Сайлау құқығы принциптері туралы қазақша реферат
Сайлау құқығы принциптері Конституцияға және Республиканың сайлау заңдарына бекітілген.
Негізгі принцип жалпыға бірдейлік, мүліктік және басқа да сипаттағы шектеулерге қарамастан, он сегіз жасқа толған барлық азаматтардың сайлауға қатысу мүмкіндігі болып табылады (Конституциялық заңның 4-бабы). Сонымен бірге жалпыға бірдейлік принципі тиісті сайланбалы органға сайлану мүмкіндігін білдіреді. Сайлау туралы конституциялық заңның 4-бабы әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген басқа жағдайларға байланысты сайлау құқығын шектеуге жол бермейді. Сайлау құқығын шектеу сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтарға қатысты қолданылады. Олардың сайлауға қатысуға құқығы жоқ және сайланбалы лауазымдарға сайлана алмайды.
Төте сайлау құқығы принципі Президентті, Парламент Мәжілісі, Мәслихат депутаттарын және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлаған кезде қолданылады, оларды азаматтар тікелей сайлайды (Сайлау туралы Конституциялық заңның 6-бабы). Жанама сайлау құқығы принципі Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттарын сайлаған кезде қолданылады. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы жолымен жүзеге асырылады. Парламент Сенатының депутаттарын таңдаушылар сайлайды. Таңдаушылар тиісті облыстың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың жергілікті басқару органының (Мәслихаттардың) барлық депутаттары болып табылады.
Жасырын дауыс беру құқығы сайлаушылардың еркін білдіруіне қандай да болсын бақылау жасау және сайлау кезінде азаматтарға қысым жасау мүмкіндігін жоққа шығарады. Бұл принципті іске асыру арқылы сайлаушының еркін білдіру құпиясы сақталады.
Сайлау құқығының маңызды бір принципі сайлау бостандығы принципі болып табылады. Конституция азаматтардың сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына кепілдік береді. Сайлау бостандығы принципі әрбір сайлаушы сайлауға қалай қатысуды өзі шешеді дегенді білдіреді. Ешкімнің де қандай да бір жолмен сайлаушыға ықпал етуге хақысы жоқ. Сонымен қатар барлық кандидаттарға заңға сәйкес сайлау алдыңдағы қызмет үшін тең мүмкіндік беріледі.
Сайлау бостандығы сайлау процесі барысында әрбір азаматтың еркін дауыс беруін тиісті дәрежеде ұйымдастыруға жауапты сайлау органдары лауазымды тұлғаларының қызметімен қамтамасыз етіледі.
Сайлаудың жариялылығы принципі — демократиялық принциптердің бірі, ол сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің ашықтығы мен жариялылығын, сайлаудың барша процесін бұқаралық ақпарат құралдарының жан-жақты көрсетуімен қамтамасыз өтіледі. Сайлау органдарының шешімдері баспасөзде жарияланады, радио-теледидар арқылы хабарланады. Сайлаушылар депутаттыққа кандидаттар туралы, сондай-ақ сайлау процесі туралы ақпараттар алуға хақылы.
Тағы рефераттар
- Тауар сапасының бәсекеге жарамдылығы
- Әлемдегі несие жүйенің қазіргі даму тенденциясы
- Педагогикалық мониторинг
- Шағын бизнес проблемалары және шешу жолдары
- Айналым капитал түсінігі, құрамы мен құрылымы