Психология – ескі фән. Бұл фәнді фән қылып дүниеге шығарушы Айса пайғамбардан бұрын болған грек ұлтынан шыққан Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайн патшаның тәрбияшысы – Аристотель данышпан. Психология деген сөз грекше екі сөзден құралған: псиюха – жан, гос – сөз деген мағнада. Яғни жан туралы сөз, жан туралы фән деген сөз болып шығады.
Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығында дау жоқ. Бірақ сол жан деген не? Жанның не нәрсе екені туралы үш пікір бар. Үшеуі үш түрлі философия пікіріне негізделген. Біріншісі, жан денеден бөлек, өз алдына бір нәрсе дейді. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Қазақтың жан шыбын сықылды бір зат, өлгенде ауыздан ұшып шығып кетеді, ұйықтағанда мұрыннан шығып, серуендеп жүреді-мыс деген ертегісі осы пікірдің бір сәулесі. Бұл жан денеден тіпті бөлек, өз алдына қандайда болса бір зат деген пікір «спиритулизм», яки «идеализм» деп аталады. Екінші пікір жан даган дене іскірлігінің, әсіресе нерв системасы мен ми іскірлігінің бір түрі дейді. Яғни жан деген жеке зат жоқ, жан деген дененің тірлігі деген сөз. Бұл пікір «материализм» деп аталады.
Үшінші пікір, жан деген жан көріністерінің жиынтығы дейді. Яғни жан даган ойлау, сезу, һәм басқа барлық жан көріністерінің жалпы аты дейді. Бұл пікір «феноменализм» яки «эмпоризм» деп аталады. Қайткенмен де адамзат бұл күнге шейін жанның не зат екенін біле алған жоқ. Жанның не зат екені білінбеуінен, жанның барлығына күмән қылуға болмайды. Жан бар. Барлығы сол: оның істері, көріністері бар. Ақша қарда жосылып жатқан айқын ізге түссек, алдымызда аңның барлығына күмән қылмаймыз ба? Бұл да сол сықылды. Жалғыз-ақ айырма мынау: ізіне түсіп зерттеп отырып, адамзат аңды баяғыдан бері соғып келсе де, жанға жете алған жоқ, яғни істері, көріністері бойынша жанның не зат екнін қанша білмекші болса да, әлі күнге біле алғаны жоқ. Бірақ бұдан бала тәрбиясы ақсамайды. Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ, оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді.
Мидың қажуы һәм оны тынықтыру
Ми – дененің бір мүшесі. Ол жұмыссыздықтан қажыған сықылды, жұмыстан да қажиды. Қажыған соң тынығуды керек қылады. Миды беталдына жұмсай беру күшін азайтады, хатта оны паралич соғып, адам есалаң болып қалады. Денемен жұмыс қылсаң да, мидың өзімен жұмыс қылсаң да, мида бір у пайда болып отырады. Сол уды қан жуып алып кетіп, миды тазартып отырады. Егер де жұмыс тым қатты болса, миға у тым көп жиылады да, қанның жуып алып кетуге шамасы келмей қалып, нируа системасының бәрі уланады. Және миға қатты жұмыс істеткенде, қан миға ұмтылып, өзге дене ашығып қалады да, әрсірейді, сола бастайды. Міне, осы себептен миға жұмыс қыодырғаннан кейін һәр уақыт тынығып отыру керек.
Тынығу екі түрлі болады: не бір жола жұмысты доғару, не болмаса жұмысты жаңарту. Жұмысты жаңартқанда да, яғни бір жұмыстың орнына екінші жұмыс қылғанда да адам тынығады. Мысалы, көру жұмысынан соң (оқу, жазу), есту жқмысына көшсе (әңгіме тыңдау), бала әжептәуір тынығып қалады. Әйткенмен бұл тынығу жұмысты бір жола доғарып тынығуға жетпейді. Әсіресе жас балаларды жиі-жиі жұмыссыз тынықтыру керек. Ал енді, тынығу уақытында бала не қылады? Бұған жауап беру үшін, мынаны білу керек – бала қозғалмай отыра алмайды, баланы ең қажытатын нәрсе – тік отыру. Сондықтан баланы тынықтыру дегенде оны таза һауада ойнату, таза һауада гимнастика жасату деп ұғу керек. Ойын һәм гимнастика туралы алдымызда тағы сөз қозғаймыз.
Жан көріністерін тап-тапқа бөлу
Жан көріністері қанша түрлі болғанымен, оларды түп мінездері бойынша үш тапқа бөлуге болады: білу, яки ақыл көріністері, ішкі сезім, яки көңіл көріністері һәм қайрат көріністері. Қазақтың данышпаны Абай бұл үш тапты: ақыл, жүрек, қайрат деп атайды. Біз бір заттың яки көріністің сынын белгілейміз, заттар яки көріністер арасындағы байламды, яки айырманы табамыз. Бұл – ақыл ісі. Біз қайғырамыз, қуанамыз. Бұл – ішкі сезім ісі. Біз бір істі істемекші боламыз, бір мақсұтқа жетпекші боламыз. Бұл – қайрат ісі.
Ақыл көріністері яки жанның білуі. Әсерлену
Әсерлену термині қазіргі терминологиямызда қабылдау
(восприятие) деленіп жүр.
Әсерлену ұғымы. Нируа системасы алып келген әсерді жанның ұғуы, аңдауы әсерлену деп аталады. Жан алдымен білімді осы әсерлену арқылы алады.
Әсерлену көрінісі қалай болады?
Әсерлену көрінісінің болуы былайша: сыртқы дүниедегі бір зат біздің денемізге, яғни нируаның ұшына (переферий нируаларына) әсер қылады. Мысалы, дауыс құлақ, нируасына әсер қылады. Осы әсерді нируа орда нируаға, яғни миға алып барады. Ми осы келген әсермен әсерленеді, яғни мида бір аң (Аң – аңдау, аңғару сөздерімен мәндес; түркі тектес тілдердің бірсыпырасында сана дегенді білдіреді. Психологиялық термин ретінде түсінік, ұғым мағнасында қолданылған) пайда болады. Міне, осы нируа системасы алып келген әсерді жанның аңдауы әсерлену деп аталады.
Әсерлену көрінісінің болу шарттары
Жанда әсерлену көрінісі болу төмендегі шарттар табылу керек.
1) Әсер білінгендей күшті болсын. Яғни әсер тым әлсіз болса, яки тым күшті болса, әсерлену болмайды. Мысалы бетке шаң қонады, сол шаң беттегі нируа ұштарына, әрине, әсер бермей қоймайды, бірақ бұдан әсерлену болмайды, яғни жан бетке шаң қонғанынбілмейді, аңдамайды. Мұның себебі әсердің тым әлсізболғаны. Және әсер тым болса да, әсерлену болмайды. Мысалы, күшті дауыс құлақты тұндырады, шулатады, бірақ одан жан дұрыс әсерлену алмайды.
2) Бір әсерден екінші әсерге дейін білгілі бір уақыт өтсін. Яғни бірі артынан бірі болған екі әсерден екі әсерлену болу үшін, екі әсердің арасында белгілі бір уақыт өтуге тиісті. Мұның мәнісі мынау: сыртқы бір заттың нируаға берген әсері тоқтаған күнде де, нируаның өз-өзімен біразға шейін қытығы басылмай тұрады. Сондықтан екінші әсер бірінші әсердің артынан іле-шала келсе, екі әсер қосылып кетіп, екеуінің де мінездері өзгереді. Мысалы: зырылдауық қатты айналғанда, бір дөңгелек болып қана көрінеді. Егер де сол зырылдауықты түрлі бояуға бояп, зырылдатсақ, ана бояулардың бірі көрінбейді, зырылдауық сұр болып көрінеді.
3) Әсер миға барып жетсін, һәм жан миға келген әсерге абайын жұмсасын. Егер де әсер миға барып жетпесе, әсерлену болмайды. Және миға келген әсерге жанның абайын жұмсауы шарт. Бұлай болмаса, яғни жанның абайы (зейін – Ұ.Ә.) басқа затта отырса, жанда әсерлену болмайды. Мысалы; біз бір қызық кітап оқып яки қызу әңгімеге кіріп отырсақ, есіктен кірген адамды байқамаймыз. Қан майданда көзіне қан толып, жүрген жауынгер денесіне түскен жараны сезбейді дейді.
Грек ғалымы Архимед туған, өскен шаһарына жау кіріп, шаһар іші азан-қазан айғай болып жатқанда һеш бір дыбыс естімей, өзінің ойына батып, бір сызықтарын сызып отыр еді дейді.
Әсерленудің іші, күші, һәм тоны (Бұл жерде сөз әсерлену аясы (қәзіргі терминологияла – қабылдау аясы – восприятие) туралы болып отыр. Сірә, фон сөзі белгілі бір биіктігі мен жиілігі арқылы сипатталатын музыкалық дыбысты білдіретін термин – тон (грек. – дауыс көтеру, екпін) болып қате басылып кеткен сияқты. Әсерленудің сын-сипаты әсерленудің іші аталады, яғни бір сыртқы сезімарқылы болатын әсерленудің екінші сыртқы сезім арқылы болатын әсерленуді айырамыз. Мысалы, біз дыбысты , түсті, иісті, дәмді бір-бірінен айырамыз. Және бір сезім арқылы болатын әсерленудің де бірінен бірін ажыратамыз. Мысалы, қараны ақтан, жусан иісінен сасыр иісін айырамыз. Түрлі сезімарқылы алынатын әсерленулердің, хатта бір сезім арқылы алынатын әсерленулердің арасындағы айырма зор. Зорлығы сонша: оларды бір-бірімен салыстыруға болмайды. Мысалы, біз қызыл түс пен тәтті дәм арасында, якм жусан иісі менадамның айғағы арасында қандай айырма барын, яғниқызыл түс пен сары түс арасында, тұзды дәм мен ащы дәм арасында қандай айырма барын айта алмаймыз. Себебі бұларды салыстыруға мүмкін емес.
Бір әсерленудің сынын білу үшін, сол әсерленудің адам жанында балуы шарт. Мысалы, тума соқырға түстің не екенін, тума саңырауға дыбыстың не екенін ұқтырып болмайды. Себебі олардың жаны дыбыстан , түстен әсерленіп көрген емес.
Әсерлену көрінісінің дәрәжасы әсерленудің күші деп аталады. Мысалы, бір ауыр салмақ пен жеңіл салмақты, қатты быдыс пен ақырын дыбысты айырамыз. Әсерленудің күші сыртқы әсердің күшіне байлаулы. Сыртқы әсер күшті болса, әсерлену де күшті болады. Бірақ әсерленудің дәрәжасының артуы әсер дәрәжасының артуына ылғи тура келіп отырмайды.
Яғни әсер бір есе күшейгенде, әсерлену де бір есе күшейіп, яки әсер екі есе күшейгенде, әсерлену де екі есе күшейіп отырмайды. Мысалы, бір қолға бір қадақ гир ұстап тұрып, тағы бір қадақ гир алсақ, салмақтың артқанын, яғни әсерленудің күшейгенін айқын сеземіз.
Ал енді, қолымызға бір бұт гир ұстап тұрып, сол бір бұтқа бір қадам гир қоссақ, онда салмақтың артқанын тіпті сезбейміз. Күшею үшін әр түрлі әсерлену әсердің әр түрлі өсуін тілейді. Мысалы: салмақ һәм дыбыс әсерленулері күшею үшін әуелгі әсердің үстіне жаңадан сол әсердің өзінің үштен бірі қосылуы шарт. Ал енді жарық әсерленулері күшею үшін, яғни күшейгені сезілу үшін, әсердің тағы жүзден бірі қосылуы шарт.
Әсерленудің жұғымды яқи жұғымсыз болуы әсерленудің тоны деп аталады. Мысалы, дыбыс әсерленулердің жұғымды һәм жұғымсыздығы бар. Бақырған дауыс жұғымсыз. Қоңыр үн жұғымды. Әсерлеудің тоны көбінесе біздің денеміздің қандай күйде екенін көрсетеді. Дене сау болса, әсерлену жұғымды болады. Дене ауру болса еш нәрсе ұнамайды. Кейбір аурулар тіліне бұрыш яқи ансыбай салғанда, затта аяғын кескенде, аурудың не екенін сезбейді. Есалаң адам өз денесін өзі тас-талқан жара қылса да, ауруды біомейді …
Көру сезімінің жан тұмысына керектігі
Сыртқы алты сезім ( көру, есту, иіскеу, тату, сипау, ет сезімі) ішінде ең қымбаттысы – осы көру сезімі. Жанымызда болатын барлық әсерлерді, екінші түрлі айтқанда, біз барлық білімінің ¾-ін осы көру сезімі арқылы аламыз. Басқа сезімдер арқылы алынған білімдерді, әсерленулерді көру арқылы анықтауға ұмтыламыз. Мысалы, бір дыбыс естісек, сол дыбыс шығарған затты көргіміз келеді. Хатта, басқа сезімдерді жабайы, өтірікші көркміз.
Көзбен көрмеген соң қойшы дейміз.
Адамның әдемілік сезімнің ұлғаюына да көру сезімі көп көмек көрсетеді. Әдемі түс, әдемі түр, жаратылыстың сұлу заттары, сұлу көріністері адамның әдемілік сезімдерін тереңдетпей қоймайды.
Есту сезімі. Есту сезімінің құралы – құлақ. Мидан шығып, құлақта есту нируалары бұтақтанған. Бір дыбыс осы есту нируларынына әсер береді. Әсерді нирулар миға алып барып, оны оятып, мидан жан қабыл алып, жанда есту әсерленуі пайда болды.
Есту әсерленулері екі тапқа бөлінеді: шу һәм дыбыс. Белгілі бір тәртіпсіз шыққан түрлі дыбыс жиынтығы шу деп аталады. Желдің зуылы, судың сылдыры, жапырақтың сыбдыры, күннің күркіреуі сықылды. Ал енді, белгілі бір тәртіппен шыққан түрлі дыбыс жиынтығы тура дыбыс деп, яки музыкалы тон деп аталады. Әннің үні, домбыраның, қобыздың күйі, адамның сөзі сықылды. Адам сөзі азғантай ғана негізгі дыбыстардан, яғни сол дыбыстардың бір-бірімен бір олай, бір бұлай қосылуынан тұрады. Қазақ сөзі 24-ақ дыбыстан тұрады.
… 4-5 айда бала дыбыстың қайдан шыққанын біліп, дыбыс шыққан жаққа бұрылатын болады. Алты айда дыбысты өзі тілеп тыңдайды. Бір жылдың аяғында дыбыстарды түгел айырып, сөздерді ұғып, хатта, сөйлеудің тонын, ыңғайын да (ашулы сөз, жылы сөз) байқай алады. Екінші жасқа қарағанда бала сөз дыбыстарын өзі айтатын болады.
… балаға қандай да болсын дыбыс естіртпей қою дұрыс емес. Бала жансыз заттардан шығатын шуды, судың сылдарын, жібектің судырын, шөптің сыбдырын,темірдің қаңғырын һәм жанды заттардан шығатын дыбыстарды: жылқының кісінеуін, қойдың маңрауын, мысықтың мияуын, құстың шырылын ести берсін. Бала малдың дыбысына еліктегіш болады. Бала қошақанша маңыраймын деа әуір болып жатады.
Баланың есту сезімін ілгерілету үшін біраздан балаға музыка құралдырының үнін естірте беру керек. Домбыраға түрлі күй тартып отырсаң, алдында отырған бала тырт етпей, шын ынтасымен тыңдап отырмай ма? Баланың есту сезіміне аса көп әсер беретін – бесік жыры. Баланы қолына алған, баланың бесігі жанына келген ана аузына тас салғандай үндемей отырмасын. Жырлай берсін. Бала сөзін ұқпаса да, күйінен әсерленеді. Жас балаға қазақтың «Әлди-әлди ақ бөпем» деп басталатын ескі бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті. … Есту сезімінің жан тұрмысына керектігі. … Бізді шет адамның жанымен шын таныстыратын нәрсе – осы есту сезімі.
Есту сезімі адамның көру сезіміне де көп көмек көрсетеді. Көз нәрсенің сыртын көреді, құлақ бізге бірзаттың ішін, жанын шешіп береді. Грек данышпаны Сократ алдында тұрған кісіге: «Қане, сөйлеші, мен сені көрейін», — дейді екен.
Адамның әдемілікті сүю сезімін тереңдететін де осы есту сезімі. Әдемі ән, сұлу күй бойды билеп, денені балқытып, адамға терең ой салмай ма?
Құлақтан кіріп, бойды алар
Тәтті ән менен мұңды күй.
Жүрекке терең ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, — дейді Абай.
Күй адам жанын белгілі бір күйге түсіреді. Жат күй – шаттыққа, мұңды күй мұңға батырады. Кісі өлгенде — өлім күйі, тойда – қуаныш күйі, соғыста адамды есалаңдыдырып, көтеріп жіберетін соғыс күйі ойлауының мәнісі осы. Қазақтың әдемі ертегісінде Қорқыт қайда барса алдынан кезіге берген көрден, яғни жанын жеген өлім туралы ойдан құтылам ба деп, бір тоқтаусыз қобызын тартатын болыпты.
Абай (зейін, назар мағынасында)
Абайдың түрлері. Абай төмендегі түрлерге бөлінеді:
1. Әсер берген заттың яки көріністің мінезіне қарап екіге бөлінеді: еріксіз абай һәм ерікті абай.
2. Абай тұрақтылығына қарап екіге бөлінеді: табанды абай, табансыз абай
3. Абайды тартатын заттың тұқымына қарап абай екіге бөлінеді: ішкі абай һәм сыртқы абай.
Сұлулық (эстетика) сезімдері
Жаратылыстың һәм скусствоның (өнердің – Ұ.Ә.) сұлу заттары адам жанында сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, күңіренген орман, сылдырлаған су, былдырлаған бұлақ, шетсіз-түпсіз қара көк теңіз, түрлі шөптермен толқындаған дала, бұлтпен бал алысқан биік тау, күннің ойыншыл алтын сәулелері, ерке сұлу ай, жұлдыөды түн, міне осылар сықылды жаратылыстың сұлу заттары, көріністері, яки искусствоның тылсымдай жанды билеп алып кететін ән, күй, сыйқырлы сөз, сұлу картина сықылды әсерді адам жанында бір ләззат, бір сұлулық толқындарын туғызады. Ал енді, музыка, ән, поэзия сықылды тон искусствосы есту сезімін сиқырлап барып, жанда сұлулық толқындарын туғызады.
Сұлулық сезімдері адамның дұрыс, сау ләззат ізденуіне, сұлу нәрсені сүюіне, көріксіз нәрседен жиренуіне, хатта жақсылыққа ұмтылып, жауыздықтан тыйылуына көп көмек көрсетеді. Сондықтан баланың сұлулық сезімдері жақсы тәрбие қылынуға тиісті.
… Қазақ! Жұртқа күлкі болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру үйір болмайды. …
Қайрат (ерік)
Қайрат ұғымы. Біз ақыл көріністері арқылы сыртқы заттар туралы, яғни олардығ өзі, ісі һәм күші туралы білім аламыз. Ішкі сезімдер арқылы жанымызда түрлі күйдің болғанын білеміз һәм ол күйді жағымды нежағымсыз деп бағалаймыз. Ал енді, жанымызда тағы бір күш, тағы бір көрініс бар. Жан бір нәрсені істеуге, болдыруға ұмьылады, яки істемеске, болдырмасқа ұмтылады. Және бұл ұмтылу соқыр ұмтылу емес, аңды (саналы – Ұ.Ә.) ұмтылу.
Ал енді, адамның қайрат қатыспай, еріксіз істейтін істері де болады. Мысалы:
1) импульс ісі,
2) рефлекс ісі,
3) соқыр сезім (инстикт) ісі.
Қайрат түрлері.Қайрат төмендегі түрлерге, дұрысырақ айтқанда, басқыштарға бөлінеді: тартылу, ұмтылу, һәм тілеу.
Қайраттың керектігі. Қайрат адам өмірінде аса қымбат орын алады. Адамның дене һәм жан ісін тізгендеп, белгілі жолға салып өркендететін сол қайрат.
Шынында, қайрат жұмсалмай адам абайлы бола алмайды. Қайраттың ішкі сезімдерге де әсері мол. Қайнап келіп қалған ашуды біз сол қайраттың қаруымен басамыз ғой …
Кітапты араб жазуынан көшіріп баспаға дайындаған,
түсініктемесі мен соңғы сөзін жазған Ұлықман Әбілдаұлы
Тағы рефераттар
- Қаржы инвестициялары
- Изоферменттерді гистохимиялық бояу
- Қазақстан Республикасындағы судьялардың конституциялық құқықтық мәртебелері
- Ойлау қасиеттері
- Мекемелер мен ұйымдардағы электрондық мұрағат және оның құжат айналымындағы орыны