Қылмысқа қатысушылардың қылмыс істеуден өз еркімен бас тартуы туралы қазақша реферат

Қылмыс істеуден бас тартудың ережелері қылмысқа бірге қатысушыларға да қолданылады. Орындаушының қылмыс істеуден өз еркімен бас тартуы деп – оның алдын ала келісілген қылмысты әрекеттерді мүлдем істемеуі немесе оны орындаудан дайындық сатысында бас тартуы болып табылады.Орындаушының дайындық сатысында істеген іс-әрекетінде басқа бір қылмыс құрамы бар болса, сол үшін ғана жауапты болады. Мысалы, кісі өлтіруге дайындық немесе оқталғандық үшін жауаптылық, ұрлыққа  оқталғандық, т.б. әрекеттер

Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші бірлесіп қылмыс істеуге, әдетте, қылмыс істелгенге дейін қатысады және бұлардың әрекеті орындаушының қылмысты ойдағыдай аяқтауына барлық қажетті жағдайларды туғызуға арналады. Сондықтан да қылмысқа қатысушылардың – ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушінің қылмыс істеуден өз еркімен бас тартуы орындаушының алдын ала келісілген қылмысты істеуіне дейін орын алуы шарт. Мұндай ретте олар белсенді әрекеттер жасап, орындаушыны қылмыс істеуден бас тартқызуға, қылмыстың істелуіне жасалған барлық жағдайларды жоюға, келісілген қылмыс жөнінде дер кезінде өкімет орнына, жәбірленушіге, басқа адамдарға хабарлауға және басқа әрекеттермен тойтаруға өздерінің қолынан келетін барлық шараларды дер кезінде қолдануы қажет. Мұндай жағдайларда қылмысты ұйымдастырушының, айдап салушының немесе қылмысқа көмектесушінің қылмыс істеуден өз еркімен бас тартулары – оларды қылмыстық жауаптылықтан босатады. Олардың бұл әрекеттерінен нәтиже шықпай, қылмыс тоқтатылмай қалған жағдайда – орындаушы, айдап салушы, көмектесуші болған, орындалған нақты іс-әрекет үшін ғана жауаптылыққа тартылады, бірақ та олардың қылмыстан сақтандыруға жасаған әрекеттері, сөз жоқ, жаза тағайындалғанда есепке алынады. [9. 164 б.]

Іске аспаған айдап салушылық және көмектесушілік. Іске аспаған айдап салушылық деп – азғырушының қылмысты орындауға азғырылған адамның қылмысты істеуге көнбеуі немесе алғаш көнгенімен қылмысты нақты іске асыру кезінде оны істеуден бас тартуы болып табылады. Яғни, мұндай жағдайда айдап салушы қылмыс істеуге барынша жағдай жасағанымен, бірақ оның ойы өз ырқына байланысты емес себептермен жүзеге аспай қалады. Айдап салушының мұндай әрекетінде қылмыс құрамы болса, онда ол Қылмыстық кодекстің 24-бабында көрсетілген қылмысқа дайындалғандық үшін жауапқа тартылады.

Іске аспаған көмектесушілікке қылмысты орындауға алдын ала келіскен адамға қателесіп жарамды құралдың орнына жарамсыз құралдар беріп көмектесу немесе қылмыс істеуден өз еркімен бас тартқан адамға, сондай-ақ қылмысты істеп, бітірген адамға көмек көрсетулер жатады. Іске аспаған көмектесушілік қылмысқа дайындалғандық деп саналады.

Арнаулы субьектінің қылмысқа бірге қатысуы.

Кейбір қылмыстардың орындаушысы болып тек арнаулы субьектілер танылады. Мысалы, лауазымды, әскери қылмыстарды алайық. Мұндай қылмыстардың тікелей орындаушысы жай субьект емес, арнаулы субьект — әскери қызметшілер, лауазымды адамдар ғана болады. Қылмыстың басқа қатысушылары – ұйымдастырушылар, айдап салушылар немесе көмектесушілер арнаулы емес жай субьектілер болады. Қылмыстық заңда бұл туралы арнаулы көрсетілген. Яғни, жай адамдар арнаулы субьектілердің орындайтын қылмысына қатысқанда олардың әрекеттері әр уақытта да 29-бапқа сілтеме жасай отырып сараланады.
Тағы рефераттар