Қазақ халқының Ресеймен арадағы байланысының алғашқы бағыттарының бірі- сауда қарым-қатынасы болды. Оның жолға қойылып, екі халық арасындағы байланыстың басталуы негізінен қазақ жерінің орыс мемлекеті құрамына қосыла бастау кезеңінен-ақ іске асырылды. Осы аталған уақыттан бастап қазақ даласының Шығыс, Алтай өлкесі де осындай екі жақты қарым қатынасқа тартылып, уақыт өткен сайын ол кең қарқынмен дами түсті.
ХVIIІ ғасырдың бірінші ширегінен басталатын аталған аймақтағы сауда қатынасы алғашында негізінен айырбас ретінде жүрді. Жергілікті қазақтардың осы саладағы саудаланатын басты тауары мал және оның өнімдері болды. Бұлар Ресейлік өнеркәсіптік тауарларына, астыққа, әртүрлі ыдыстарға, әшекей бұйымдарына, шай, қант, жеміс, т.б. тағамдарға, күнделікті қажетті мүліктерге кеңінен ауыстырылды. Осы мерзімнен басталған қазақ-орыс саудасының жергілікті халық тұрмысының дамуындағы маңызы да арта түсті.
Ресей жағынан өнеркәсіп және тұрмысқа қажетті тауарларының қазақ даласына енуі олардың жаңа тұрмысқа тартылуына, қоныс аударып келген орыс шаруаларымен тығыз байланыс орнатуына жағдай жасады. Қазақтар басы артық малдары мен оның өнімдерін өздеріне қажетті тауарларға ауыстыруға мүмкіндік алды. «Орыстар мен қазақтардың ең алғашқы байланыстары,- деп жазды Н.В. Алексеенко,- сауда байланыстары болды. Қазақ даласымен сауда қарым-қатнасы… Ямышево (1720), Семей(1754), Железинкс (1764) қамал кедендері арқылы жүрді. Аталған сауда қатынастары, әсіресе 1758 жылғы Жоңғар мемлекеті талқандалғаннан кейін жедел қарқынмен дами бастады. Алғашқы ақшасыз саудада жалпы айырбас құны бір жылдық тоқты болды.
Ақшасыз айырбас саудасы ХVIIІ ғасыр және ХІХ ғасырдың бірінші жартысында бүкіл дала өңірінің, сонымен қатар, Ертіс жүйесі тау-кен зауыттарының оң жағасын қамтыды. ХVIIІ ғасырда қазақтармен екі арадағы айырбас саудасына негізінен Сібір казактары қатысты.
…Орыс – қазақ айыбас саудасы жыл бойы тұрақты түрде барлық орыс қоныстарында жүргізілді. Әрбір казак қонысы олар үшін сауда орталығына айналды,- деп көрсетті Сібір казак әскерлерінің тарихшысы Ф. Усов. Қазақтар айырбас үшін малдарын, тері, жүндерін, т.б. мал өнімдерін әкелді. Осы жерде олар нан, шай, қант, мақта өнімдеріне, әшекей заттарына ауыстырылады. Айырбас сауда, әсіресе, қазақтар мен Алтай таулы өлкесіндегі Кабинеттік шаруалары, сонымен қатар Бұқтырма өңірі казактары арасындағы қызу жүрді. Айырбасталатын тауарлардың ішінде астық өнімдері басым болды». (Алексеенко Н.В. Русские и казахи Верхнего Прииртышья в ХVIIІ-начале ХХ вв. Ленинград., 1967, 25-26 бб.).
Осы аймақтағы орыс-қазақ саудасының алғашқы басталу тарихы туралы өлке зерттеушісі С.Н. Герасимов мынандай мәліметттер береді: «Жоңғарлармен болған соғыстан кейін орыстар бос қалған жоңғарлардың жерлерін өздеріне қаратып, шығыстағы иеліктерін ертіс өзені жағалауына дейін жылжытты. Осы жерде орыс шекаралық жүйесіне жақын келіп, қырғыз-қайсақтар орыстармен сауда қарым-қатынастарын жасай бастады. Ал бұған жоғары мемлекеттік рұқсат керек болғандықтан 1760 жылы сұлтан Абдул Файз Санк-Петербеург қаласына өзінің елшілері Бек Мырзамен Құдайбергенді жібереді. …көршілерімен Ертіс жүйесінде сауда қатыныасын жасауға мүдделі орыс мемлекеті 1764жылы Семей қаласынан 15 шақырым жерде… Ертіс өзенінің солтүстік жағалауында кейін Семейдің «Зараечный» слободасының негізі болған ерекше айырбас алаңын негіздеді. 1765 жылы осындай айырбас алаңы Өскемен қамалында, 1765 жылы Железинскіде, ал 1803 жылы Бұқтырмада негізделді».
Аталған кезеңінен басталған қазақтармен ардағы сауданы одан ары дамытып, өркендетуге патша үкіметі алғашқы кезеңінен-ақ мүдделілік көрсетті. Себебі, жергілікті халықпен айырбас саудасы Ресей үкіметіне тиімді болды. Көрсетілген уақытта негізіне қазақтарға сапасыз, Ресейдің ішкі аудандарында сұраныс жоқ өнеркәсіп тауарларын малға, оның өнімдеріне ауыстырды. Осы арқылы Ресей кәсіпорындарын арзан шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.
«Даламен сауда жасау,-деп тұжырым жасайды Е. Бекмаханов өзінің зерттеулерінде,- орыс саудагерлеріне аса көп пайда әкелді. Олар мұнда өтпейтін тауарларды әкелумен қатар осы арқылы үлкен табыс тапты. Дала мен екі ортадағы сипаттама жасай отыра А.К. Гейнс былай деп жазды: «Ресейден қырғыздар барлық жәрмеңкелерде өтпеген сапасыз тауарларды алады. Керсінше, бұл қажетсіз бұйымдар қырғыз даласында малға айырбасталып, тиімді өтеді». (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. А., 1992, 350 б.).
Қазақ даласын зерттеуші А.И. Левшиннің көрсетуінше: «Қырғыздар өздерінің өткізген мал, т.б. шекізат түрлерінің орнына Ресейден әртүрлі темір, шойын және мыс бұйымдарын, мысалы қазан, таған, ертоқым,…қайшы, тері, балта , шалғы, құлып, т.б. сонымен бірге, барқыт, кенеп,…жібек маталары, сандық … кішкентай айналар, иіскейтін темекі,-ұн, т.б. алады». (Левшин А. И. Описание киргиз-кайсацких или киргиз казацких Орди степей. Спб., 1832, Алматы., 1996, 394 б.). Осы кезеңдегі қазақтардың малының молдығы мен олардың оны көп мөлшерде орыс тауарларына ауыстратындығы жөнінен Батыс Сібір мен қазақ даласын зерттеуші И.Завалишин де көрсеткен, оның айтуынша- «Олар (шекаралық қазақтар – Ғ.Қ.) негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Тері, мал, майы, жүн, т.б. тауарға-темір, тері, көбінесе астыққа ауыстырылады. Мал, қой, жылқыны да олар өте көп мөлшерде сатады.
Қазақтармен екі ортадағы осындай айырбас саудасын жүргізе отыра патша үкіметінің жергілікті әкімшілігі, саудагерлер әрқашан алдауға, малдарын арзан алуға тырысып келді. Мысалы, Ресей көпестерінің …қарапайым қазақтарды арақ беру арқылы арқылы қалай алдағанын граф Ян Потоцкий төменднгідей мысалмен дөп келтіреді: «қазақтарда айырбастауға ұсынылатын тауарлардың нақты бағасы туралы ешқандай мағұлмат, түсінік жоқ, осы арқылы көпестерге қаншама пайда келіп жатқандығын айтпай-ақ түсінуге болады.
Сонымен бірге Қазақстан аталған кезеңде Ресей өнеркәсіп тауарларының өткізу аймағы ғана болып қалмады. 1829 жылғы Сыртқы істер министірлігінің Николай-1-ге хабарламасында Қазақстанның арзан шикізат байлығын өркендей бастаған өнеркәсіп орындарына пайдалану мәселесі қойылды (Бекмаханов Е. Очерки истории Казахстана ХІХ века. Алматы, 1966, 27-б.).
Қазақ даласындағы айырбас сауданының өркендеуіне орай өсімқорлық кең етек алды. ХІХ ғасырдың ортасында орыс саудагерлерінің едәуір бөлегі жергілікті тұрғындарға тауарларын белгілі мерзімге дейін өспелі қарызға берді. Бұл туралы Сібір өлкесін зерттеуші М. Красовский былай деп жазды: «Саудагерлер, егін шаруашылығымен айналыспайтын казактар қырғыздарды алдау арқылы күн көреді. Олар саудагерлерден келісіммен тауарларды алып, оны қырғыз ауылдарына белгілі мерзімге дейін таратып береді, осы арқылы олар еселеп байиды… Мұндай өсімқорлықтан… татар саудагерлері де қалыспай орыс көпестерінен де артық байыды…» (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы. Алматы., 1992, 69-б.).
Даладағы жергілікті халықпен сауда қарым-қатынастары арқылы патша үкіметі қазақ жеріне кеңінен еніп, оның шаруашылық, әлеуметтік даму жағдайымен молырақ танысуға мүмкіндік алды. Осы мақсатпен 1840 жылдың басында Шығыс Қазақстан, Алтай өлкесі округтері қазақтарының мал саны бірнеше рет саналып, анықталды. Сынақ қортындысы бойынша князь Петр Дмитриевич Горчаковқа берілген мәліметте «Көкшетау,
Қарқаралы, Баянауыл, Ақмола, Аягөз, Көкпекті және Құсмұрын округтерінде 800000-ға дейін жылқы, 200000-ға дейін ірі қара, 3000000-ға дейін қой» бар екендігі көрсетілген.
Империялық қаржы министіріне берген Шекара жүйесі басқармасының соңғы есебі бойынша округтердегі қырғыз малдарының есебі бойынша округтердегі қырғыз малдарының есебі төмендегідей болды: Осы мерзімде жалпы Ресейдің сауда мәселесімен мемлекеттік коммерц коллегиясы айналысып келді, ал Орта жүз қазақтары Ресеймен сауда байланысын Семей қаласы арқылы жүргізді.
…Ресейдің 1758 жылдан бастап сауда жұмысын басқарған обер-директоры Никита Шемякин түсында сауда өркендей түсті. Саудадан түскен салық орыс мемлекетіне мол қазына болып құйылды. Мысалы, мемлекеттік саудадан 1789 жылы 3922 рубль, 90 тиын алынса, 1791 жылы 8380 рубль, 74 тиынға өсті. Семейде 1792 жылы орыс, Сібір және неміс тауарлары 51338 рубльге, ал қазақ, Ташакент және Қытай тауарлары 63800 рубль 94 тиынға жетті. (Мамырұлы Камен. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Өскемен., 1994, 178-б.).
Айырбас сауданы одан ары дамыту мақсатында патша әкімшілігі қазақ даласындағы осы мақсаттағы сауда аландарын көбейтуді мақсат етіп қойды. «Оның…халықаралық саудадағы қолайлылығын ескере отыра Елизавета патшаның жарлығымен 1765 жылы Өскемен маңайында айырбас алаңы негізделді. Мұнда ташкенттіктер мен бұхарлықтар үнемі өз тауарларын әкелетін болды, ал қырғыз-қайсақтар,- деп жазады сол кездегі құжаттар, — көп мөлшерде қой, жылқы, жүн, тері сататын».
Ресей өндіріс тауарларын өткізу, оларды шикізатпен қамтамасыз етуге мүдделі патша үкіметі шет аймақтағы сауда өкілдерінің мүддесін қорғауды да үнемі басты назарда ұстап келді. Осы мақсатпен қазақ даласына келген орыс саудагерлері мен өнеркәсіп орындарының өкілдеріне арнайы сауда агенттері, тілмаштар мен жол бастаушылар бөлінді. Олардың алдында қойған мақсаты да капиталистік даму жолына түскен Ресей кәсіпорындарын көп мөлшердегі шикізат көздерімен қамтамасыз ету, арзан қолды өндіріс тауарларын шет аймақтарға мол мөлшерде өтізу болды. Аталған мақсатта үкімет тарапынан саудагерлердің қызметін жеңілдетуде оларды ынталандыру, ірі сауда капиталын қалыптастыру мақсатында т.б. көптеген шаралар қабылданды. Атап айтқанда, патша үкіметі ірі саудагерлерге ресми атақ беріп, ол атақ мұрагерлікке қалатын болды.
Ертіс өзені маңайындағы саудагерлікті дамыту мақсатында Семей облысы аумағында сауда жасайтын саудагерлерге, мешандарға, т.б. бірінші топтағы саудагерлерге екі мың күміс, екінші топтағы саудагерлерге бір мың күміс, үшінші топтағы саудагерлерге 400 күміс рубль капиталы болған жағдайда он жыл сауда салығынан босатылатын болды. Саудагерлер өз есебінен Аягөз, Қапал немесе Көкпекті қоныстарында сауда алаңдарын салуға міндеттелді. Сонымен қатар олардың өндіріс базаларының болуы талап етілді. (Аполлова Н.Г. Хозяйственное освоение Прииртышья в конце ХVІ-первой половине ХІХ в. Москва., 1976, 344-б.).
Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейін негізгі ХVІІІ ғасырдың басынан басталған қазақ-орыс саудасы алғашында айырбас ретінде басталып, кейін біртіндеп тауар-ақша қатынастарына ауысты…
Тағы рефераттар
- Философия және өнер
- Нормал және жетілдірілген формалар
- Атмосфераны ластаушы көздер
- Резинаны утилизациялау және қолданылуы
- Қонақ үйлердің дәрежесіне байланысты қойылатын талаптар