Фразеологизмдер – халқымыздың өткен ұрпақтары тілінің де, қазіргісінің де тарихы іспетті. Өзінің образдылығымен, айшықты мәнділігімен көзге түсетін фразеологизмдер әрбір ұлт тілінің ерекше көрінісі болып табылады. Фразеологизмдерді шығармада мол қолданудың өзі ұлттық характердің айқын белгісін көрсетеді.
Ежелден қолданыла-қолданыла келіп әбден қалыптасқан фразеологизмдер: мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, нақыл сөздердің эмоциялық бояуы күшті болады, тілге көрікті түр, ажар беріп тұрады. Бұл көркем шығарма тілін зерттеушілердің көңіл аударатын бір жағы. Сондай-ақ тілді жасаушы халықтың қоғамдық ой-санасының шындық сәулесі осы фразеологизмдерде ерекше түрде айқын беріледі. Сондықтан да жазушының даралық үні бар фразеологизмдердің түрін талдағанда, жалпы халық тілімен байланыстыра қаралуы тиіс. Өйткені көркем әдебиет ұлт тілінің қазынасы болуымен бірге, сол тілге қажетті тілдік жаңа амал, тәсіл беретін қайнар бұлағы болып та есептеледі. Акад. В.Виноградов тілші ғалымдар фразеологизмдердің жалпы мәселесімен шұғылданумен бірге, оның көркем туындылардағы атқаратын қызметін де зерттеулері керек деген міндет қойған-ды. Ал проф. А.И.Ефимов көркем шығарма тілін зерттеумен байланысты мәселелердің ішінен жазушының сөздігі мен фразеологизмдердің творчествосын да арнайы зерттеу қажет екенін атап көрсеткен. Ғалым бұны екі бағытта іске асыруы керектігін ескертті. Біріншіден, сөз зергерлерінің жалпы халық тілінен ең айшықты, өмірге бейімдісін қалай қолданғанын ашып көрсету, екіншіден сөз тәсілін қалай құрғанын айқындау. Яғни көркемдік шеберліктің тіл арқылы қалай жүзеге асқанын айқындауды ұсынады. Ендеше көркем шығарма тілін филологиялық тұрғыдан тіл маманы да, әдебиетші де зерттеуге тиіс.
Көркем сөз өнері өнері зергерлерінің жалпы халық тілінің ұстарып дамуында атқаратын ролі зор екені мәлім. Олардың көпшілігі дерлік тілдің құрамына жаңа сөз тіркестерін қосады, әдеби тілдің тамаша ұйқастары мен үлгілерінің кестесін өрнектеп көрсетеді. Кейбіреулері оның грамматикалық ережесін жетілдіреді, өңдейді [17, 44-45].
Қазақтың әдеби тіліндегі әсерлеу, көркемдеу тәсілінің ішінде фразеологизмдердің алатын орны ерекше. Бұл тіркес айтайын деген ойға айрықша әр, мәнерлілік береді. Фразеологизмдер – көркем шығарма тілін жандандыратын, астарлап бейнелей суреттеудің тілдегі дайын құралы.
Халық тілінің осы бір байлығын жазушы өз шығармасында қажетіне қарай пайдаланады, оның ішінен өзіне керегін таңдап алады. Фразеологизмдерді жазушының өз қажетіне сай талғап, жаңғыртып қолдануы, оның ой-пікіріне, эстетикалық талғамына, қоғамдық-саяси, философиялық көзқарасына сәйкес болып келеді.
Ендеше көркем шығарма тіліндегі фразеологизмдерді таңдап қарастыру – автордың өзіндік стиль жасаудағы тілдік тәсілдерінің бояу өрнегін айқындау болып табылады. Фразеологизмдердің стильдік бояуы жеке сөзбен салыстырғанда әлдеқайда күшті, экспрессивті мүмкіншіліктері анағұрлым мол. Осы қасиеттеріне орай фразеологизмдер белгілі бір баяндауға, не сөйленген сөзге стильдік әр береді.
Қалыптасқан бұл тұрақты тіркестердің көркем әдебиет тілінде атқаратын қызметі алуан түрлі. Осылар арқылы қоғам өмірінің сан құбылыстарын, табиғат көрінісін бейнелі түрде бағалай, суреттей беруге болады. Сондай-ақ, тұрақты тіркестер, әсіресе мақал мен мәтелдер, халықтың өмір тәжірибесінен тұжырымдалған даяр қорытынды болатынын, «дау-дамайды бірден аяқтауға, өз пікірінде қайсыбір теориялық дәлелдемеден гөрі артығырақ сипаттауға дөп келетінін» В.Г.Белинский айтқан-ды.
Жазушы жалпы халық тілінің тұрақты сөз тіркестерін белгілі конкретті жағдайға пайдалана отырып, өзінің суреттеу мақсатына икемдейді. Жеке жазушының шығармаларындағы фразеологизмдерді талдағанда, оның қолдану әдіс-тәсілін, пайдалану принциптерін, талғау-таңдау амалын көркем композицияның элементі ретінде орынды жұмсау заңдылығына көбірек көңіл бөліп, бүркенішті жағын айқындап көрсету қажет.
Фразеологизмдердің көркем шығармада атқаратын функциясы – образ жасау, кейіпкерге тілдік мінездеме беруде, кейіпкерді мінездеу белгілі бір ситуацияға қорытынды жасауда, күлдіргі-ажуа тағы басқа қызметінде жиі жұмсалады [17, 54-55].
Дәстүрлі қазақ қоғамының көп қырлы тіршілік қалыбының жоғары өркениеттілікке тән әлеуметтік-саяси ұйымдасу санаты жоғары дәрежеде болып, үйлесімді өмір сүруінің бұлжымастығын қамтамасыз ететін экономикалық-саяси, әлеуметтік және құқықтық қатынастар нормаларының жиынтығы болды. Өйткені салт-дәстүр дегеніміз адам қажеттілігін өтейтін барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтырдың тоғысы. Оның ішінде, әсіресе, қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері – уақыт тезіне көне бермейтін, ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай қоймайтын белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық көзқарастардың, идеялық нормалардың ең бір консервативті түрі болып табылады. Қазақ халқының да өлген адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір табиғи-экологиялық кеңістікті игеру жолында қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси жүйелердің жиынтығы ретінде этнография ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі десек артық емес.
Адам қайтыс болғанда оның жаназасын шығарып, азасын өткеретін болған. Азасын өткеру, яғни қайтыс болған кісіні арулап жөнелту болып табылады. Осы орайда тілімізде кісіні жерлеуге байланысты «аза салды», «азасын өткерді», «ақ арулап жөнелтті», «ақ жуып арулап көмді» деген тұрақты тіркестер бар. Олар өлікті мейлінше қастерлеп, қадірлеп, бар кәдесін жасап шығарып салды деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар, көбінесе біз қазаны «қаралы» деген ұғым арқылы қабылдаймыз. Соның нәтижесінде «қаза ғұрыптарына» байланысты «қаралы үй», «қаралы ауыл», «қаралы әйел», «қаралы ат», «қаралы дауыс», «қара байлады», «қаралы көш» деген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз қалыптасқан.
Ендігі мәселеде біз ғасырлар бойы өз мәнін, маңыздылығын жоғалтпаған «қаза ғұрыптарына» жеке-жеке тоқталып, түсінік беріп, оларды көркем шығармалардан алынған мысалдар арқылы нақтылап, дәлелдейтін боламыз. Сондай ғұрыптарымыздың бірі – жаназа шығару.
Жаназа – қайтыс болған кісіні соңғы сапарға шығарып салу рәсімі. Жаназада өлген кісіге дәуір айналдырып, садақа беріп, құран шығарылады. Жиналған көпшіліктен «бұл кісі жақсы адам ба?» деп сұралады. Оған «жақсы адам» деген жауап беріледі. Сол сияқты марқұмнан «ешкімнің алашағы, берешегі жоқ па» деп тағы да сұрайды. Алашағы бар адам сұрауға да, алуға да, кешіруге де хақысы жоқ. Оның ешқандай айып ерсілігі жоқ. Шариғат заңында осылай қаралған. Жаназа – адамға жасалатын соңғы құрметтердің бірі [7, 272].
С.Кенжеахметов «Қазақтың салт-дәстүрлері» деген еңбегінде осындай түсінік береді. Енді осы ойымызды дәлелдеу үшін нақты мысалдарға жүгінейік.
Сүйекті үйде түнетіп шыққан соң, ертеңіне жаназаға шығаруға қамданды. Ел өте көп жиналған екен. Ауыл-ауылға, ата-анаға арнап жыртыс жыртылды. Осылайша менің ең сүйікті әжеммен қоштасқан едік [4, 124].
Жаназаға жиналған адам о жер, бұ жерде топталысып отырғанда, бұл оқиға жайынан неше түрлі бал ашып, аңыз қылысты [8, 172].
Үй тігіліп болысымен, ішіне бөтен жасау-жабдық кіргізбей, тек есіктен төрге дейін кілем ғана жайғызды. Оң жаққа үлкен сүйек төсек кіргізді. Үстін көмкерумен қара кілеммен тегістеп болып, сол төсекке Бөжейдің сүйегін әкеп салғызды. Жаназасын шығарғанша өлік сонда болмақ [9, 184].
Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкін қадарынша халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп кету болмасын. Ол үйде ас ішу, көп халыққа тағам тарттыру, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқтатылсын! Жаназаға, хатімге көп молда, мәзіндер, халфелер, шәкірттер шақырылмасын! Бір ғана ұстазы, тілесе қазірет пе, халфе ме, басқа молла ма барсын да, бір адам жаназасын шығарсын [18, 26-27].
Бірақ осыншама әзірлікке қарамай, Жақып байдың әкесі Жұмаділ қарттың жаназасы жетім қыздың тойындай боа шолтиып қалды. Себебі, бұл жаназаға екі мешіттің дінбасылары мен Жақыпқа алық-берік аласы бар, істес боп жүрген он шақты саудагерден басқа жұрт келмеді [18, 33].
Ел жүдеу, жыл жұтаң, ауыл мен ауыл арасы да хабар-ошардан үзіліп қалған кез болған соң, Ерболдың жаназасы көпке жарияланбай, аз ғана жан күйер жиыны атқарған болатын. Дәл осы күндерде Ерболдың қасында отырып, Базаралы өзі де ауырып қалғанын сезіп отырыпты. Өне бойы алып түскен ауырлаған дертін батыр жүрекпен тістеніп жеңіп, Ерболдың жаназасын өзі басқарып шығартқан [18, 392].
Аралда пішен шапқан, отын кескен бар бейнеткер – баршасы да енді жаназаға имам, қарилерді шақырмайтын бопты. Дәмежан да жылап отырып, мешіттің моллаларын Жәбікеннің жаназасына шақыртпағанын айтты [18, 36].
Бұл келтірілген мысалдардың бәрінде де, көріп отырғанымыздай, «жаназа шығару» фразасы кездеседі. Бұл мысалдар «жаназа шығарудың» мағынасын ашып тұр десек те болады. Бұл фразаның мағынасы өлген кісінің жанын аза тұтып, жоқтап, оған қадым оқыды, өлген адамға арнап құран шығарды дегенді білдіреді, яғни «ақ жуып арулап көмді». Осындағы «ақ жуып арулаудың» мағынасын аша кететін болсақ, С.Кенжеахметов осыған байланысты мынадай түсінік бере кетеді. Ол «ақ жуып арулауды» «сүйекке кіру» деген фразалық тіркес арқылы бұл салттың мағынасын ашады.
Сүйекке кіру деп – қайтыс болған кісіні ақ жуып арулауды айтады. Бұған сүйекті жуудың жөнін білетін аруақтың өзі қатарлы адамдар кіреді. Сүйегіне кіретін адамдарды марқұмның өзі де айтып кетуі мүмкін. Бұған шариғат заңы бойынша әр рудан (атадан, ата ұлынан) бес не жеті кісі түседі. Олардың міндеті – әруақты жуып, тазарту. Бұдан кейін марқұм әйел болса бес қабат, еркек болса үш қабат ақ матаға ақиреттке оралады [6, 27].
Осындағы «Сүйегіне кіретін адамдарды марқұмның өзі де айтып кетуі мүмкін» дегенге мән беретін болсақ, адам о дүнеге аттанар шағында бақұлдасып, арызын айтып кететін болған.
Арыздасу – бұл өмірден өтіп бара жатқан адам соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен соңғы рет тілдесіп, олармен қоштасады. Арыздасу – тірі адамның соңғы тілдесуі, ақырға сөзі. Мұны өлім сәті таянғанын сезген әр адам есі, тілі барында айтып қалуға тырысады. Мұндайда ауру жанында отырған адамдар «бақұл бол», «қияметте жүздесейік» деп көзіне жас алады. Кей жерлерде мұны «бақұлдасу» деп те атайды [6, 264].
Мұның көрінісін келесі мысалдан толығырақ көре аламыз.
Осыдан он шақты күн бұрын Мағаш өз бойындағы бар қалған қуатын жинағандай боп әкесімен арыздаса бір сөйлескен. Қорқыныш пен күдіктен еңсесі түсіп, салдырап жүдеп кеткен әкесін аяғаны да болар. Үйді оңашалап алып, Абайдың үлкен алақанын екі бірдей ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық қолдарымен ұстап сипап жатып аз сөздерін сыбырлап, баяу сөйлеп жеткізген.
— Аға… Әбіш ағамды жөнелтіп, Алматыдан қайтып ем ғой… – деп біраз демігіп жатып тағы сөйлеген. – Ұлы жүз Жамбыл ақын айтқан сәлемін өзіңізге жеткізіп ем… Есіңізде ме?..
— Есімде, Мағашым! Оқымаған қазақта көңілі даңғыл, тілі жүйрік бір жан болар деген ем. Оны қалай еске алдың?..
— Сол айтып еді ғой сізге… Өлеңін әкеп берген ем!.. «Нелер жылаған, зарлағанды өзі уатқан аға, әке емес пе еді?.. Оның қайғысына сол жұрты қоса қамығады… Қасынан табылады… Ерінен айырылса да, елінен айырылу жоқ!.. Қамалаған қарындас халқын ойласын» деп еді ғой!.. – деген сөздердің бәрін Мағаш ұзақ сөйлеп, үзіп-үзіп айтып болды да, сәл уақыт тұншыға жөтеліп қалды [19, 386].
Бұл мысал арқылы әл үстінде жатқан баланың әксімен арыздасуын көре аламыз, яғни әкесінің қатты қайғырмауын өтініп жатқанын байқаймыз. Ақын Жамбылдың сөзі арқылы өз атынан әкесіне көңіл айтып жатыр.
Ызғұттының аулына түсіп, сусын ішіп аттанған Бөкеншінің үш жолаушысы айтыпты: «Бес күннен бері Бөжей науқас еді. Соңғы кезде сол науқастың беті бұзылған тәрізді. Бөжей өзі шоши ма? Болмаса, сақтықта қорлық жоқ дей ме? Әйтеуір кеше кешке бар жан күйер ағайынын шақырып, арыздасып жатыр дегенді есіттік» — депті [9, 181].
Бұл мысалда да арыздасудың мағынасы ашыла түскенін байқаймыз. Сонымен қатар, кісі қайтыс болғанда оны ең алдымен жақындарына, туыстарына, бауырларына естіртетін болған.
Ата-анасы, баласы немесе жақын-жуығы қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді «естірту» дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. Қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Халқымызда естіртудің үлкен психологиялық, философиялық, классикалық үлгілері бар. Мысалы «Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту», «Шыңғысқа Шоқан өлімін естірту», «Абылайға Бөгембай батырдың өлімін естірту» сияқты. Естірту қазаға байланысты жерде ғана қолданылады.
Жандос ұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа былай естіртіпті:
— Ұлы өлмеген руда жоқ,
Қызы өлмеген қырымда жоқ,
Қатыны өлмеген халықта жоқ,
Ағасы өлмеген аймақта жоқ,
Інісі өлмеген елде жоқ,
Әкесі өлмеген әлемде жоқ,
Шешесі өлмеген пенде жоқ,
Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті,
Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті.
Шоқан деген балаңыз
Бәріміз баратын жерге кетті…
Естірту көпті көрген, жөн-жосық пен сөзді білетін адамдарға тапсырылады [16, 119].
Осымен қатар, қазақ халқында «көңіл айту» деген салт та бар.
Жақын адамы қайтыс болғанда оның туған –туысқандары мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні – мұңды адамды жұбату, сергіту, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп уайымға берілмеу жөнінде жанашырлық ақыл-кеңестерін айтып, қайрат береді. Қайғыға берілген адамдарды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрсып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:
— Уа, Ерден!
Басыңды көтер жерден!
Осы балаң өлмегенде
Кетіп едің кердең.
Өзі беріп, өзі алды
Нең бар еді құдайға берген?!
Балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны Шоқай көрген.
Жақсының басына іс түссе
Бойлай береді.
Жаманның басына іс түссе
Ойлай береді.
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді,
Жүкті нар көтереді,
Өлімді ер көтереді.
Жақын-жуық немесе білетін адамдар қайтыс болған кісі орнына әдейі барып көңіл айтпаса, ол үлкен мін әрі ұят. Мұндай жағдайда қайтыс болған кісінің жақындары оған өкпелеуі, ұялтуы да мүмкін. Көңіл айта білу де – көргенділік [16, 119-120].
Мұның бәрі данышпан халқымыздың асқан көрегендігі деп білеміз. «Көңіл айтуға» біраз мысалдар келтірейік, ойымызды дәлелдейік.
Бұл кісілер ертерек келіп, бәйбішеге құран оқып, Тұрлықұлға көңіл айтып қайтқан болатын [4, 8].
Соншалық мінезді, терең ойлы мағаш өз әкесіне Жамбал ақынның сәлем сөзімен көңіл айтқандай. Өзінің қазасы үшін де Жамбыл үнімен көңіл айтты [9, 386].
Өңі-жүзін, нұрлы, қарақат көзін шын қасірет жасымен жуып отырған Дәмеженға Абай құшақтай көрісіп, жұбату айтты. Осы үйдің көршісі Жабайдан да өлген екен. Оның ересек баласы Бидайбайға да көңіл айтып, әкесінің орнына кәрәп шыққан, Абай қалаға келгеннен бері оба нақасы қалыңдай түсіп талай жанды әкетіп жатыр [18, 36].
Соңғы кездерде Базаралы науқас дегенді есітіп, көңілін сұрай барысты [18, 161].
Бұл келтірілген мысалдарда «көңіл айту» мен «көңіл сұрау» тіркестері кездеседі. Осындағы «көңіл айту» қаза болған адамға байланысты оның жақын-жуықтарына айтылса, «көңіл сұрау» ауырып, төсек тартып жатқан адамға байланысты айтылады, оның жанына медеу болатын сөздер айтып, көңілдендіріп, көңілін көтеріп қайтуға байланысты айтылатынын есте ұстауымыз керек.
Қазақ халқында кісісі қайтыс болған үйге адамдар «көңіл айтумен» қатар, бата да қыла келген. Мұны «бата оқыр» деп атайды.
Қайтыс болған адамға жақын-жуықтары мен ілік-жұрағаттары арнайы келіп бата қылады. Оның мәнісі – қайтыс болған кісінің әруағына жылқы, сиыр, қой сияқты сойыс әкеледі немесе қазіргі жағдайда ақша береді. Дұға оқытады. Бұл сыйласудың әрі қарасудың белгісі ретінде негізделген. Дәстүр бойынша адамы, туысы қайтыс болған адамдарға үйіне әдейі барып көңіл айтады, ет жақындары бата оқыр жасайды. Жақыны қайтыс болған адамды далада кездесьіру үлкен ұят саналады. Мұндайда әлгі адамның өкпе айтуға хақы бар. Бата қылу – сыйластық пен адамгершіліктің, жақын көңілдің белгісі ретінде қалыптасқан ғұрып [6, 274].
Енді осы «бата оқырдың» мағынасын ашу үшін келесі мысалдарға тоқталайық.
Алыс жайлауға, Құнанбай ауылдары жеткен өріске бұл өлкенің елі жете алмай қалды. Ең болмаса Бөжейдің жетісіне шейін, немесе тіпті қырқына шейін «жыласатын ағайынды», «бата оқырды» осы кең қоныс щалқарда тоспақ болды [9, 187].
Сондықтан олар Бөжейдің өз үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен шығартпасқа бекісті. Ертең бата оқыры, қонақасысы аз болмайды [9, 187].
Дәрмен осы жөнде үй оңаша болған кештерде, қонақсыз, бата оқырсыз ертеңгі шақтарда жеңгесі мен інісін ала отырып, көп ақылдасты [18, 146].
Оспан ауылына тағы да бата оқыршы көп келіп, алғашқы бір жұма, он күн ұдайы қонақ күтумен өтті [18, 188].
Келтірілген мысалдардан «бата оқырдың» қаншалықты маңызды екенін көруімізге болады және де «бата оқыр» «көңіл айту» кезінде жасалатынын да байқадық. Бата оқи келген адамды «бата оқыршы» деп атайтынын да білдік. «Бата оқыр» фразасының мағынасы – құран бағыштау болып табылады.
Осылайша жаназаға жиналған адамдар ауылға жақындағанда-ақ «ой, бауырымдап!» ат қойып, шаба жөнелетін болған. Осы орайда «ат қоюға» түсінік бере кеткенді жөн санадық.
Ат қойды – ескі дәстүр бойынша қаралы үйге еркектердің алыстан атпен шауып «ой, бауырымдап» келуі, лап беріп шаба жөнелуі [1, 74]. Мұны да мысалдар арқылы дәлелдеп, көзімізді жеркізелік.
Бұл күндерде ат қойып келген Құнанбай өрен-жараны, Ырғызбай атаулы жылаулардың, жан күйерлердің тобы болып екшелеген-ді. Қолдарына ұзын ақ таяқ ұстап, бүкшие жылап тұрып, ат қойып келген жақын мен жаттың адамдарын, бата оқушыларды қарсы алушы Ырғызбайдың барлық кәрі-жасы болды [9, 388].
Осы елдің ескіден келе жатқан салты бойынша көңілқос ағайын алыстан, ат үстінен айғайлап жылап: «ой, бауырымдап» шауып келіп, құлай түседі [9, 388].
Мұндағы «ат қою» фразасының мағынасы аттың басын бос қойып, қазаға байланысты қатты қайғырып, жоқтау айту болып табылады. Сонымен қатар, қазалы үйде болатын салттың, қаза ғұрыптарының ішіндегі ең ауқымдысы «жоқтау айту» болып табылады.
Жоқтау – аза ғұрпын көтере түсетін, қайғыны басатын, қазаға аса лайықты қаралы салттың бірегей түрі. Қайтыс болған адамның жақсылығын, еліне істеген қызметін, жақсы қасиеттерін паш ететін тұрмыс-салт дәстүрі, жыры, зарлы өлең. Жоқтауды белгілі ақындар немесе сол адамның әйелдері мен ана, қарындастары да шығара беретін болған. Жоқтаудың дінге қатысы жоқ, ол қалыпты халықтың салт, өлімнің берік әдет-ғұрпы деп ұғыну керек. Халық ғұрпы бойынша жоқтау айтқан әйелдер мен қыздар үш күн бойы аяқ-табаққа араласпайды, яғни тамақ әзірлеуге қосылмайды. Біздің қазақ ұлтының осы ырымынан-ақ ғасырлар бойы жинақталып түзілген қасиетті салт-дәстүріміздің сыпайы мәдениеті мен әдебінің жоғары көрінісі көрініп тұрған жоқ па! [6, 266-267].
«Жоқтау айтудың» жақсы бір көрінісін келесі мысалдардан байқауымызға болады.
Үлкен уйдің сыртына жастар жеткенде үй ішінде жоқтау айтып, жылаған аз әйелдің үні шықты. Әбіш те үйге жылап кірді. Ұлжандай ананы жоқтап отырған екі келіні – Ділдә мен Еркежан екен [18, 117].
Әсіресе, Зейнеп дауыс айта бастағанда, бұның үйінің сыртына келіп пәуескеге мініп немесе жүкке сүйеніп отырып тыңдайтын балалар, жастар да болады.
Зейнеп ескі шежірені де біледі екен. Жоқтауының арасына Оспанның әкесі Құнанбай қажыны да қосады. Енесі Ұлжанды да туған анасындай ардақтап жоқтайды. Оспанның үлкен әкесі Өскенбай биді де атап, мақтап кетеді. Кейде ұзақ айтатын даусына бұл ауылдардың арғы атасы Ырғызбайды да қосады [18, 176].
Бөжейдің екі қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт байласып алыпты. Бұлар әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың сарынын тапқан екен. Бүгін таңертеңнен бері жаназашыларға көріскенде сол жоқтауларын айтумен отыр [9, 188].
Бұл мысалдардан «жоқтау айтудың» маңыздылығын көре аламыз. Жоқтау айту – қайтыс болған адам енді келмейді, оның енді араларында жоқ екендігінің өлеңмен, қаралы дауыспен айтылатын көрінісі. Рулық қатынасқа негізделген дәстүрлі көшпелі қазақ қоғамының идеологиялық-коммуникативтік жүйесінің өмір сүру қалпына сай өлімді рудан шығу, кету деп есептеген, осындай өлім жайындағы ұғым-түсінігі жерлеудің күрделі ғұрыптық тәртібін қалыптастырған. Соған сәйкес өлікті «шығарып салу», «жолға дайындау» салтын туғызды. Қазақтың жерлеу дәстүрі «шығарып салуға» ұқсап, ол жеке-жеке ырым-жораға тармақтлып кететін біртұтас циклді құрайды. Олар: естірту, көрісу, жоқтау, аза тұту, еске алу, «үші», «жетісі», «қырқы», «жылы» немесе «асы», белгі тұрғызу тағы басқалар. Әрі бұлардың көбісі тек қана өлік шыққан отбасына ғана емес, бүкіл ру, тіпті тайпаның да парызы болып саналған, дегенмен бұл жерде әлеуметтік межесі сақталып отырған. Ендігі мәселе рсылардың ішіндегі салт-дәстүрлеріміздің бірі – «жетісін беру» мен «қырқын беруге» тоқталып, нақты мысалдар арқылы дәлелдеп кеткенді жөн санадық.
«Жетісін беру» — кісіні жерлегеннен кейін жеті күн өткен соң, қаралы үй бүкіл туған-туысқандарын, ағайын-жұртын шақырып ас береді.
Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп кету болмасын. Ол үйде ас ішу, көп халыққа тағам тарттыру, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқтатылсын! [18, 26].
Міне, осы жай-жағдайдың әр жағын ойлаумен Жаңыл, Дәрмен, Рақым үшеуі бірнеше күн өткізсе де, анық бір шешу айтыса алмаған. Тек Дәркембайдың жетісін беріп болған соң, Абай мен Дәрмен бұл ауылдан қайтатын шаққа жеткенде, жаңағы түйінді Абай ақыл қоса отырып, Жаңылмен бірге шешті [19, 147].
Сол ретте Қаражан тіктірген, Мәніке, Нұрғаным немесе Ақылбай, Шұбар, тағы басқа талай жан «жан күйер» дейтін аталас жақындар тіккен үйлер Мағаштың жетісіне шейін қонақтарды үлесіп алып, бөлісіп қонақ етісумен болған [19, 388].
Жалпы қазақ халқында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті болып саналады. Сондықтан да сүйекті шығарып салуға байланысты да жеті санын пайдаланып, жетісін беретін болған. Сонымен қатар, «қырқын беру» де қаза ғұрыптарының ішіндегі өзіндік орны бар ғұрып болып табылады. «Қырқын беру» өлікті шығарып салғаннан кейіе қырық күн өткеннен кейін жасалады, яғни мұнда да халыққа ас беріледі. «Жетісін», «қырқын» берумен қатар қазақ халқында «жылын» да беретін салт бар, яғни бұл бір жыл толуына байланысты жасалатын салт болып табылады. Осы орайда біз «жылын беру» мен «асын берудің» арасын ашып, анықтап алуымыз керек. Екеуіне ортақ нәрсе – екеуі де жыл толғанды жасалады. Ал айырмашылығына келер болсақ, егер де жылын өткізу адамның жыныс, жас ерекшеліктеріне қарай барлық өлген адамдарға байланыста өткізілсе, ас кез келген адамға беріле бермеген. Ас қоғамдық өмірде әлеуметтік ерекше статусқа ие, елге еңбегі сіңген, абыройлы, ел қамқоры, ел ағаларына арналып жасалатын болған. Енді осы ойымызды нақтыландыра түсу үшін көркем шығармалардан алынған мысалдарға тоқталайық. Ең бірінші «жылын беруге» байланысты мысалдар келтірейік.
Абай ендігі жайды туыстарымен даусыз, талассыз, мүмкін болса, тіпті үнсіз-ақ атқарыспақ. Сөйтіп, жиын байлау жасап, Оспанның жылын енді жиырма күнде беретін болды. «Ас» демей, «жылы» деп жариялауға ұйғарды.
Тегі «ас» деген салт соңғы бірталай жылдан бері бұл елдер әдетінен қалыңқырап бара жатқан. Соның салдарынан Құнанбай өлгенде де ауылдары ас бермеген. Сол үшін Абайды алыстан, сырттан кінәлап сөйлеген сөздер көп болса да, ендігі өлімнің бәрін де Ырғызбай ортасы «ассыз» атқаратын.
«Жылы» деп шешкен соң, оған шығарылатын мал саны, шақырылатын ел көлемі аталды. Бар Ырғызбай Оспаннан пайда көрген. Сол себепті Тәкежан мен Ысқақтың айтуы бойынша, ол ағайынның бәрі де шығынға ортақ болуға әзір екен [18, 220].
— Жылын бергенде, қайыр-садақалық мал да бөлінер… Сонда көрілер, оның қазір не сөзі бар? – деді [18, 221].
Оспанның жылын беріп, қонағын атқаруға Құнанбайдың бар ауылы араласты. Келген жиындар мол болғандықтан, әр ауылдың жұрты да, ат-арқаны да тозды [18, 223].
Бүл мысалдардан байқағанымыз, «жылын беруде» де көп халық жиналып, мол шығын шығарылады екен, яғни «жылын беру» де «ас беруден» кем түспейтінін байқауымызға болады. Ал енді «ас беруге» байланысты мысалдарды жинақтай отырып, оның мәнін ашып, қысқаша тарихына тоқтала кеткенді жөн санадық.
Ас (ас беру). Асқа, тойға баратұғын,
Жаны асығып жас жігіт (Абай).
Қазақ халқының ертеден келе жатқан ең үлкен тойы – ас беру. Бұл – дүниеден өткен ең белгілі адамдардың жылы толғанда, оған жасалатын ақырғы зор құрмет және ұлы жиын, бас қосу. Аста жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Бұған әр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші, жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы шақырылап, жүйрік аттар келеді. Асқа өте зор қаржы, мал жұмсалған. Жеңімпаздарға зор бәйге тиген… Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, біліктілігі сынға түседі.
Асты ақын І. Жансүгіров былай деп суреттеген:
Осындай болып жатты ұлы жиын,
Жиынның мыңнан бірін айту қиын.
Еті тау, қымызы көл деуге болар,
Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.
Ас беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келетін болған. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатайдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған той болды. Бұл тойда жұмсалған шығынның есебінде шек болмаған [6, 279].
Қазақ қоғамының әлемдік тарих үрдісінің бір саласы ретінде өзінің өткенінде жүйелі ой елегіне түспеген, зерттелмеген, зерттелсе де біртекті бағасына ие бола алмаған құбылыстары мен оқиғалары көп-ақ. Соның ішіндегі маңыздыларының бірі-қазақтың өлген адамды шығарып салуға байланысты қалыптасқан жылға созылатын уақыттық-межелік ырым-жоралар жосынының аяқталу кезеңін білдіретін — ас беру дәстүрі.
Дәстүрлі қазақ қоғамының көп қырлы тіршілік қалыбының жоғары өркениеттілікке тән әлеуметтік-саяси ұйымдасу санаты жоғары дәрежеде болып, үйлесімді өмір сүруінің бұлжымастығын қамтамасыз ететін экономикалық-саяси, әлеуметтік және құқықтық қатынастар нормаларының жиынтығы болды. Өйткені салт-дәстүр дегеніміз адам қажеттілігін өтейтін барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтардың тоғысы. Оның ішінде әсіресе қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері–уақыт тезіне көне бермейтін, ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай қоймайтын белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық көзқарастардың, идеялық нормалардың ең бір консервативті түрі болып табылады. Қазақ халқының да өлген адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір табиғи-экологиялық кеңістікті игеру жолында қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси жүйелердің жиынтығы ретінде этнография ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі десек артық емес. Оның ішінде, әсіресе өлген адамды шығарып салуға байланысты ғұрыптық циклдің қорытынды нүктесін қоятын ас беру дәстүрінің маңызы зор.
Қазақтың ас беру дәстүріне көп ғалымдар пікір білдіріп, оның қаншалықты маңызды екендіктерін баяндап отырған. XIX ғасырда зерттеушілердің қай-қайсысы да қазақ өмірін, тілін жақсы білгендіктен еңбектерін ел арасынан өздері жинаған мәліметтері негізінде жазған. Олардың барлығында қазақтың ас беру дәстүрінің әдеттегі өлген адамды шығарып салуға байланысты орындалатын діни ғұрыптық салттан өзгеше қоғамдық мәні аса жоғары халықтық жиын екеніне назар аударылған. Жалпы XIX ғасыр Қазақстан тарихнамасы үшін аса бір табысты кезең болды. Осы ғасырдың бас кезінен бастау алған қазақ даласын әртүрлі мақсаттағы зерттеу жұмысының тізімі уақыт өте келе үлкен нөпірмен көбейе түсті. XIX ғасырдың ортасы мен соңғы кезеңіне қарай қазақ даласын отарлау саясаты күшейіп, реформалардың жүргізілуі қазақ қоғамын кең көлемді, жан-жақты қамтылған зерттеу еңбектерінің дүниеге келуіне қозғау салды. Олардың ішінде Ш.Ш.Уәлихановтың қазақтың этномәдени, әлеуметтік-саяси құрылымының қалыптасу, өмір сүру ерекшеліктеріне байланысты маңызды ойлары қазіргі күнге дейін өзінің ғылыми маңызын жойған жоқ. Оның пікірінше қазақ дәстүрлерінің бәрі өз бастауларын көнеден алады. Біздің тақырып бойынша зерттеушінің теңдесі жоқ еңбегі алғаш рет қырғыз халқының «Манас» жырының көлемді бір бөлігі «Көкетайдың ертегісін» жазып алып, ғылым қорына қосуы. Бұл жыр негізінен ас берудің ең ерте нұсқаларының бірі аса көркем тілмен жырланып қана қойылғанымен ғана емес, ондағы деректердің мәліметтік-танымдық құндылығымен де ерекшеленеді [20, 259-346]. Осы кезеңде жарық көрген еңбектердің ішінде ғылыми құндылығы мен әдістемелік объективтілігі жоғары атақты түріктанушы В.В.Радловтың зерттеулері болып табылады. Көшпелі шаруашылық жағдайында қалыптасқан қазақ қоғамының ішкі табиғи өмір сүру ерекшелігін дәл басып, таныған ол XIX ғасырдың орта шеніне дейін басым болып келген А.И.Левшиннің пікіріне: «…оларда (қазақтарда) бізден өзгеше, бөлек, өз ішінде толық реттелген мәдени қарым қатынастар бар»-деп тойтарыс береді, әрі қазақтың отбасылық салт-дәстүрлері, оның ішінде ас беру дәстүрінің орындалу ретін Ұлы жүзде өзі қатысқан бір астың негізінде толық қағаз бетіне түсіреді [21, 315-319]. Дегенмен XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезінде кейбір зерттеушілер ас беру дәстүрінің қазақ қоғамы, әлеуметтік-рухани құндылығы жүйесіндегі орны мен қызметін анықтауға арналған ғылыми-сараптамалық ұмтылыс жасайды. 1900 жылы «Дала уәлаяты» газетінің бетінде жарық көрген «О киргизских поминках» атты мақаласында Ә.Бөкейханов «ас көшпелі қазақ халқының ең қасиетті дәстүрі» деп атай келіп, оның мән мағынасын, қоғамдық өмірде алатын орнын ішінара талдап, ас беру дәстүрінің саны азаюының, елдегі мал басының кемуі, жалпы XIX ғасырдың соңына қарай қазақ көшпелі қоғамының тоқырауға ұшырауын экономикалық-саяси себептерімен нақты дәлелдер келтіре отырып ашып көрсетеді. Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясатының мақсаттарына сәйкес іске асырылған жаңа әкімшілік-территориялық саяси басқару жүйесінің нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамының сан ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік–саяси, рухани құндылықтар жүйесінің дағдарысқа ұшырау себептерін дәл бағамдайды [22, 333-336]. Қазақ тарихы мен этнографиясының көрнекті зерттеушісі Қ.Халиди қазақтың өлікті шығарып салуға байланысты ырым-жоралары, оның ішінде ас беру дәстүріне арнайы тоқталады. Автор ас беру дәстүрінің шығу тегін бағамдауға талап қылады. Әрине, автордың сол кезеңдердегі этнография ғылымының даму дәрежесіне сай бұл күрделі мәселенің тура шешімін табуы мүмкін емес еді. Зерттеушінің қазақтарда ас беру дәстүрінің исламға дейін пайда болған құбылыс екенін айта келе, оның қазақтарға моңғолдардан келген деген пайымдауымен келісу қиын. XIX ғасырдың соңына қарай қазақтарда ас беру дәстүрінің азаю себептерін көрсетіп, оның ішінде, әсіресе, ислам діні әсерінің күшеюін негізгі факторлардың бірі деп көрсетеді. Қазақ шежіресін алғаш рет қағаз бетіне түсірушілердің бірі М.Ж.Көпеев еңбектерін тарих-этнография ғылымы үшін маңызы теңдессіз деп айтуға болады. Оның астың өткізілуі реті, қоғамдық қызметі туралы жинаған ауызша тарих деректері мол мағлұматтар береді. Ас үстінде серт беру, асқа салтанатпен келу, кісі күту, бәйге дауы, балуан күресі т.б туралы құнды деректерді ғылым қорына қосады. Оның астың қоғамдық мәнін терең түсінуі 1886 жылы Абайдың әкесі Құнанбайға ас бермеуін сынап жазған мақаласынан көрінеді [23, 84-90].
Белгілі қазақ этнографы Х.А.Арғынбаев қазан төңкерісіне дейінгі қазақ отбасындағы отбасылық қарым-қатынастар жүйесін нақты деректер арқылы жан-жақты қарастырады. Адамның өлген күнінен бастап орындалатын діни-ғұрыптық жоралардың ерекшелігіне тоқтай келе, зерттеуші ас беру дәстүрінің шығу тегі туралы «ас беру өлген адамның о дүниеде жүрген жанының, яғни аруағының құрметіне құрмалдықтар жасау арқылы өлілердің тірілерді жебеп-желеуін, қысылғанда сүйеп қолдауын керек еткен қараңғы халық сенімінен туған ғұрып. Мұның өзі ислам дінінен әлде қайда бұрын қалыптасқан көне діни сенім–ата-бабалар «аруағының кереметіне» сенуге байланысты пайда болған»–деген тұжырым жасайды [24, 107-144]. Бұл еңбектің ең басты құндылығы ондағы келтірілген деректердің молдығы, әрі ақпараттық нақтылық, ақиқаттылық дәрежесінің жоғары болуында. Ғалымның ғылыми тұжырымдамасы–ас беру дәстүрінің шығу тегі мен әлеуметтік-саяси мәнін зерттеуде ең басты әдістемелік бағыт болып табылады.
Этнограф, философ С.Ақатаевтың еңбектеріндегі ата-баба аруағына табынуға арналған тарауда автор қазақтың өлген адамды шығарып салуға байланысты ырым-жоралар мен соған қатысты наным-сенімдік көзқарастар жайын біршама көлемде талдап өтеді. Зерттеуші ас беру дәстүрінің қоғамдық мәнін: «Ру абырой атағын асыратын үлкен астар ру аралық жиын, мәжіліс қызметін де атқарған. Белгілі кісілердің асында құрылтай шақырылып, қолбасшылар, батырлар сайланған, ел қорғау жөнінде шаралар белгіленіп, ру аралық талас-тартыс мәселелері шешілген, әрі шығу тегі жағынан көне құбылыстар қатарына жатады»-деп жаза келе ежелгі дәуірлерде қазақ даласын мекен еткен тайпалар мен қазақтардың тұрмысы, дүниетанымдық көзқарасы арасындағы тарихи-мәдени ортақ белгілердің бар екенін баса айтады [25, 266]. Белгілі қазақ этноархеологі Ә.Т.Төлеубаевтың қазақтың отбасылық ырым-жоралық салт-дәстүріне арналған көлемді монографиясында қазақтың өлген адамды о дүниеге шығарып салуға байланысты ырым-жоралар жосынына үлкен бір тарау арналған. Біздің ойымызша, аталған автор хронологиялық ауқымды, кең заманды қамтитын деректер негізінде салыстырмалы-тарихи аспекті тұрғысынан қазақ халқының отбасылық-тұрмыстық наным-сенімі мен ырым-жораларының шығу тегі, ішкі семантикалық мазмұны мен осы құбылыстардың әлеуметтік және этнологиялық түп-тамырларын дәл көрсете алған бірден-бір ғылыми еңбек жасай алды деп айта аламыз. Зерттеуші өз еңбегінде өлген адамды еске алу күндерінің (үші, жетісі, қырқы, жылы немесе ас) семантикасын тиянақты талдап анықтама береді, өлген адамды еске алу ұғымын кеңейтіп, жаңа терминологиялық түсінік ұсынады: «…устраиваемые в течение года после смерти и в честь него, было бы правильнее назвать не поминальными, а прощальными или прощально-поминальными» [26, 118-137].
Этнолог-ғалым Ж.О.Артықбаев дәстүрлі қазақ қоғамның этноәлеуметтік, саяси және экономикалық структурасына иек арта отырып XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамындағы қоғамдық қатынастар моделінің сақталып қалған және ішінара өзгерістерге ұшыраған салт-дәстүр рәсімдерін саралайды. Сонымен қатар ас беру дәстүрінің маңызын «ас қоғамдық байланыстың ең жоғары деңгейі деп есептеуге болады. Бірнеше ру, немесе ұлыс,тіпті қазақ баласы түгел бас қосқан бұл жиындарда көшпелі елдің ішкі-сыртқы қоғамдық мәселелері түгел талқыланады, өз шешімін табады. Ас иелерінің әлеуметтік статусы өсіп, немесе одан әрі бекіп ата бабаларының, рудың қоғамдық рейтингі жоғарылайды»-деп, ас беру жалпы көшпелілер қоғамының ішкі қатынастарын реттейтін саяси институттарының бірі болды деген тұжырым жасайды [27, 40-50 ].
Қысқаша тарихнамалық шолуды қорытындылай келе айтарымыз, ас берудің маңызы, оның әлеуметтік-саяси институционалдық қызметінің жоғары екенін көруімізге болады. Осы ас берудің жақсы бір көрінісін І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан көре аламыз.
Ханның айтқаны шындық еді. Шығыс халқының әдеті бойынша «он бесте отау иесі». Әбілқайырдың Маңғыт әйелінен туған тұңғышы Шах-Будақ өткен жылы дүние салған. Хан осы сүйікті ұлының үш күнннен кейін асын бермекші. Ас беру – жерлеу емес, Дәшті Қыпшақ елінің дәстүрі бойынша үлкен той. Асқа Дәшті Қыпшақ пен Мәуреннахрдың игі жақсылары қатысады, сайысқа атақты батырлар түспек! Қыпшақтың от ауызды, орақ тісті, қарға бойлы Қазтуған жырауы мен Арғынның ақсандақ жүйрігі, сексеннен асып кеткен, Ақжол бидің әкесі Қотан жырау қатысады. Төрешіге Үйсін Майқы бидің алтыншы буыны ұлы сыншы, халық ардагері, жүзден асып кеткен Асан Қайғының өзі келмек [5, 35-36]. Бұл суреттеудің өзінен-ақ мұндағы астың қаншалықты маңызды екенін көруімізге болады. Одан әрі қарай неше түрлі ойындар, айтыстардың көрінісі суреттелген. Астың мәні ежелгі көшпелілердің дәстүрі бойынша қай елдің, рудың, тайпаның қандай екені басқа рулардан неден күшті, неден әлсіз екені, сонымен қатар кімнің дос, кімнің қас екені осындай үлкен астарда білінетін. Ал жоғарыда келтірілген мысалдан атақты адамдардың қай рудан және олардың кім екендіктері жақсы суреттелген. Сонымен қатар, М.Әуезовтың «Абай жолы» ромен-эпопеясында да Бөжейдің асы суреттелгені баршамызға мәлім. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кеткенді жөн санадық.
Бұл күндерде бір жайлауларды кернеген жалғыз әңгіме – Бөжей асы туралы. Ас берген ел, асқа барған ел және үйде қалса да, барғандардан көп әңгімеге қанған ел, — тұтасымен бір жайды аңыз етеді. Сол лақап бір тобықтының іші емес, алыс-жақыедығы, ой мен қырдағы қалың рулардың баршасына да тарап, селдей жайылып кетіп жатыр [9, 278]. Бұл мысал арқылы астың өте жақсы өткендігінің қорытындысын көре аламыз.
Ертеректе кісі қайтыс болған кезде оның атын тұлдап, үйге қаралы ту іліп қоятын болған. Бұл арқылы біз аза тұтқан, қаралы үйдің көрінісін көре аламыз. Енді осы ойымызды дәлелдеу үшін оларға қысқаша түсінік беріп, нақты мысалдар келтірейік.
Қара тігу. Кісі өлген үйді бір сөзбен қаралы үй деп те айта береді. Қара тігілген үйді көргендер ол үйге соғып дұға жасап өтеді. Мұндай үй кісі күтуге де дайын отырады. Жыл бойы жоқтау айтылады. Бұл халықтық рәсім марқұмның жылы өтіп, асы берілгенге дейін жалғасады. Жыл болған соң «тұл аудару», «қаралы теңді бұзу», «қара жағу» сияқты ырымдар жасалады.
Қайтыс болған кісінің құрдасы, нағашы-жиендері, іліктері, сыйластары, ауылдастары оның отбасын үйіне арнайы шақырып, дәм береді. Көңіл білдіріп қол ұшын созады. Бата жасайтындар, көңіл айтушылар келетін болса, олармен бірге болып, қаралы үйдің шаруасына араласып, көмек көрсетеді. Қысқаша айтқанда, жаны ашитын адамдар сол үйдің көңіліне қарап, олардың қайғы мұңын жеңілдетуге тырысады. Бұл ата-бабамыздан қалған адамдық жол, әрі тәртіп, бұлжымас заң бүгінге дейін қалпын бұзған жоқ. Қазақ елі, жұрты, азаматтары тұрғанда ол бұзылуға да тиіс емес [6, 269].
С. Кенжеахметов «қара тігуге» баланысты осындай түсінік беріп, оның маңыздылығын аша түскен. Енді осы ойымызды мысалдар арқылы дәлелдеп өтейік.
Байдалы сүйекті орналастырып болысымен сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз қолымен әкеп қара тікті. Бұл жұмыс өліктің артын күтудің үлкен бір серті еді. Қара дегені – ұзын найзаның басына тігілген ту…
Сүйіндік жас кісі өлсе туы қызыл болатынын, кәрі өлсе, ақ болатынын айтып келді де, «Бөжейдің орта жасты кісінің қаралы туы – бір жағы ақ, бір жағы қызыл болу керек» дегенді айтқан. Жаңағы Байдалы әкеп тіккен ту – қара дегені осы еді.
Бөжей өлген күннің ертеңіне тігілген осы қара Бөжейдің өлімі өзге өлімнен ерекше күтілетінін жариялады. Соның шарты: Бөжейге ас беріледі, жыл бойы арты қатты күтіледі деген болатын. Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады [9, 185-186].
Көріп отырғанымыздай, бұл мысалда «қара тігу» фразасы кездеседі. Мұндағы қара тігу кісінің өлімінен хабар беріп тұратын ту тігу деген мағынаны білдіреді. «Қара тігумен» қатар қазақ халқында «ат тұлдау» деген де ғұрып бар.
Қайтыс болған ер адамның мінген атының жал-құйрығын кесіп (күзеп емес) «жануар, о дүниедегі иеңнің жолына құрбандыққа шалын» деп бос жібереді. Ол ат мінілмейді, иесінің жылына сойылады. Мұндай жылқыны «тұл ат» дейді [6, 276].
«Ат тұлдаудың» жақсы бір көрінісін келесі мысал арқылы көре аламыз.
Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындарымен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп келді. Бірі – доға жал семіз күрең ат. Екіншісі – дом боп жарап қалған, сортап болған сұлу қара көк ат…
Өзгелерден бұрын бойын жиып алған Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ босағада тұрған күрең атқа кеп:
— Жануар-ай, иең кетіп тұл қалдың ғой, сен бейбақ! – деп, жақындап келді де күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан құйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тірсегінен жоғары келтіре, қалың құйрығын да борт-борт кесіп алды.
Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:
— Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерімнің қаралы ер-тұрманы осыған ерттелсін, тұлдаған киімдері осыған жабылсын! – деді. Бұл сөзі байлау еді [9, 186]. Бұл мысалдағы «тұл ат» фразасының мағынасы иесіз, мінусіз қалған, жалғыз қалған ат дегенді білдіреді. Тұл деген сөздің өзі жетім, жалғыз деген мағынаны білдіретіні баршамызға белгілі.
Бұл салттардың бәрі де жыл бойына сақталып, қаралы жыл біткен соң ас беру дәстүрінде өз шешімін табады деген болатынбыз. Қазаның бір жылға толуына арналып берілетін ас осы ырым-жоралардың ең бастысы болған. Асқа жиналған халықпен оларға таратылар құрбандық дәмі үшін есепсіз көп мал сойылып, әртүрлі ұлттық ойындары, аламан бәйге, жамбы ату, сайыс сонымен қатар ақындар айтысы т.б. өткізіліп ұлттық салтанат немесе ұлттық мереке ретінде өткізілген. Ас беру дәстүрінің негізін құрайтын өзіндік шарттары мен өткізілу тәртібі, ережесі қалыптасқан (жоқтау, қаралы ту тігу, сеп жию, тұл ат, ақсақалдар кеңесі, сауын айту, ошақ қазу, мал сояр күн, асты басқару, қонақ күтер күн, табақ тарту, асқа салтанатпен келу, аза салу, ұлттық ойындары, тұл атты сою, сеп бұзу, қаралы туды жығу, т.б.). Аза тұтудың өлген күннен бастап ас берілген күнге дейін созылатын бір белгісі-жоқтау. Жоқтау айтудың ең кульминациялық шарықтау шегі астың соңғы күні өлген адамның «тұл» бейнесі жойылып, «тұл» атының сойылуы мен «қаралы тудың» сындырылуы кезінде көрінетін. Осыған байланысты қазақ халқында «қара жығу» және «тұл аудару» деген салт бар. Осындағы қара жығуға тоқталар болсақ, С. Кенжеахметов оғын мынадай түсінік береді: Кісі қайтыс болған күні тігілген қараны жығу салты тағы бар. Ол жылы беріліп, ас өткен соң жасалады. Яғни қара жалауды алып, сындырады да отқа жағып жібереді. Бұдан кейін жақын-жуықтары, әйелі, балалары, елдің ақсақалдары құран оқып, бата береді. Соңғы жоқтау айтылады. Тұл аударылады. Бұл — қаралы жыл өтті, азалы күндер аяқталды деген сөз [6, 281].
Қайтыс болған кісінің жылы өтіп, асы берілген соң, оның жыл бойы қара жамылып қайғырған отбасы әдеттегі өмір тіршілігіне араласуға тиіс. Бұл «тұл аудару» салты бойынша жасалады. Қара жамылған соң, марқұмның киімдері оңға қаратылады. Ер-тұрманы ең жақын досына немесе мұраға беріледі. Әйелі, қыздары бүркейін алып, жақсы киімдерін киюга рұқсат етіледі. «Тұл аудару» салтына марқұмның ет жақындары, балалары, сыйлас-бастас адамдары қатысып, дұға оқылады, бата жасалады. Ақсақалдар үй-ішіндегі адамдарға, әйеліне, балаларына ақыл айтып, жақсы тілек білдіреді. Сол күннен бастап, отбасы адамдары «өлгеннің соңынан өлмек жоқ» деп қызықты өмір тіршілігіне кірісіп кетеді [6, 280].
Сонымен ұлан-асыр той-думан біткен соң ас берудің ең соңғы көрінісі – «тұлдаған аттарды сою», «қаралы теңді бұзу», «септі тарқату» болып табылады. Мұны да көркем шығармадан келтірілген мысалдар арқылы дәлелдеп көрелік.
— Енді бар арман – бір ұйқы. Тек осы тұрған жерге құлай кеткендей боп тұрмын! – деп, Абай біржолата титықтағанын айтты. Сол уақытта бұларды Байдалы келіп, Бөжей үйіне шақырды. Астың әлі аяқталмаған арты бар. Онысы Бөжейдің тұлдаған аттарын сою, үй ішінде былтырдан жиналған септі тарқату, қаралы теңді бұзу.
Бұл істен жақын ағайын шет қала алмайды. Бастығы нағашылар болып, барлық Тобақтының қалың жұрты, енді соған беттеді. Байдалылар Бөжей үйінің жанына келгенде, үй ішіндегі былтырдан бергі қаралы әйелдер сыртқа шықты. Содан соң Байдалы белдеудегі қараны суырып алып, Байсалға берді.ол ырымын істеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып тастады.ас өтті. Қаралы жыл толды. Енді азалы күндер бітті дегеннің белгісі. Байдалының тапсыруымен Сүйіндік қалың елді бастап, ақ үйге кірді де, қаралыы теңдерді бұзды. Бұ да жаңағыдай белгі. Осы уақытта Бөжейдің әйелі мен екі қызы оң жаққа теріс қарап отырып ап, дауыс айтты. Үй ішіндегі барлық жиын үндемей жыласты. Бөжейдің аруағына арналған соңғы дауыс, соңғы көз жасы осы. Енді ең соңғы құран оқылып болған соң, жиын тегіс тысқа шығып тұрғанда, тұлдаған екі ат келді. Қатты семірген күрең мен қара көк тым асаусып кетіпті. Екеуін де Бөжейдің туысқандары жыласып тұрып жықты да, Байдалының өзіне бауыздатты [9, 277].
Біз жоғарыда қазаға байланысты «қаралы үй», «қаралы дауыс», «қаралы жыл», «қаралы көш», «қара байлау», «қаралы келін» деген ұғымдардың бар екенін айтқан болатынбыз. Енді осыларға жеке-жеке тоқталып өтпекпіз.
«Қаралы көш» — қара жамылған қайғылы, азалы көш. Жол-жөнекей кезіккен адамдарды, ауылдарды көргенде дауыс салып, жоқтау айтатын болған. Оны келесі мысалдан көретін боламыз.
Бұл көш қаралы көш екенін – Бөжей көші екенін Абай мен Тәкежан бағана-ақ таныған болатын. Өзге көштен бөлек болатыны мәлім. Бірақ, қазір мына екі қыз істеген іс сол бөлектің ішінде де бір өзгеше болды. Олары өзге қыздан бөлінгенде байқалды. Бастарына еркектің бас киімін киіпті. Қара мақпалмен тыстаған жұқа қара елтірі тымақтары бар. Қыз кимейтін бас киімнің артын алдына келтіріп, теріс киіпті. Енді ғана анық көрінді, орталарына жетекке алған тұлдаған қара көк аттың үстіне Бөжейдің ер-тоқымы ерттеліпті. Ер үстіне сол Бөжейдің өткен қыста Қарқаралыға киіп барған қызыл күрең ішігі жабылыпты. Ердің қасына қамшысын шәншіп, соған да теріс қаратып, Бөжейдің қысқы түлкі тымағын кигізіпті.
Екі қыз бөліне салысымен мына көлденеңнен қарап тұрған аттыларды көріп, шырқай созып, қаралы мұңды дауыс айта жөнелген. Көш бойында ауыл үстінен өтсе, немесе бөгде жүргіншілер жанынан өтсе, қаралы көштің қара жамылған осындай қыздары дауыс айтатын салты. Қыздар соны бастаған екен [9, 195-196].
Бұл келтірілген мысалда «қаралы көш» тіркесімен қатар «қаралы дауыс» деген тіркесті де кездестіреміз. Оның мағынасы – жоқтау айтып, өлеңмен зар еңіреген дауыс. Мысалы:
Алғашқы екі қыз қиыс өтіп, дауыс бастасымен, кейіндеп келе жатқан бес қыз да аттарының басын қатарластырып ап, баяу бастырып отырып, анау екеуінің дауысына қаралы дауыс қосты [9, 196].
Ері немесе жақын-жуығы қайтыс болғанда әйелдер шашын жайып жоқтау айтып, қара жамылатын болған. Бұларды «қаралы келін», «қаралы әйел» деп атауға да болады. Мұндағы «қара жамылды» деп отырғанымыз – ері өлген әйел басына, үстіне де қара түсті киім киіп, аза тұтты дегенді білдіреді [28, 81].
Қара бір шашым жаяйын,
Жаяйын да жылайын (Жоқтау).
Жоқтау, жылау қайғылы, шерлі күйікті, мұңды, зарлы азапты, бақытсыз әйелдің ісі. Бұл әдет дауыс қылу, жоқтау кезінде жасалады. Кешегі өткен зұламат заманда, соғыс, аштық, тәркілеу, апат, жұт кезінде әйелдердің шашын жайып жылауы көп болады. Әйелдер мұң, шер жырларын да көп шығарады. Мұндай кезде ақсақалдар, әйелдер келіп, мұңды адамға тоқтам, басу айту керек. Қазақ қыздарына «шашыңды жайма» деген тыйым сөз төркіні осындайдан шыққан [6, 268]. Осының негізінде «шашын жаю» деген салт қалыптасқан десек те болады. Енді осы ойымызды дәлелдеу үшін көркем шығармалардан алынған мысалдарға тоқталайық.
Оспан әйелдерінің үлкені – Еркежан. Ол – Зереден, Құнанбайдан, Ұлжаннан қалған шаңырақта отырған қаралы келін.
Екінші үйдегі қаралы әйел – Зейнеп. Бұл – Өңірбай қажының қызы. Баяғыда Құнанбай Мекеге кетіп бара жатқан сапарда Оспанға атастырып кеткен қалыңдық болатын. Зейнеп үлкен әнші еді. Әсіресе, жанынан жақсы жоқтау шығаратын, өз зарын өзінің әуенімен де айта білетін әйел.
Үшінші – Торымбала. Бұл өзге әйелдерден жас және үлкен өнері білінбеген момын, бұйығы адам.
Осы үш әйелдің ерін жоқтаған даусын Ералыда отырған ауылдардың кәрі-жасы түгел біледі [18, 175].
Бұл мысал арқылы біз жесір қалған «қаралы әйелдің» бейнесін көре аламыз. Ал келесі мысалдан «шашын жаю» ғұрпының көрінісін көре аламыз.
Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршасын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр [9, 187-188].
Осы орайда тілімізде «қаралы жаулық» деген тіркес те бар. Қаралы жаулық – ері, жанашыры қайтыс болған әйел, басына салатын қара түсті жаулық, өлікті аза тұтудың белгісі [23, 81]. Мысалы:
Қаралы жаулық салынып, қызулы базар есігін жапқанына алты жыл болды [29, 94].
Бұл келтірілген мысалдардың бәрінде де қара жамылған әйелдің, аза тұтқан әйелдің бейнесі суреттеледі. Негізінде ері қаза болғңан әйелді қазақ салтында жесір қалдырмаған. Оны марқұмның ағасына немесе інісіне қосатын болған. Мұны халқымыз «әмеңгер», «әмеңгерлік ету» деп атаған. «Ерден кетсе де, елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген қағидамен күйеуінің аға не інісіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл негізінде дін жолымен де негізделген. Жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қиыншалақтар көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған. Егер әйел тиісті әмеңгеріне шықпай, басқа біреуге шығатын болса, бұрынғы күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмайды, өз төркінінен келген мүлкімен ғана кете алатын болған. Мұны қазақ халқында «іргеден шығару» деп атаған. Осы орайда «әмеңгерлік етуге» байланысты нақты мысалдар келтіруді жөн санадық.
Дәл осындай мезгілде бір күні Шағай Созақтан келген керуеншіден Дайыр Қожаның баласы сүзектен қайтыс болып, жесір қалған Күнсананы «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» деген қазақтың көне дәстүрі бойынша, қожаның үлкен баласына бергелі жатыр деген хабарды естіді [5, 274].
— Біліп отырман. Бүгін айтпағанмен ертең соны ашасың ғой. Тағы бір жайды айтайын. «Кімің кімге тигің келеді?» деп те сұрайсың ғой әлі. Менің жауабым естеріңде болсын, ол жөнді де өздеріңнің ықтиярыңа бердім. Үш жесір қалсақ, құдайға шүкір, үш әмеңгер қалыпты. Қартайып, жер тіреп отырғандар олар емес. Менің де уылжып, он жетіде тұрған жасым жоқ… Қарыстан сүйем жақсы деп неғылайын! Өздерің шеше бер! – деді [18, 255].
— Бәсе десеңші, мына әмеңгерлеріне өзгелерден бұрын жотаға шығып, жонын көрсетіп отыр [18, 255].
Екі қыс оқып еді Әжібай онда,
Биыл тағы жүр еді оқып сонда:
«Қарағым, ағаң өлді, үйге жүр! деп,
Тасболат Әжібайды алды қайта қолға.
Алатын неге десең жесірі бар,
Қазақтың жесір деген кесірі бар.
«Бар болса әмеңгері жесір кетпес»,
Дейтұғын ескі ғұрып кесімі бар [30, 87].
Осылайша жесір қалған әйелдерді әмеңгерлік ететін болған.
Қазақ халқында қаза ғұрыптарының ішіндн «аманат қою» деген де ғұрып бар. Аманат қою әзірше жерлеу деген мағынаны білдіреді. Марқұмды өз жеріне апаруды қатты қыста, ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты өлік аманат қойылады да, кейін туған жеріне апарылып, қайта жерленеді [6, 271]. Мұндай жағдай бұрын қазақ даласында жиі болып тұрған. Мәселен, Абайдың сүйікті ұлы Әбдрахман аманат қойылып, артынан сүйегі еліне әкелінген. Сөзіміз дәлелді болу үшін осыған байланысты мысал келтіре кетейік.
Сондықтан Абай енді Алматыға уақытша қоюды тапсырыпты. Күн жылынып, жол түзеле бере туған жеріне алғызып, әкеп қоймақ ниетті айтты.
Әбіштің жаназасына Алматы халқы көп жиналды. Талайдан бұлыңғыр, жүдеу сұрғылт аспан бүгін мөлдір көк боп жарқырап ашылған еді. Қалың жұрт Ташкент аллейімен жүріп отырып, қазақ зиратына апарып Әбішті қоюға кетті…
Әбішті жерге, лақатқа Майқан мен Өтегелді өз қолдарымен қойып жатып «Аманат!», «Аманат!» десті. Жағалай тұрған барлық жиын осы сөзді бір ауыздан қайталады [19, 186].
Сонымен қатар, қайтыс болған адамды жерлеу кезінде жасалатын «топырақ салу» ғұрпы – мән-мағынасы зор ғұрып болып саналады. Егер жақынадамдары қайтыс болғанда топырақ сала алмаса, ол үлкен арманда қалдым деп өкінетін болған. Дер кезінде келіп марқұмға топырақ салуы – әр адамның көңілінің жақындығы, «туған жерінен топырақ бұйырса» деп тілек тілеп отырады. Топырақ салушылар марқұмға «топырағың торқа» болсын дейді. Осымен байланысты тілімізді «торқалы той, топырақты өлім» деген тіркес те бар.
Бөжейдің жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды [9, 188].
— Тәкежан менің де «қабіріме топырақ тастаймын» деп келіп, тікен тастап кетер-ау! – деп қоя салды.
Ақылбайдың айтуынша ауылдағы әйелдер, жастар және балалар да Абай мен Мағаштың болмағанын қатты ауырлайды екен…
«Кімнің басына ат қойып келеді ағайын-туған!? Қаралы басымен зарлап қалған алғаны, аңырап қалған анасы қайтіп басына барып құран оқытады? Тым құрыса қолынан топырақ салғазса не етуші еді! Ауыра салысымен елге неге алғызбады?» деп айтады екен. Және де енді тұлыпқа мөңіреген сиырдай, бір томар белгі қалмағанға қайтіп шыдаймыз десіпті [19, 189].
Бұл мысалда «топырақ салумен» қатар «ат қою», «құран оқыту» деген тіркестер бар. «Ат қоюға» жоғарыда тоқталып, мысалдар келтіріп, мағынасын ашқан болатынбыз. Ендігі мәселе осындағы «құран оқытуға» тоқталып, мысалдар арқылы дәлелдейік.
Марқұм болған ата-бабалырының, туған-туыстарының басына барып, дұға оқып, еске түсіру зор адамгершілік парыз. Әр адамның ерте ме, кеш пе сол аруақтардың қатарына қосылары анық. Олай болса марқұмдарға құрметпен қарау адамгершіліктің белгісі. Сонымен бірге әр адам сапар үстінде келе жатқанда жол үстіндегі қорымдарға тоқтап, дұға оқып бетін сипап өтуі шарт. Егер ер адам асығыс болса ат үстінде бір үзеңгісін босатып, машинада болса жүрісін баяулатып құран оқуы керек [6, 275].
— Абай аға, рұқсат етіңізші! Жүз жыл бойында талай жолаушы мен өткінші Еңлікке өзі білген құранын оқып, бата қылды ғой. Олары тие берсін! Мен бүгін сол Еңліктер жүрегіне арналған басқаша, өзгеше бір құран оқиын. Соған рұқсат па екен? – деді.
Абай іркілген жоқ. Дәрменге қызыққандай, жылы шыраймен қарады да: «Оқы!..» — деді. Сол белгіні күткен Дәрмен:
— Ендеше, Еңлік, Кебек құраны мынау болсын, — дей салып, тамағын кенеп алып, шырқап тұрып, әсем қоңыр даусымен ән бастады. Көкбай мен Шұбар мынадай оқыс мінезден қысылғандай қыбылжып, бір нәрсе айтардай болысып еді. Абай тыныштық тілеп, екі қолын шапшаң сермеді де, барлық топқа тыйым салды, Дәрменді тыңдауға бұйрық етті. Көпшілік үнсіз тұрып, құптағандай, ұйып тыңдап қалды [19, 11].
Бұл мысал арқылы «құран оқудың» қаншалықты маңызды екенін көре аламыз. Құран оқу аруақтарға арнап құран бағыштау болып табылады.
Сонымен, бұл тараушаны қорытындылай келе айтарымыз, қаза ғұрыптарына жататын салт-дәстүрлеріміз өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Дархан халқымыз ауыр қазаға да қабырғалары қайыспай, асқан көрегенділікпен осындай салт-дәстүрлерді туғызып, мұра етіп қалдырған.
Тағы рефераттар
- БЕЙБИТ ЖАНЕ СОГЫС УАКЫТЫНДАГЫ ТОТЕНШЕ ЖАГДАЙЛАР
- Қазақстандағы менджменттің методологиялық негіздері
- Коммерциялық банктердің пассив және актив операциялары
- Радиохабардың қоғамық мәні
- Моңғолдық иганы құлату