1916 жылғы көтерілістің ауыр зардаптарынан қазақтар мен қырғыздар құтыла алмай жатқан шақта Түркістан аймағында «Жетісу қырғыны» деп аталатын қасірет орын алды. Көтеріліс кезінде босқыншылыққа ұшыраған Жетісу қазақтары мен қырғыздары 1917 жылдың көктемінде елге орала бастағанда оларды жерін иемденіп алған қоныс аударушы орыс шаруалары мен казактардың оқпен қарсы алуы жығылғанға тиген жұдырықтай болды.

Уақытша үкіметтің мемлекет өмірінің негізгі мәселелерін шешетін және басқару пішімін айқындайтын Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлауды ұйымдастыру туралы қаулысының жариялануы саяси кемелдікке аяқ тірей қоймаған қазақ-қырғыз халқын тағы бір сынға салды.
Қазақтар мен қырғыздар да шешілмеген, шешімін күтіп жатқан жер, азық-түлік, оқу-ағарту ісі секілді көптеген мәселелер бар еді. Бұлармен қоса Жетісу босқындарына жәрдем ұйымдастыру, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына әзірлік сияқты тығыз істер ұлттық ұйымның араласуымен ғана оң шешімін табатын. Соған орай жер-жерлерде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар бой көтере бастады. Мұндай ұйым ретінде бірінші кезекте облыстық және уездік деңгейде ұлттық саяси элита өкілдерінің атсалысуымен құрылған Қазақ комитеттерін ерекше атауға болады. Ақмола, Семей, Орал және Жетісу облыстарында Қазақ комитеттері 1917 жылы наурыз-сәуір айларында құрылып, ұлттық мүддені қорғауды өз міндеті санап, қызу іске кірісті. Осы жерде Ыстық көл мен Нарын өңірінің әкімшілік жағынан Жетісу облысы құрамында болуына байланысты ондағы қырғыз ұлттық элитасы өкілдерінің қазақ әріптестерімен бірлесе әрекет етуге ұмтылып, Жетісу облыстық Қазақ комитеті қызметінің арнасына тартылғанын айта кеткен жөн. Соған орай Жетісу облыстық Қазақ комитеті Қазақ-қырғыз комитеті деп аталып, оның құрамына қырғыздардың Пржевальск және Пішпек уездік комитеттері қарады.

Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы көрнекті қазақ қайраткері И.Жайнақов болды. Комитеттің аяғынан нық тұруына К.Шегіров, Ә.Кәкенов, Н.Нұрмұхамедов, К.Абдуллин, М.Солтаев, К.Тоқсанбаев, К.Ордабаев, И.Арабаев, Қ.Телтаев, М.Әлімбаев, Т.Есенғұлов секілді қазақ және қырғыз халықтарының өкілдері саналатын тағы да басқа мүшелері аянбай қызмет етті.

Сондай-ақ, олар облыстық комитеттің бөлімшелері іспеттес уездік комитеттеріне    жетекшілік   етуге    де    атсалысты.   Осылайша     Ақпан революциясынан кейін қазақтар мен қырғыздар іргелес қоныстанған Жетісу өңіріндегі екі халықтың мүддесін қорғауды қоғамдық-саяси ұйым − Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті өз мойнына алды.Пішпек уезінде қазақ болыстықтарының да болуы себепті бұл уездегі ұйым «Пішпек уездік Қырғыз-қазақ комитеті» деп аталып, оның құрамына екі халықтан Дардаил Абдуллин, Өмірқұл Өміралин, Аалы Бердіғұлов, Қорабай Бодықов, Оразғұл Базанов, Құлқожа Намазалин, Әбдікерім Сыдықов, Найзабек Тулин, Ахметбек Қойбағаров секілді тағы басқа белсенді азаматтар енді. Олар екі халықтың мүддесін қорғаушы Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің жергілікті тірегі бола білуге белсене кірісті.Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті өкілдерінің атсалысуымен 1917 жылдың 12 сәуірінде Верный қаласында облыстық қазақ-қырғыз съезі шақырылды. И.Жайнақов төрағалық еткен бұл съезге 81 делегат, соның ішінде Прежевальск және Пішпек уезінен 17 өкіл қатысады. Алты күнге созылған съез жұмысы Уақытша үкіметке, соғысқа қатынас жайын, мемлекеттік құрылыс, дін, сот, жергілікті басқару, ұлтаралық қарым-қатынас, Жетісудағы қазақ пен қырғыз босқыншылығы секілді күн тәртібіндегі шұғыл мәселелерді қарап, Қазақ комитетінің Бүкілресейлік құрылтай жиналысына дейінгі міндеттерін белгілеп береді. Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының съезі жергілікті басқару орындарында екі комиссар, біреуі − орыс, біреуі − мұсылман болуын, оларды сайлау облыстағы қоғамдық ұйымдар, әсіресе Қазақ-қырғыз комитетімен, казак, шаруалар ұйымдарымен келісе отырып жүзеге асуын, басқаруда кеткен ағаттықтарды Қазақ-қырғыз комитетінің араласуымен шешілуін қолдады. Съез қазақтар мен қырғыздардың орыстармен жақсы көршілік қатынаста болуын жақтап, бұл істі жүзеге асыруды облыстық және уездік Қазақ-қырғыз комитетіне жүктеді. Сондай-ақ комитеттерге Қытайдан қайтқан босқын қазақ-қырғыз мәселесін де реттеуге араласу міндеттелді [1.9]. Уақытша үкімет жағдайында қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалға орай Жетісу облысында ғана емес, өзге де өңірлердегі іргелес қоныстанған қазақтар мен қырғыздар да бір ұйым құру арқылы өз мүдделерін қорғауға талпынды. Бұған Әулиеатада Ә.Кенесарин жетекшілік еткен Қазақ-қырғыз ұлттық кеңесінің, Ферғана өңірінде Қ.Қожықов төрағалық еткен қазақтар мен қырғыздардың «Иллятия» (Көшпенді) атты қоғамдық-саяси ұйымның  бой көтеруі дәлел бола алады.Түркістан өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздар арасында өзара тығыз байланыс орнатуға, екі халыққа тән мәселелерді бірлесе шешуге деген талпынушылық та болмай қалған жоқ. Оның айқын көрінісі ретінде Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының 1917 жылы 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен съезін айтуға болады.
Бұл съезге Сырдария облысының Перовск, Черняев, Қазалы, Әулиеата, Ташкент  уездерінен  және  Ферғана  облысының  Әндіжан  уезінен  82   өкіл қатысты. Олардың қатарында С.Аспандияров, М.Тынышбаев, Қ.Сармолдаев, Қ.Қожықов, Ә.Кенесарин, С.Қожанов, И.Қасымов секілді қазақ қайраткерлері мен қырғыздардың Қ.Ғалымбеков, Т.Жанұзақов, К.Бөриев секілді тағы басқа қайраткерлері болды. Съез М.Тынышбаевтың төрағалық етіуімен өтті. Съезде Түркістан өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздарды Уақытша үкіметке қолдау көрсетуге шақырған қаулы қабылданды. Бұдан өзге съезде Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысы, жер-су, халық ағарту ісі, сот, дін, баспасөз Жетісудағы қазақ-қырғыз босқыншылығы, әйел мәселесі, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар белгілеу секілді мәселелер қарастырылды. Делегаттар Ресейдің Федеративті демократиялық республика болып құрылуын қалайтындарын, Түркістан өлкесіне аумақтық автономия берілуін жақтайтындарын мәлімдеді. Съез орыс қоныс аударушыларына деп алынған жерлер, орыс ақсүйектерінің меншіктеп алған жерлері қазақтар мен қырғыздарға тоқтаусыз, тез арада қайтарылсын; қазақтар мен қырғыздарға тоғайлар мен ормандар ішіне мал бағуға рұқсат етілсін; суару жүйелері жеке адамдардың қолынан земство қарауына өтсін; орыс қоныс аударушыларының Шу мен Сырдария өзендерінің суын тиімсіз қолдануына шектеу қойылсын; қазақтар мен қырғыздарды өлкелік азық-түлік комитеті күнделікті тұтыну заттарымен қамтамасыз етсін; оқу (бастауыш білім алу) жалпыға бірдей міндетті болсын; мектепте балалар ана тілінде оқысын; оқу кітаптары мен баспасөздер «Қазақ» газеті қолданған емлемен жазылсын; орыс-түзем мектептері жабылсын; олардың орнына ұлттық мектептер ашылсын; өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың өз алдына бөлек мүфтилігі құрылсын; «Бірлік туы» газеті қазақтар мен қырғыздардың өлкелік баспасөзі болсын; оған барлық уездік қазақ және қырғыз комитеттері қамқорлық жасасын; Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі жанында қазақтар мен қырғыздардың өкілі болсын; әйелдердің саяси құқығы ер азаматтармен теңестірілсін; қалың мал жойылсын; 16 жасқа толмаған қызға және 18 жасқа толмаған жігітке некеге тұруға рұқсат етілмесін; екінші әйел аламын деушілер бірінші әйелінің рұқсатымен үйленсін; жеті атаға келмеген ағайыннан қыз алуға жол берілмесін; өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың ұлттық қазынасы құрылсын; ол үшін мемлекеттік салықтың әрбір сомынан 5 тиыннан қосылып жиналсын; Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытайға өтіп кеткен қазақ-қырғыз босқындарына мемлекет көмегі ұйымдастырылсын; елге оралған босқындарға орыс қоныс аударушыларының қысым көрсетуі доғарылсын; босқындарға ұлттық ұйымдар арқылы жылу жиналсын деген қаулылар қабылдады. Съездің жұмысы барысында делегатттар Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар белгілеуде қазақтар мен қырғыздардың ауызбірлік танытуы қажеттігін қуаттап, оған Сырдария облысынан М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Е.Қасымов, С.Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, Ә.Көтібаров, З.Сейдалин С.Аспандияров, С.Лапин, А.Мангелдин, Г.Аспандиярова, С.Қожанов, Х.Ибрагимов, С.Еренов секілді қайраткерлердің кандидат ретінде тіркелуін қолдады. Түркістан өлкесінде қазақтар мен қырғыздар қоныстанған өзге облыстардан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар белгілеу сол облыстардың еркіне қалдырылып, олардың өкілдерінен бұл мәселені тездетіп шешу сұралды.
Осы съезде өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың іс-әрекеттерін үйлестіріп, оны бір ізге түсіруді жүзеге асыру мақсатында Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыздардың орталық кеңесі атты қоғамдық-саяси ұйым құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ съезде делегаттар Түркістан өлкесі Қазақ-қырғыздардың орталық кеңесіне қарасты Сырдария мен Ферғана облыстарындағы қазақ-қырғыз кеңестерін құруды жөн санап, Сырдария облыстық кеңесіне уақытша мүшелікке Ә.Көтібаровты (төраға), С.Өтегеновты, С.Қожановты, Т.Рысқұловты, ал Ферғана облыстық кеңесіне К.Бөриевті белгіледі. Осы мүшелердің қатарын толықтыру, немесе оларды алмастыру мәселесі әр облыстың еркіне қалдырылды. Съездің ұйғарымы бойынша облыстық қазақ-қырғыз кеңестері өлкелік қазақ-қырғыздардың орталық кеңесіне өз өкілдерін белгілейтін болды [2].

Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз орталық кеңесі толыққанды ашылып, өз жұмысына кіріскенге дейін оның төрағасы қызметін атқара тұру Е.Қасымовқа, ал хатшылықты жүргізу Т.Рысқұловқа тапсырылып, кеңестің құрметті төрағасы ретінде М.Шоқай ұсынылды [3.208]. Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыздардың орталық кеңесіне төраға қызметін атқара тұру міндеті жүктелген Е.Қасымов Ақмешіттегі Ұлттық кеңестің төрағасы болатын. Ал орталық кеңестің хатшысы қызметіне белгіленген Т.Рысқұлов болса сол кезде Меркеде 30-ға жуық жастарды біріктірген, құрамында қырғыз жастары да бар «Қазақ жастарының революциялық одағының» басшысы ретінде танымал еді [4.448]. Қазақ-қырғыз орталық кеңесіне құрметті төраға ретінде ұсынылған М.Шоқай өлкедегі барлық мұсылман халықтарының түрлі қоғамдық-саяси ұйымдарын үйлестіріп, олардың қызметі бағдарын бір арнаға түсіріп отыру мақсатында 1917 жылы маусымда Ташкентте құрылған Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне төрағалық ететін [5.135].
Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыздардың орталық кеңесі құрылып, қызметіне кіріскен жағдайда М.Шоқай жетекшілік еткен Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің шешімдерін, нұсқауларын басшылыққа алатындығы айқын еді. Алайда өлкелік деңгейдегі қазақ-қырғыз орталық кеңесін құру ісі өкілдердің дер кезінде белгілеудің кешеуілдеуіне орай тез арада жүзеге аса қоймады. Дегенмен де сол тұста Әулиеатадағы Ә.Кенесарин басқаратын қазақ-қырғыз ұлттық кеңесі өзін Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз орталық кеңесінің Сырдария облыстық қазақ-қырғыз кеңесіне қарасты ұйым ретінде санап, өз қызметін жалғастырып жатты және өлкелік қазақ-қырғыз орталық кеңесінің ашылуына септігін тигізуге тырысып бақты. Сондай-ақ оның қызметінде  Түркістан  өлкесі  қазақтары  мен қырғыздарының  съезінде қабылданған қаулылар басшылыққа алынды.   Түркістан өлкелік  Қазақ-қырғыздардың  орталық  кеңесінің  қызметіне  тездетіп кірісуінің қажеттігі негізін М.Шоқай қалаған, Қ.Болғанбаев пен С.Қожановтың тікелей атсалысуымен шығып тұрған «Бірлік туы» газеті редакциясының тарапынан көтерілді. Бұл жөнінде газетте «Қазақ-қырғыз кеңестері» деген тақырыпта мақала жарияланып, онда былай делініп аталып көрсетіледі: «Аймақ жиылысының қаулысы бойынша қазақ-қырғыз кеңесіне әр уезден бір өкіл тез арада сайланып жіберіліп, іс шын өкілдердің өз қолына алынуы керек. Уездерде һәм облыстарда қазақ-қырғыз кеңестері тездеп ашылуы тиіс. Түркістан аймағына земство кіретін болып тұр, бұған да даяр болу керек. Учаскелік, уездік, облыстық деп һәр жерде қазақ-қырғыз кеңесі болып, һәр істе қазақ-қырғыздың пайдасы шығатын, тұрмысына лайық іс болуын көздеп тұрмаса, жұрттың тиісті ақысынан айырылып қалуына шек жоқ» [6]. Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезінің шешімдерін қазақтар мен қырғыздар арасында насихаттауда «Бірлік туы» газеті елеулі рөл атқарды.

«Бірлік туы» газетінде қазақтардың ғана емес, қырғыздардың да сол тұстағы тұрмыс-тіршілігіне, күнделікті өміріне қатысты мақалалар жарияланып тұрды. Ондай мақалалардың авторлары қатарында Төреқұл Жанұзақов, Қасымбек Ғалымбеков секілді қырғыз қайраткерлері де болды. Осы екі қайраткердің қырғыздарды Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлауға дайындалуға және ана тілінде газет шығаруға атсалысуға шақырған «Ақ қалпақты қырғызға» атты мақаласы «Бірлік туы» газетінде жарияланды. «Русияға қараған барлық халықты 160 миллион десек, Құрылтай жиналысына 800 өкіл жиналса керек. Соның ішінде ақ қалпақты қырғыздың сыбағасына, егер санымыз екі миллионға жетсе, он өкіл тиетін жөні бар. Ферғанада қырғыз − 13 болыс, Жетісуда − 20 болыс, Сырдарияда − 13 болыс. Ташкентке адамдарыңды жіберіңдер, әр болыстан бір-екі адамнан келе берсе болады. Қаралатын мәселелер көп. …Қазір ең керектісі − қырғыз тілінде газет шығару. Әзірге біз қазақ бауырларымызға міңгесіп отырмыз» [7.20], − деген мазмұндағы аталмыш мақаланың жариялануының өзі «Бірлік туы» газетінің қырғыздар арасына да таралғанын және Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздары съезінің шешіміне орай екі халыққа ортақ басылым қызметін атқара бастағанын білдіреді.

Қазақтар мен қырғыздардың ұлттық мүддені бірлесіп қорғау жолындағы нақты әрекеті Жетісудағы қазақ-қырғыз босқындарына көмек ұйымдастыру барысында көрінді. Қытайдан қайтқан қазақ-қырғыз босқындарына бірінші қол созып, жанашырлық танытқан Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті болды. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті тек жанашырлық танытып қоймай, босқындарды орналастыруға ыңғайлы жерлерді белгілеп, оларды қоныс аударушы орыстар төндірген қауіптен қорғап, жұмыс тауып беру, аштарға тамақ ішетін пунктер ашу сияқты нақты көмектер  ұйымдастырды,  өз өкілдері  арқылы босқындарды бақылауға алып, құлағанның қолтығынан демей білді.Қытай жеріне Жетісудан өтіп кеткен қазақ-қырғыз  босқындарынан   Уақытша   үкіметтің   Түркістан   комитетінің

мүшесі М.Тынышбаевтың мағлұматынша, 1917 жылдың 1 шілдесіне дейін 69 мыңы жеткен, ал 12 мың босқын Қытайда қалған. Сол кезде бәрінен бұрын Қытайдан екі бағыт бойынша, Қашқар, Ақсу ауданы және Құлжа жақтан − арып-ашып қайтқан босқындарды аңдыған жаудың жеміне айналып, тағы қырылып кетпеуі үшін өзінің ата-жұртына, болмаса қауіпсіздеу жерлерге орналастырып, жай тауып беру ісі маңызды болатын. Сондықтан Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті сәуірдегі Жетісу облыстық қазақ-қырғыз съезінде жан-жақты талқыланып қабылданған босқындарды орналастыру туралы шешімін жүзеге асыруды қолға алды. Съездің шешімі бойынша Қашқар, Ақсу аудандары жақтан қайтқан босқындарды Прежевальск уезіндегі Ұлар, Семізбел, Тоң өңірлеріне, Пішпек уезінің Қашқар, Сусамыр, Жұмғал аңғарларына, Нарын жақтағы Тоғызтарау, Құланақ, Аңдалы өңірлеріне, Құлжадан қайтқандарды − Верный уезінің шығыс жағына және Жаркент уезінің Шонжа, Шөлтатыр аңғарларына, Бесқарағай, Қарқара, сондай-ақ Прежевальскідегі орыс шаруаларының көңіл-күйі дұрыстау жерлерге орналастыру қарастырылған болатын [8.20].

Соған орай И.Жайнақов Түркістан комитетіне съездің осы шешімін жолдап, босқындарды аталған жерлерге орналастыруға рұқсат сұрады. Бұл істе ол М.Тынышбаевтың тарапынан қолдауға ие болды. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті билік орындарынан орыс шаруаларының босқындар арасынан орыс тұтқындарын іздестіруін доғаруын талап етті. Түркістан комитетіне Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің жолдаған жеделхатында Пішпек, Прежевальск, Тоқмақ комиссарларының Қытайдан қайтқан босқындар арасынан орыс тұтқындарын іздестіруге рұқсат беруді тоқтатуы талап етіліп, мұндай куәлігі бар қарулы орыс шаруаларының қазақтар мен қырғыздар арасына келіп ойран салып жатқандығы аталып көрсетілді [9.44]. Босқындар осындай қысымшылыққа ұшырауы жиілей түсуіне орай Прежевальск уездік атқару комитеті арнайы жиналыс өткізді. Онда Прежевальск уезінің шығыс бөлігіндегі босқын қырғыздарды Жаркент уезіндегі қазақтар арасына орналастыру керек деп ұйғарылды. Қоныс аударатын бұл қырғыздар Прежевальск уезінің 7 болыстығынан елге аман оралып, тірі қалғандары болатын. Олардың барлығы дерлік мал-мүлігінен айырылғандар еді. Көп қырғыз отбасының басына тігер киіз үйі де болмады [10.155]. Қоныс аударатын бұл қырғыздарды тасымалдап жеткізетін ат-көлік те болмай, ауру-сырқаулар мен бала-шаға 2-3 күндік жаяу жүріске шыдамай жолда қалды. Қазақ жеріне аман жеткен қырғыздардың 549 отбасы Жаркент уезінің Мерке болыстығына, 348 отбасы Шілік болыстығына, 250 отбасы Верный уезінің Қызылбөрік болыстығына, қазақ ауылдары арасына орналастырылды. Қазақ ауылдары өздерінің ауыр хәлдеріне қарамастан, арып-ашып жеткен қырғыздарға көмек қолын созып, қамқорлық танытты (20). Қазақ жеріне келіп қоныстанған осы қырғыздар қазақтар арасында кеңестік биліктің бастапқы жылдарында да  тұрақтап  қалды. Тек 1920  жылы  ТАКСР атқару комитетінің шешіміне орай қоныс аударған қырғыздар өз атамекеніне көше бастады.

Жетісудағы босқыншылық қазақтың Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтай зиялыларын шет қалдырмады, олар «Қазақ» газеті арқылы алаш баласын өлім хәлінде жатқан адамдардың ауызына су тамызғандай аз-көп демей жәрдем етуге шақырды, адамгершілік пен ағайыншылыққа үгіттеді. Олар жақсы істі өздері бастап, елге үлгі бола білді. Мысалы, М.Дулатов патша өкіметі қолына түспей, сақталып қалған мың дана «Оян, қазағының» ақшасын босқын қырғыз бауырларыма арнадым деп мәлімдейді. Мұқтаждықтың мол шырмауында қалған халықтың бұл азаптан тезірек шығуына беріліп жатқан жәрдемдер әлі де аздық ететінін түсінген Ә.Бөкейханов: «Босқын қырғыздар үшін 200 мың сом қазынадан қарыз сұрау керек деп кеңесін айтып, М.Тынышбаев атына жеделхат жолдады.

Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті босқындар жағдайымен танысқан соң, азық-түлік комитетінен 100 мың сом алып, Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы И.Жайнақовтың қолына табыс етуге бұйрық шығарды. Бұл қаражатқа Қазақ-қырғыз комитеті Қытайдан оралған қазақ-қырғыз босқындарына жәрдемақы, азық-түлік беруді ұйымдастырды.

Уақытша үкімет Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліс зардаптарын жою мақсатында 1917 жылы 6 қазанда қазынадан 11 млн. 150 мың сомды Жетісу облысы тұрғындарына жәрдемге бөлу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қаржының 6 млн. 150 мың сомы орыс қоныс аударушыларына, 5 млн. сомы жергілікті халыққа берілуі тиіс болды. Жергілікті халыққа бөлінген қаржыдан әр түтінге 100 сом көлемінде қаражат беру көзделді.

Үкіметтен бөлінген бұл қаржының өзі босқындардың шаруашылығын түзету түгілі, олардың күнделікті күн көрістеріне жетіспейтін. Оның үстіне бөлінген қаржының өзі қағаз жүзінде қалу қаупі де бар еді. Соған орай Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті аталмыш қаржының тез арада берілуін талап етті.Қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдері 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін де алаш қозғалысы қайраткерлері ұйымдастырған іс-шаралардан тыс қалмады.

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (Бұдан әрі – ҚРОММ). 9-қ., 1-т., 51-іс. – 9-п.
  2. Түркістан аймағы қазақ-қырғыздардың жалпы жиналысы // Бірлік туы. – 1917. – 20 август.
  3. ӨРОММ. 1044-қ., 1-т., 3-іс. –208-п.
  4. www.Kaz-referatik.ru сайты
  5. Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: қоғамдық-саяси қызметі. Түркістан кезеңі. − Алматы: Қазақстан, 1994. − 448 б.
  6. Bigox.kz интернет сайты
  7.  Агзамходжаев С. История Туркестанской автономии (Туркестан мухторияти). − Ташкент: Изд-во ТИУ, 2006. − 135 с.
  8. Қазақ-қырғыз кеңестері // Бірлік туы. – 1917. – 13 сентябрь.
  9. ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 28-іс. – 20-п.
  10. Turboreferat.kz сайты
  11. ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 90-іс. – 44-п.
  12. ҚРОММ. 19-қ., 1-т., 55-іс. – 155-п

Тағы рефераттар