Қылмыс туралы қазақша реферат

Қылмыс – бір адам арқылы немесе бірнеше адамның бірлесуі арқылы істелуі мүмкін. Бірнеше адамның қылмыс істеуінің нәтижесінде істелген қылмыстың мәні, одан туындайтын зиянның мөлшері де жеке дара адам істеген қылмысқа қарағанда едәуір өзгереді және мұндайда қылмыс істегені үшін жауапты болатын адамдардың саны тура анықтау қажеттілігі туындайды.

Сондай-ақ бұл адамдардың жауаптылығының негізі мен шегін, олардың әрқайсысының бірлесіп қылмыс істеудегі кінәсінің мәні мен дәрежесіне қарай салыстыру, әрбір қылмыскердің жеке тұлғасының ерекшеліктерін анықтаудың маңызы зор. Қылмысқа қатысу институты ғана осы мәселелерді анықтауға толық мүмкіндік туғызады.

Жаңа қылмыстық заңда қылмысқа бірлесіп қатысудың ұғымы, оған қатысушылардың (орындаушылар, ұйымдастырушылар, айдап салушылар мен көмектесушілер) жекелеген іс-әрекетін сипаттайтын белгілер және оларға жаза тағайындаудың негізгі қағидалары, сондай-ақ қылмысқа қатысу нысандарының анықтамасы берілген. Сонымен, екі немесе одан да көп адамның қасақана қылмыс жасауға қасақана бірлесіп қатысуы қылмысқа қатысу деп танылады. Бұл Қазақстан Республыкасының 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстің 27-бабында көрсетілген.

КУРСТЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ МАҚСАТЫ. Қылмысқа қатысушылардың, яғни орындаушының, ұйымдастырушының, айдап салушы мен көмектесушілердің  қылмыс істеу барысында қандай рөл атқарғанын анықтау, сонымен қатар, аталмыш тұлғаларды бір-бірінен айыра білу және оларға тиісті жауаптылық тағайындау.

КУРСТЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ.  Барлық қатысушылар қылмысты орындаушының істейтін қылмысының мәнін сезе отырып, әр түрлі ниетпен соның болуын тілеп, қылмысты жүзеге асыру үшін өздерінің қылмыстық әрекеттерін біріктіреді. Қылмысқа қатысу – барлық қатысушылардың бірыңғай қылмыстық нәтижеге жетуі үшін бағытталған. Сондықтан бұл ортақ қылмыстық ниеттің болуын білдіреді. Менің ойымша қылмысқа қатысушыларды анықтап алмай қылмыс құрамын саралау, сонымен қоса оларға тиесілі жаза тағайындау мүмкін емес.


Тағы рефераттар