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлғаны қалыптастыру маңызды міндет болып отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдуының «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдарының» 4-бөлімінде: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек…Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» [1] деген тұжырымдамасында жеткіншек жастар мен болашық маманның сауатылығы мен білім, біліктілігіне ерекше мән берілген.

Осы тұрғыда кәсіби-бағдарлы технологиялар негізінде студенттердің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі. ЖОО-да –біріншіден өмір сүріп отырған заманның қажеттіліне, әлеуметтік жағдайына, қоғамның нақты  сұранысына қарай оқытып тәрбиелеу, екіншіден, жеке тұлғаны адамзат мәдениетінің барлық байлығы негізінде қалыптастырушы ретінде болашаққа қызмет ететін кәсіби білімді мамандарды даярлау. Жоғары оқу орындарында оқу материалын, курсты модульге бөлуде кәсіби мамандануда ойдағыдай нәтижеге жетуге, уақытты дұрыс пайдалануға, студенттердің өз бетімен ізденіп жұмыс жасауына, коммуникативтік құзыреттілігін дамытуына т.б. мүмкіндік жасалады.

Әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында білім беру стандартында «Қазіргі кездегі білім беру сапасы оқушылардың түрлі қызметтер саласындағы мәселелрді өз бетінше шешу мүмкіндігін қамтамасыз ететін қалыптасқан негізгі құзіреттілік түріндегі білім беру нәтижелерінің жетістіктерімен түсіндіріледі» дей отырып, ұсынылған білім жүйесінің мақсаттары былай сараланған:

• өзектілікті шешу немесе зерттеушілік құзіреттілігі;

• ақпараттық құзіреттілік;

• коммуникативтік құзіреттілік.

Білімнен құзыреттілік қағидасына негізделген жаңаша оқыту технологиясы оқыту технологиясы оқушылардың танымдық қызметінің заңдылықтарына оқудағы құндылық бағдарға, яғни, оқушының зерттеушілік, шығармашылық және рухани адамгершілік қызметтеріне негізделген технологияға айналуы тиіс. Жалпы алғанда құзыреттілік дегеніміз – оқушының алған білімі мен біліктерін күнделікті өмірде тәжірибе және теориялық мәселелерді шешуге қолдана білу қабілеттілігі. Қазіргі кездегі ЖОО білім беруде маңызды мәселелердің бірі – студенттердің коммуникативтік құзіреттіліктерін арттыру болып табылады. Тіл – коммуникация мақсатында қызмет етеді.

Жеке тұлғаны дамыту мәселелері   Л.С.Выготскийдің, Д.В.Элькониннің еңбектерінің негізгі арқауы. Қазіргі    кезде    П.Я. Гальпериннің, Б.В. Давыдовтың, Л.В. Занковтың, Н.Ф.Талызинаның және қазақстандық ғалымдар Ф.Оразбаева, Ж.Ы.Намазбаева, С.Рахметова, М.Караев т.б. жеке тұлғаға бағытталған және дамыта оқытудың психологиялық теориялары жасалып, оқу үрдісіне енгізілген. Жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың мазмұнының негізінен сөйлесу, қатысымдық іс-әрекет арқылы әрбір жеке тұлғаны дамытуға жағдай жасауға, өз бетінше шешім қабылдауға және оқу әдістері мен мазмұнын таңдауға толық мүмкіндік береді.

Бұл бағыт өз алдына оқушы тұлғасын қалыптастыруда жаңа тұрғыдан келуді қажет етеді. Коммуникативтік білім беруді келешек маманның меңгеруі нәтижесінде туындайтын жеке тұлғаның өзгерісі толық, тұлғалық және әлеуметтік-интеграцияланған  нәтижені анықтау мәселесін алға қойды. Осындай интеграцияланған әлеуметтік-тұлғалық-іс-әрекеттік ұғымның білім берудің нәтижесі ретіндегі жалпы анықтамасы болып мотивациялық–құндылықты, когнитивті, дүниетанымдық,     коммуникативтік құзыреттілік ұғымы танылады. Бұнда бірінші анықтама, әдетте, белгілі бір аядағы процестер, нормативті міндеттер мен құқықтармен белгіленетін тұлғаның сапаларымен байланыстырылса, екіншісі құзыреттердің практика жүзінде жүзеге асуы, оның нақты іс–әрекетке қатынасынан туындайтын нәрсе болып табылады. Р.Шаханова «Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деп аталатын докторлық диссертациясында қазақ тілін сапалы меңгерту үшін төмендегідей мәселелерді қамтудың маңыздылығын айтады:

1. Қазақ тілін оқытуды жаңа технологиясының әдіс-тәсілдерімен жаңарту, модуль жүйесін қолданудың маңызы.

2. Қазақ тілін оқытуда рейтинг жүйесін қолдану, студенттің қазақ тілінен білімін тест арқылы бақылау.

3. Ара қашықтықтан білім беру және электронды оқулықтар [2, 16].

Коммуникативтік құзыреттілік жеке тұлғаның рухани өсуін қалыптастырады, адамдарды түсіне білуіне көмектеседі.

Сондықтан мұғалім алдына мақсат қоя білетін, анық та дұрыс сөйлей білетін, өз ойын жарыққа еркін шығара алатын, түсіне білетін, қызығушылықпен тыңдай алатын адамды өмір жолына аттандыра білуі керек.

«Құзырет»  ұғымның білім алушының жетілуімен және оның еңбек міндеттерін орындауда тиімді әрекет жасауға және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Құзырет» – бұл оқу үдерісінде жинақталған білімге, тәжірибеге, құндылықтарға, бейімділіктерге негізделген жалпы қабілет. Құзырет саналы іс-әрекет барысында қалыптасады. Құзыретті меңгеру студенттің белсенділігіне тәуелді. Құзыретке ие болу сол жағдаятқа өзінің бар білімі мен тәжірибесін бейімдеу. Білімді білім алушының нақты қоғамдық өмірде білімін қолдану, ол үшін оқыту үдерісінде құзыретті дамыту және қалыптастыру, нақты жағдайлар тудыру қажет.

Коммуникативтік құзыреттілік төмендегідей компоненттерден тұрады:

—  коммуникативтік тәртіп аймағындағы білімі (қажетті тілдерді білуі, педогогика және психология, логика, риторика, мәдениет және сөйлеу аймағындағы білімі).

—  коммуникативтілік және ұйымдастырушылық қабілеті (іскерлік қатынастарды нақты және жедел орнату, белсенділік таныту, тұлғаны дұрыс қабылдау және түсіну негізінде психологиялық әсер ету, қоршаған ортамен және оқшауланған адамдармен біріккен іс-әрекет кезінде белсенді әрекет жасау);

— қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде тіл үйренушілер елдің тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт-дәстүрімен танысып, білімдерін молайту;

  • күнделікті оқу үдерісінде ресми-іскери сөйлесуге тән тілдік тұлғаларды, сөз тіркестерін меңгеріп, мамандыққа қатысты ісқағаздарды жазуды үйренуі;

 

—  вербальды және вербальды емес қарым-қатынас мәдениеті (сөйлеу техникасы, риторикалық амалдар, аргументация техникасын және шарттасуды жүргізу, кәсіби педоггогикалық әдеп ережелерін сақтау, ұғымдық категориялық ақпаратты мақсатты түрде қолдану, сөйлеу мәдениетін меңгеру, вербальды емес құралдарды қолдану).

Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай қазақ тілін меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану – еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Қоғам дамуының қазіргі кезінде жоғары оқу орындарында оқыту үрдісін жетілдіруде, болашақ мамандардың ізденімпаздығын қалыптастыруда, шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдіруде, рухани дүниесін дамытуда этнографиялық лексиканы тілдесім әрекеті арқылы оқытудың маңызы ерекше. Этнографиялық лексиканы тілдесім әрекеті арқылы оқыту үшін бүгінгі таңдғы мамандыққа қатысты оқытуға  арналған әдістемелік зерттеулер мен еңбекерге талдау жасау қажет. Мамандардың кәсіби-танымдық білімінің шеңберін кеңейтетін мәтіндер мен тапсырмалардан тұрады. Сонымен, қазақ тілін мамандыққа байланысты сала бойынша оқыту әдістемесінің жасалуы төмендегідей:

  • тілді қатысымдық бағытта үйретудің лингвистикалық негізі сөйлесім әрекеті және мамандыққа қатысты кәсіби мәтіндер, оның түрлері;
  • кәсіби тілдік қатынасты дамыуда тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін, тіл үйренушінің қазақша сөйлеу тілін кәсіби қарым-қатынас тілі ретінде дамыту көзделуі тиіс;
  • лексикалық минимумды танымдық-бағдарлы оқыту, грамматикалық минимумды мамандыққа сай мәтіндер мен жаттығулар арқылы оқыту, мамандыққа байланысты оқыту технологиясына байланысты әдістемелік кешені жатады.

Қорыта келгенде коммуникативтік  құзыреттілік студенттерді бақылаудан өзіндік бақылауға, әлеуметтік дамытудан өзіндік дамуға, монологтан диалогқа, түсіндіруден түсінуге ауысудың негізін құрайын кәсіби-бағдарлы интерактивті технология шеңберінде білім беру парадигмасының өзгеруімен байланысты жүзеге асырылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыт» атты Жолдауы. – Астана, Ақорда, KZ.

2. Р.Шаханова. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. АДД. – Алматы, 2003. -52 б.

Жақанова Г –

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

Қазақстан, Алматы


Тағы рефераттар