Әрине, этнос – бұл түр емес, тіпті популяция да емес. Ол мәдениеттік сипаттас ұғым, сонымен бірге өте аз көлем мен дәрежеде биологиялық ұғым да болып табылады. Сондықтан да біз осынау кітабымызды «Этнос: табиғи және тарихи сипаты» деп атадық. Этнос үшін ең бастысы – экзогамияның төмен дәрежеде болуы да емес, генетикалық изоляция да емес, ең маңыздысы және тарихи сипаты» деп атадық. Этнос үшін ең бастысы – экзогамияның төмен дәрежеде болуы да емес, генетикалық изоляция да емес, ең маңыздысы – мәдениет, тіл тазалығының және тәртіптің ішкі этникалық нормалары. Мәдени изоляция – этностың қажетті жағдайдағы томаға-тұйықтығын, оның өзіндік этникалық қайталанбас кейпін сақтаудың, яғни этностың жаны есептелінген нәрсенің бәрін қолдаудың амалы. Этностық өздік санада рухани бірлік одан әрі түйсініледі. Алайда, П.И.Кушнер оны этностың маңызды өлшемі деп есептемеген: этнос – бұл тек, әдет-ғұрып, тіл және тұрмыс салтының бірлігі негізінде топтасқан адамдар.

ХVІІІ ғасырда неміс ғалымы мен ағартушысы И.Г.Гердер өзінің «Адамзат тарихы пәлсапасына орай идеялар» атты кітабында адамзаттың тегі бір екенін және оның барлық этникалық бөліктерінің тарихи дамуға құқылы екенін мойындаған. Бұдан жарты ғасыр өткеннен кейін әйгілі американ этнографы және заңгері Л.Г.Морган адамзат тегінің бірлігі турасындағы идеяны алға тартып қана қоймастан, жер компаниялары тарапынан қорлық көрген индус-ирокездердің құқықтарын іс жүзіндеқорғап шықты. Ал, XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейде революционер-демократ Н.Г.Чернышевский нәсілдер мен тілдердің теңсіздігі туралы айтылып жүрген тұжырымдардың түбірімен қате көзкарас екендігін көрсетіп берді[1].

Гуманистік ой-пікірлер айтқан зерттеушілердің бірі – Мик-лухо-Маклай. Халықтардың тағдырын жеңілдетуге ұмтылмай, қайғысы мен қуаныштарын бөліспей, мұңын мұңдамай, жоғын жоқтамай тұрып, оларды терең де жан-жақты зерттеуге болмайтынын жете түсінген жан еді. Ол Маклай жағалауын мекендеген адамдардың физикалық құрылымы еуропалықтар-дан айтарлықтай алшақ емес екендігін дәйекті дәлелдермен сөз етті. «Қоңыр түсті нәсілдерді»қырып-жоюды тоқтатуға, дүлей күштерді қолдануға қарсы әрбір ақ ниетті адам үн көтеріп қарсы шығуға тиіс, – деп жаздыол 1877 жылы[2].

«Тағдырдың жазуы», «дүние жүзіне басшылық ету», «өмірлік маңызы бар аймақтар» туралы концепциялар қай жерде, қай халықтың ортасында пайда болмасын, тарихта талай рет этникалық мәдениеттердің құлдырап, құруына әкеп соқтырған қанды соғыстар мен агрессияларға жол ашып берген. Қазіргі уақытта да осындай концепцияларды ұстанған империялар жер-жерлерде соғыс өртінің өршуінің себепшісі, дем берушісі болып отыр. Аз халықтың қанын төгу, оны қыспаққа алу өздерін державалар деп атайтын елде басшылығының үйреншікті әдетіне айналған.

Мұның бәрі жойқын да дүлей күштер алдында барша ізгі ниетті адамдардың, халықтардың ынтымақтастығын нығайту-ды күн тәртібіне қойып отыр. Сонымен бірге әр түрлі халықтардың өзара түсінісу мәселесі, олардың арасында бейбіт қатынастарды орнықтыру қажеттілігі де халық, этнос, ұлт сияқты ұғымдарды дұрыс ұғынып-түсінуді діттейді. Қан-туыстық байланыстар тайпаға емес, тайпа бөліктері болып табылатын руға тән нәрсе. Олар рулық экзогамиялық прин-циптерге негізделеді. Рулық қауымда территориялық қатынас-тар мен байланыстар болмайды. Территория басқалай байланыстардың (экономикалық, саяси, этникалық) дамуы үшін қызмет ететін фактор. Алғашқы таптық коғамда қауымдастықтарды не біріктірген? Территория да емес, экономикалық мүдде де емес. Оларды ірірек әлеуметтік бірлестіктерге топтастырған күш – тек қана мемлекеттік өкімет. Экономикалық байланыстарға келсек, олар этникалық қауымдастықтарға емес, мемлекеттік бірлестіктерге тән болып, этникалық байланыстармен емес, мемлекеттік шекаралармен айқындалып тәуелденеді.

Органикалық біртұтас қауымдастық ретінде көрінген тайпа өкілдерінің, әдетте, ортақ, мәдениеті болған, олар бір тілде немесе диалектіде сөйлескен. Бұған олардың өздерінің бірлігін және өздері сияқты басқа топтарға жататын кісілер мен өздерінің арасындағы айырмашылықтарды түйсініп-түсінетіндігін қоссақ тайпаның неліктен этникалық кауымдастық болып табылатыны өз-өзінен түсінікті болар еді. Тайпа ең алдымен әлеуметтік организм, яғни тарихи дамудың бірлігі болып табылады. Әлеуметтік организмдер әрдайым белгілі бір территорияны мекендеген, олардың шекаралары осы организмдерді құрайтын адамдар тіршілік еткен шеңбермен шектелген. Бұл шеңберді анықтап ажыратарлық анық ережелер болған. Ол адамның белгілі бір топқа, ендеше әлеуметгік организмге жататынын көрсетіп тұрған. Осы сипаттас әлеуметтік организм топтасқан халық (тұрғындар мағынасындағы), сонымен бірге этностық қауымдастықтың ерекше түрдегі ұйысуы болып табылады. Мұндай организмді белгілеу үшін айтылатын сөз – «халық». Ол термин бірнеше рулар, әлеуметтік организмдердің жиынтығына қарата қолданылған. Халық сөзін әсіресе тарихи-мәдени-тілдік жағынан топтаса, қалыптаса, интеграциялана бастаған қауымды бейнелеу үшін қолдану өте орынды болар еді. Үнді халқы, американ халқы дегенде жаңағы мағынада айтылып, жазылып жүр. Қазақ халқы деген тіркес өз орнында қолданылуда, ал Қазақстан ұлты дегеніңіз әлі табиғатта жоқ нәрсе, ол келешекте қалыптасатын қауымның аты мен заты. Әр тілде сөйлесетін, әр түрлі мәдени-традицияларды ұстанатын, менталитеті басқа, басқаша болған этникалық-әлеуметтік топтар халық деген қауымға жатпайды. Олардың атауы – тұрғындар (население). Қазақстанда тұрып жатқан орыс тілділер мен шетелдіктердің қазақ мәдениеті мен тіліне қатыстылығы шамалы немесе мүлдем жоқ. Олай болса олар әзірше Қазақстан халқы атты өздік атаумен бейнелене алмайды. Олар Қазақ мемлекетінің азаматтары ғана, Қазақстан жерінің тұрғындары болып саналады. Ал нәсіл – адамдардың биологиялық қауымдастығын білдіретін ұғым. Сондыктан да бір нәсілге жекеленген бірнеше халық кіруі немесе бір халық әр түрлі дәрежеде араласқан екі не одан да көп нәсілдерден (немесе нәсілдік типтен) құралуы ықтимал. Демек, «халық» пен «нәсіл» деген түсінік бірдей емес.

Кейбір зерттеушілердің пікірінше, алғашқы таптық қоғам орнағанға дейінгі кезеңде этникалық қауымдастық дербес құбылыс ретінде өмір сүрмеген. Ол әлеуметтік организм немесе әлеуметтік организмдер тобы сияқты басқа қауымдастықтың бір таманы ретінде жүзеге келген екен[3]. Таптық қоғамға өтуге байланысты демоәлеуметтік организмдердің орнын геоәлеуметтік организмдер басты. Мұндай әлеуметтік организмдердің шекаралары ретінде олар мекендеген жерлер қабылданған. Бұл сияқты әлеуметтік организмдерді олардың мекендеген жерлерінен ажыратып алып қарастыруға болмайды, сондықтан олардың аты да тек территориалдық сипатты болуы мүмкін (Франция, Италия, Бельгия және т.б.). Осындай әлеуметтік организмдер әдебиетте елдер немесе мемлекеттер деп аталады. Геоәлеуметтік организмнің құрамындағы адамдардың жиынтығы оның оқшауланған бір элементі, оның тұрғындары ретінде анық көрінеді. Тұрғындарсыз (население) ел, мемлекет болмайды, бірақ елдің өзі мен оның халқы (население) арасына теңдік белгісін қоюға және болмайды. Геоәлеуметтік организмдердің халқы түрлі белгілеріне қарай түрлі топтарға бөлінуі мүмкін. Мысалы, бұрынғы қағанаттар мен мемлекеттердің құрамында қазіргі қазақтардың да ата-бабалары болған, олар басқа барша халқымен қоса тұтас ел, мемлекет ретіндегі Түрік қағанаты, Түркеш қағанаты немесе Эфталиттер мемлекеті деп аталған. Демек, қазақтардың сол кездегі ата-бабалары жалпы Тұран елінің бір бөлшегі ретінде өмір сүрген. Көріп отырғанымыздай, этникалык қауымдастыққа жататын кісілер тобы бір немесе бірнеше әлеуметтік организмдер шегінде өмір сүре отырып, оның бүкіл халқын немесе бір бөлігін құрауы мүмкін екен. Ежелгі Тұран елі мен мемлекетінде қазіргі қазақтардың ата-бабалары ғана тұрды деу қате болар еді. Онда басқалай түрік тайпалары, тіпті парсы тілдес халық өкілдерінің қатар мекендегендігі белгілі.

Мұның бәрін жекелеп тілге тиек етуіміздің өзіндік сыры жоқ емес. Себебі, құдды осы сипатты таза этникалық қауымдастықтар ұлыс деген атқа ие болған. Ұлыс бұл этникалық қауымдастықтың нақ өзі болып табылады.

Сондықтан да ұлыстардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық құрылымы туралы сөз етудің өзі артықша. Француздар, немістер және түріктердің әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық құрылымы туралы сөз қозғауға болмайды. Тек, Англия, Франция, Түркияның әлеуметтік-экономикалық құрылымы туралы ғана сөз өрбітуге болады. Әңгіме ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық құрылымы жөнінде емес, жалпы алғандағы елдің экономикалык құрылымы туралы болуға тиіс.

Рулық, әсіресе тайпалық дәуірде көптеген жерлерде суперэтникалық қауымдастықтар қалыптаса және анық айқын саналылана бастайды. Бұған өзіміздің түрік тайпалары мысал бола алады. Мұндай қауымдастықта синхрондық байланыстардың қарқындылығы мен пәрменділігі әлі де әлсіз болады, оның байланыстары диахрондық бағыт пен сипаттағы ортақ традициялардың, тарихының алғашқы кезеңдерінің, ортақ мәдени мұрасыныңкейбір бөліктерінің бірдейлігінде өз көрінісін табады[4]. Дей тұрғанмен суперэтникалық қауымдастықтың субэтникалықтық қалыпқа ішінара болса да жуық арада тез түсіп hәм өтіп кете алатындығын айғақтайтын мысалдар жиі кезігеді: мәселен, касталық сипаттас, сегрегграциялық (оқшауланған) эндогамдық кішігірім топтар негрлер мен үндістер ұрпақтарынан пайда болды. Қазақтар негізінен түріктер мен парсы тілдес тайпалардың (арийлердің) ұрпақтарынан өрбіген. Суперэтникалық қауымдастықтар этнолингвистикалық және этномәдеии бірлікпен сипатталады. Субэтникалық қауымдастыққа касталар және тілдік-мәдени ерекшеліктерге ие болған жекеленген топтар жатады.

Ең көпсанды және әлеуметтік жағынан мейлінше дамыған, әлді ұлыс өкілдерімен мейлінше тікелей байланысып тұратын тайпаның әлеуметтікжағынан жоғары да ең белсенді бөлігі сол ұлысты референттік топ деп біледі де өзінің жүріс-тұрысының белгілі бір бөлігінсол ұлыстыкіне ұқсастыра моделдендіріп жүреді (кейбір жағдайда бұл ұлыс тобының тілін, жазуын және этикеттік әдет-ғұрыптарын толық меңгергенге шейін), сонымен қатар тайпаның қалғанбөлігімен бірге бұл тайпаны біріктіретін мәдениет пен традициялық құндылықтарын сақтап қалады. Мұндай жағдайларда дін мен рухани мәдениеттің басқа салаларында қабылданған және өзгеріске ұшыраған синкретизм мен рәсімдер параллелизмінің көзге ұрылуы да мүмкін болған жәйт. Кейбір тұстарда ассимиляцияғаұшырау немесе базбір жағдайдабір ұлысқа айнала бару процестері мен тенденциясы бой көрсетеді. Ал тайпалар одағына тән нәрсе – барған сайын күш алып бара жатқан синхронизация, бірақ этникалык жағынан алып қарағанда тайпалародағының интеграцияланатын тарихи традицияларының қарқындылығы мен пәрменділігі айтарлықтай болмайды[5]. Сонымен бірге қазіргі таңда этникалық топтар мен этностардың бәрін бірдей ұлттар деп атауға және болмайды, әлбетте мұнда сан мен сапалық көрсеткіштерді ескерген жөн. Сондай-ақ, саяси қозғалыстар мен ұмтылыстар бар жерде ұлт пайда болады деп білемін.


[1] Советская этнография. – 1986. –№1. – С. 4.

[2] Миклухо-Маклай Н.Н. Собр. соч. – М.-Л., 1953. –Т.4. – С. 424.

[3] Першиц А. И. Этнические общности и формационный процесс //Сов. этнография. – 1986. –№3. –С. 74.

[4] Арутюнов С.А. Классификационное пространство этнической типологии. //Сов. этнография. –1986. –№4. – С.62.

[5] Бұл да сонда. – С. 61-62.


Тағы рефераттар