Тілдің сөздік қорының баюы, молаюы түрлі тәсілдер арқылы болса, солардың көне түріне семантикалық даму жатады. Семантикалық даму бойынша сөз дыбыстық, морфемдік құрамын өзгертпей-ақ бірте-бірте өзіне жаңа мағыналарды қосып отырады. Соның нәтижесінде тілде бір сөз бірнеше лексикалық мағына білдіреді, тілдегі қызметі артады. Семантикалық даму арқылы сөз саны көбеймегенімен, сөздердің мағыналық мүмкіндігі әлдеқайда өседі.

Түркі тілдерінде етістік семантикасы біршама зерттелген. Атап айтқанда, Э.Р.Тенишев (1961), Н.З.Гаджиева, А.А.Коклянова (1961), Б.И.Татаринцев (1987), И.К.Кучкартаев (1977), А.К.Алекперов (1980), А.А.Цалкаламананидзе (1973), М.Оразов (1983) т.б.

Қазақ тілінде грамматикатанушы ғалымдар етістікке қатысты арнайы зерттеулер жүргізіп, монографиялар жариялаған. Етістікті әрі сөз табы ретінде, әрі мағыналық сипатын қоса талдаған зерттеулерден А.Қалыбаева (Хасенова), Ы.Е.Маманов, А.Ысқақов, Н.Оралбаева еңбектерін ерекше атаған жөн.

А.Хасенова «Қазақ тілі грамматикасында» түбір етістік дейтін межеге сыйдыруға келетін сөздерді іс-әрекет, амал, қалып процесінің динамикасын білдіруі жағынан қарастырып, оларды бірнеше лексика-семантикалық топтарға бөлуге болатынын атап көрсетеді. Ұйымдастыру, жорғала, мияула, шырылда сиқты туынды етістіктер де лексика-семантикалық топтардың құрамына енгізілген. Жұмыста басқа түркі тілдерінде қалыптаспаған жаңа үлгіде топтастыру да ұсынылған, алайда бөлудің принциптері ашып көрсетілмеген [9, 127 б.].

М.Оразов 1983 жылы «Семантика казахского глагола»тақырыбында жазылған докторлық диссертациясында етістіктің 12 лексика-семантикалық тобын көрсетеді. Ғалым етістіктерді мағыналық топтарға бөлуде сөйлесу етістіктерін семантикалық жағынан бөлгенімен, морфологиялық белгілерін де негізге алып отырған.

А.Ысқақов оқулығында етістіктер лексика-семантикалық топтарға жіктелгенімен, оларды бөлудің ғылыми принциптері көрсетілмеген (1991).

Ы.Мамановтың етістіктерді басты ерекшеліктері жағынан бірнеше топқа бөлуінде басқа ғалымдармен салыстырғанда алшақтықтар бар. Ғалым түбір етістіктерді семантикалық топтастырудағы ұстанған принципі Г.А.Золотова, А.В.Бондарко, З.Ахметжанованың функционалды грамматика теориясына байланысты теорияларымен үйлесіп жатыр. Әсіресе, ғалымның «негізгі түбір етістіктерді семантикалық жақтан мағыналық топтарға жіктеуге келмейді, морфологиялық және синтаксистік тәсілдерінің белсенді қатысуының арқасында ғана түбір етістіктерді мағынасына қарай бөлуге болады» деген тұжырымы қазіргі функционалды семантиканың негізгі принципі.    Ы.Маманов қазақ тілінде етістікті лексика-семантикалық топтарға жіктеп көрсеткен ғалымдардың бірі. Қазіргі кезде етістіктің жекелеген лексика-семантикалық тобы арнайы зерттелуде.


Тағы рефераттар