Кіші жүздің ру – тайпалары туралы қазақша реферат

Кіші жүздің рулық құрамы туралы алғашқы мәліметтер бізге 1748 жылдан мәлім және оны А. И. Тевкелев келтірген. Кіші жүздің рулық – тайпалық құрамын суреттей келіп, бұл жүзді ол мыналардан тұрады деп жазады: «Ірі ру Алшын, ал алшын екіге, яғни Қаракесек және Байұлы болып бөлінеді. Қаракесек бәрінен де ірі, алты рудан тұрады, атап айтқанда, олар: Шекті, Қаракесек, Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал… Қаракесекке қарағанда Байұлы орташа, 12 рудан тұрады, атап айтқанда олар: Адай, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Масқар, Таздар, Есентемір, Алтын, Шықтар, Шеркес, Тана… Жетіру, яғни жеті ру Кіші жүздегі ең шағын рулар, атап айтқанда, олар: Табын, Тама, Кердері, Керейіт, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан».

Нақ осы жерде А. И. Тевкелев жетіруға кірген рулардың бұрын бытыраңқы болып, неғұрлым күштірулардан теперіш көріп келгенін айтады. Олар өздерін бірігу ғана сақтап қалатынын аңғарып, Тәуке ханның ақылымен, туыстық жағынан байланысты емес одақ – Жетіру болып бас қосқан. Орыс тарихшысы әрі географ В. Н. Татищев өз еңбектерінің бірінде табын руы туралы айтып өтеді.

Кіші жүздің рулық құрамы туралы келесі бір мағлұмат П. И. Рычковтың еңбегінде бар, ол былай деп жазады: бүкіл Кіші орда екі бөлікке – Алшындар мен Жетіру болып бөлінеді және «бұл ордадағы аса атақты рулар немесе аймақтар:Алшын, Адай, Масқар (Машқар), Тама, Табын, Кете, Қаракете, Шөмекей, Шекті, Жағалбайлы».

П. И. Рычков өзінің басқа бір еңбегінде де шамамен нақ осы деректерді келтіреді. А. И. Тевкелев пен П. И. Рычковтың деректерін Кіші жүздің рулық құрамы туралы ең кейінгі, неғұрлым толық және дәл мағмұматтармен салыстыра келгенде, біз А. И. Тевкелевтің мәліметтеріне қарағанда П. И. Рычковтың мәліметтерінде елеулі олқылықтар бар екенін, олардың онша толық және дәл емес екенін аңғарамыз.

Егер Тевкелевтен біз Кіші жүздің барлық үш ру – Байұлы, Қаракесек (Әлімұлы)және жетіру бірлестектерін көрсек, П.И. Рычковта тек Алшындар мен Жетіру ғана бар. Тевкелевте Байұлы құрамында Қызылқұрт руы ғана жоқ, ал басқа екі бірлестік толық келтірілген. Рычковта он ру ғана жазылған. Онда Кіші жүздің барлық үш ру бірлестіктерінің өкілдері біріктіріліп, араластырылып жіберілген.

П.И. Рычковпен салыстырғанда А. Левшиннің мәліметтері Кіші жүздің ру құрамының дәлдігі мағынасында бір қадам ілгерілеушілік болып табылады. Ол былай деп жазады: «Кіші орда бұрын ең ірі алшын тайпаларынан және Тәуке жеті текті біріктірген жеті шағын рулардан тұрған. Алшындар Әлімұлы және Байұлы болып бөлінген».

Бұдан әрі ол ру бірлестіктері мыналардан тұрады деп көрсетеді: «Әлімұлы алты ру – Қарасақал, Қаракесек, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті; Байұлы он екі ру – Адай, Жаппас, Шеркеш, Тана, Қызылқұрт, Шық, Алаша, Байбақты, Масқар, Беріш, Таз, Есентемір; Жетіру – Табын, Тама, Кередері, Жағалбайұлы, Керейіт, Телеу, Рамадан».

Н.А. Аристов та өз еңбегінде А. Левшинге сілтеме жасай отырып, Кіші жүздің ру құрамын нақ осылай береді. Алайда, Кіші жүздің ру құрамы бойынша өзімізге белгілі ең толық деректердің бәрін салыстыра отырып, біз бұл мәселені барлық зерттеушілердің Байұлы рулық бірлестігіне он екі ру кіреді дегені қате екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Шынына келгенде, А.И. Тевкелев, А. Левшин, Н.А. Аристов және басқа зерттеушілер келтірген байұлы руларының тізімін тағы бір қарап өтсек, Тевкелевте Байұлы құрамында Алтын руы бар екенін, А. Левшин мен Н. Аристовта оның жоқ екенін көреміз. Оның есесіне соңғыларында Қызылқұрт руы бар да, ол Тевкелевте жоқ. Сөйтіп, Тевкелевте оның он екі руында Қызылқұрт руы жетіспейді, ал Левшин мен Аристовта он үшінші ру – Алтын руы жоқ. Байұлында он екі емес, он үш ру бар деген біздің пікірімізді жинақтаған материалдар, сондай – ақ М. Тынышбаевтың деректері толық растайды. Бір қызығы, С.А. Аманжолов өз еңбегінің бір жерінде Байұлының он екі руы бар екенін айтады да, басқа бір жерінде он үш ру туралы деректер келтіреді.

Тарихи әдебиетте Кіш жүз рулары көпшілігінің шығу тегі мен олардың этникалық жағынан қайда жататыны туралы мәліметтер өте аз. Олар негізінен Н.А. Аристовтың еңбегінде келтірілген және көбінесе жорамал сипатында болып, қандай да болсын иланымды деректемелермен дәлелденбейді. Н.А. Аристов алшындар мен Кіші жүздің басқа да көптеген ең ежелгі руларының негізі «түріктердің батыс динлиндермен қоспасынан» басталады деп санауға бейім. Г. Е. Грумм – Гржимайло да солай дейді. В. В. Бартольд та осы теорияға толық қосылған.


Тағы рефераттар